Медицина • 30 Наурыз, 2022

Ханс Клюге: Қазақстан медициналық-санитарлық көмекті нығайтуда үлгі көрсетуде

212 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кейінгі уақытта жаһанды жайлаған пандемия, аласапыран оқиғалар медициналық-санитарлық алғашқы көмектің (МСАК) көкейкестілігі мен сапасын көтеруді күн тәртібіне қайта шығарды. Осы саланың мамандары болмаса, МСАК-қа қатысты Қазақстанда екі бірдей негізгі жаһандық декларация қабылданғанын көпшілік біле бермес. Мәселен, 1978 жылы мүше мемлекеттер қабылдаған Алматы декларациясы әлемде денсаулық сақтаудың дамуына игі ықпалын тигізсе, қырық жылдан кейін 2018 жылы МСАК жөніндегі жаһандық конференция алаңында ДДҰ-ға мүше мемлекеттер оның ізбасары – МСАК жөніндегі Астана декларациясын қабылдады.

Ханс Клюге: Қазақстан медициналық-санитарлық көмекті нығайтуда үлгі көрсетуде

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­­мының Еуропалық аймақтық бюро­сының басшысы Ханс Клюгенің Қазақ­станға арнайы келуінің мәнісі бар. 2016 жылы ДДҰ мен Қазақстан бірі­гіп, елімізде ДДҰ Еуропалық алғаш­қы медициналық-санитарлық көмек орталығын құрған болатын. Енді міне, араға алты жыл салып, ДДҰ Еуропалық бюросы мен Қазақстанның бірлескен әрекетінің қорытындысын шығаратын уақыт келді. Ханс Клюгенің осы сапарында ДДҰ-ның Қазақстандағы ме­ди­циналық­-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі Демонстрациялық платформасын құру көзделіп отыр. Айта ке­тер­­лігі, ДДҰ МСАК жүйесіндегі озық тәжірибелерді көрсету үшін үздік алаң ретінде Қазақстанды таңдады. Осы са­парда лауазымды тұлға Алматы об­лысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қала­сын­дағы ауылдық денсаулық сақтау ны­санын көрді. Доктор Ханс Клюге демонстрациялық платформа үлгісінде, әсіресе ауылдық денсаулық сақтауда МСАК-тың үздік тәжірибелерін ілге­рі­лету жөніндегі Қазақстанның күш-жі­ге­рі­не таңданысын білдірді.

«Елді мекендерде денсаулық сақтау қыз­меттеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету өте маңызды. Бұл – денсаулық сақ­тау­дың жаңа дәуірі. Ол тұрақты даму мақ­саттарына және ДДҰ Еуропалық бағ­дарламасына өте жақын», деді Ханс Клюге.

ДДҰ өкілі Қазақстанның меди­ци­на­лық-санитарлық алғашқы көмекті нығайтудағы тұжырымдамадан іс-қи­мыл­ға көшу жөніндегі мысалы МСАК ұлттық қызметтерін дамытуда басқа ел­дерге жәрдемдесуге бағышталғанын атап өтті. ДДҰ Еуропалық аймақтық бю­росының басшысы мен еліміздің Ден­­саулық сақтау министрі алдымен С.Ас­фендияров атындағы ҚазҰМУ сту­дент­терімен «Біздің денсаулық сақтау жүйеміздің болашағы: медициналық-санитарлық алғашқы көмек үшін бедел, құлшыныс, құзыреттілік» тақырыбында кездесу өткізді.

«Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көп ел ұмтылып отырған денсау­лық сақтау жүйесінің барлық мақсат­ына қол жеткізудің кілті. Яғни бұл – халықтың денсаулығын жақсарту, денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуға көшу, ауруларды асқындырмай анықтауға және емдеуге баса назар аудару арқылы теңсіздікті азайту, жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлім-жітімді азайту», деді мәртебелі мейман.

ДДҰ өңірлік бюросының директоры әлем тез өзгеретін кезеңде прогресс пен трансформациядағы жастардың жетекші рөлін ерекше атай келе: «Жастардың қатысуы қазіргі іс-әрекеттеріміздің ұр­пақ­тың болашақ қажеттіліктері және мақ­сат­тарға қол жеткізу мүмкіндігіне ке­­піл­дік береді. Бұл өз кезегінде, қа­уіп­сіз және әділ қоғамның негізі», деді.

А.Ғиният студенттерге Қазақстандағы медициналық алғашқы көмектің да­муы­ның негізгі кезеңдері туралы баяндады. Бүгінде МСАК ұйымдарында 12 мың­нан астам учаске жұмыс істесе, онда 9 мың жалпы практикалық дәрі­гер пациенттерді қабылдайды. Ден­сау­лық сақтау министрі 1998 жылы отба­сылық дәрігерлерді дайындау мен оны елде жаппай енгізу басталғанын, 2010 жылы МСАК-қа әлеуметтік және психологиялық қызметтерді енгізу үлкен жетістік болғанын еске түсірді. 2014 жылы патронаждық қызметтің әмбебап прогрессивті моделі, 2018 жылы созылмалы инфекциялық емес аурулары бар адамдарды қолдауға арналған ауру­­ларды басқарудың бағдарламалары енгі­зілген. Ведомство басшысының ай­туынша, бар­лық қолданыстағы және жа­ңадан қабыл­данатын шара халық­қа, оның ішінде шал­ғай ауыл тұр­ғын­да­рына медициналық қыз­мет­тер­­дің қол­жетімділігін қамта­ма­сыз етуі тиіс. Сон­дай-ақ елімізде герон­толо­гия­лық учаскелерді енгізу де жос­пар­лап отыр. Министр пандемия кезінде үлкен ауыртпалық МСАК деңгейіне түскенін еске салды. Медицина қыз­мет­керлерін материалдық қолдау мен дәрі­гер мамандығының мәртебесін арт­тырудың нақты шаралары туралы айта келе жыл сайынғы дәрігерлердің жалақысын арттыруды ескере отырып, 2023 жылы 550 мың теңгеге дейін ұлғайту қарастырылғанын, бұл экономика бойынша орташа жалақымен салыстырғанда 2,5 есе жоғары екендігін жеткізді. Сонымен қатар студенттерге арналған грант пен стипендия көле­мін арттыру, ауылдық жерге жұмыс істеуге келген медициналық жоғары оқу орын­да­рының түлектері үшін әлеуметтік па­кетті жақсарту мәселелерін қозғады. Ми­нистр кездесуді қорытындылай отырып, Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп, МСАК-тың денсаулық сақтау жүйесінің қызметтерін қамтамасыз етудегі жетекші вектор болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ ДДҰ Еуропалық аймақ­тық бюросы мен Қазақстанның алғаш­қы медициналық-санитарлық көмек саласындағы ынтымақтастыққа арналған дөңгелек үстел өтті. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанға да, әлемдік қоғамдастыққа да денсаулық сақ­таудың болашағы маңызды еке­нін атап өтті. Өйткені тұрақты даму сала­сындағы №3 мақсат барлық адам­ның денсаулығы мен әл-ауқатын нығайту қажеттілігін білдіреді. Ол ДДҰ елдік кең­сесінің Қазақстан Үкіметімен нәти­же­лі ынтымақтастығы туралы баян­дап, қоғамдық денсаулық сақтаудың өзек­ті мәселелерін шешуде техникалық, кон­сультациялық және әдіснамалық қол­дау­дың маңыздылығына тоқталды. Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымына пандемия кезінде медициналық құралдар мен жабдықтар, тесттер, ақпараттық материалдар, жеке қорғаныс құралдары түрінде көрсетілген техникалық және гуманитарлық көмек үшін алғысын біл­дір­ді.

А.Ғинияттың айтуын­ша, коронавируспен күрестің қиын кезеңдерінде ДДҰ қолдауымен ден­саулық сақтаудың 6 мыңдай ұлттық маманы оқытылған.

«Бүгінде денсаулық сақтау жүйесі емделушіге және адамдарға бағдарлануы тиіс. Біз мұндай модельдерді көреміз. МСАК жүйесі іс жүзінде пациенттерді ауруларды басқару бағдарламаларына тарту жағына қарай өзгереді, онда нау­қас пен дәрігер өз күш-жігерін бі­рік­­­тіреді. Бұл үшін мобильді қо­сым­ша­лар­ды, денсаулық жағдайын бақы­лау­ға арналған жабдықты пайдаланамыз. Біздің міндетіміз – пациенттер үшін өз хал-жағдайын дұрыс бақылауға, дәрігерлік та­ғайындауларды ұстануға ынталандыру», деді министр.

ДДҰ ЕАБ директоры Ханс Клюге соңғы екі жылда ДДҰ-ның алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөнін­де­гі Еуропалық орталығы өзінің жаңа тұжырымдамасын әлемнің өзгеріп жат­қан қажеттіліктеріне бейімдей оты­рып, өз жұмысының қарқынын едәуір арт­ты­руға қол жеткізгенін атады. Ал­ғаш­қы медициналық-санитарлық көмек ДДҰ-ның күн тәртібінде басты орында тұр. Пандемияға байланыс­ты Еуропаның бар­лық елі медициналық-сани­та­р­лық алғашқы көмектің бұрын­ғы­дан да ма­ңыз­ды екенін мойындады.

2020-2021 жылдары елімізде 93 ме­ди­циналық-санитарлық алғашқы көмек орталығы ашылған. Сонымен қатар 2025 жылға қарай 500-ге жуық МСАК нысанын салу және ашу жоспарда болса, оның ішінде 420-сы ауылдық жерде пайда болады. Сондай-ақ 350 МСАК нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Медициналық ұйымдарды қаржы­лан­ды­ру бірыңғай тарифтер жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

«ДДҰ-ның МСАК жөніндегі Еу­ро­па­лық ор­талығының соңғы екі жыл­да­ғы жұ­мыс нәтижелерін ұсынып отыр­ға­ны­мызға қуаныштымыз. COVID-19 пан­демиясы кезінде елдер ал­ғаш­қы ме­ди­циналық-санитарлық көмек­тің шынайы әлеуетін толығымен тү­сінді. Біз техникалық сараптамаға негізделген пан­демия кезіндегі елдердің іс-әре­кет­те­рі мен тұжырымдаған сабақ­та­рын жинақтап бірегей ресурстарға біріктіре алдық. Мысалы, аналитикалық шолулар, елдік шолулар, мүше-мемле­кет­терге арналған кеңестер, «Алғаш­қы ме­дициналық-санитарлық көмек тура­лы сөйлесейік» ток-шоуы, алғашқы ме­ди­циналық-санитарлық көмек жұ­мы­сын басқару бойын­ша тренингтер және тағы басқалары. Ор­талық еуропалық барлық 53 мүше-мемлекеттің алғашқы медициналық-сани­тарлық көмек жүйе­сін нығайтуға қол­дау көрсетеді және тех­никалық көмек көрсету үшін 20 елмен тығыз жұ­мыс істеп отыр», деді ДДҰ Еуро­палық орта­лы­ғы­ның алғаш­қы ме­ди­циналық-сани­тар­лық көмек жө­нін­дегі кеңсесінің басшысы Мелитта Якаб.

Ең бастысы, Қазақстан әлемге ал­ғаш­қы медициналық-санитарлық кө­мекті нығайтуда тұжырымдамадан әре­кетке көшудің үлгісін көрсетуде. Келе­сі міндет – басқа елдерге осы жетіс­тік­тер жөнінде білім мен тәжірибе алмасудан пайда алуын қамтамасыз ету. Доктор Ханс Клюге 2016 жылы ДДҰ мен Қазақстан бірлесіп ДДҰ Еуропалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығын құрғанын атап өтті. Кейінгі екі жылда жұмыс айтар­лық­тай қарқын алды.

«Біз аймақтағы 20-дан астам елге медициналық-санитарлық алғашқы көмекті нығайту мақсатында техникалық кеңес беру арқылы қолдау көрсетеміз. Саяси кеңестер береміз және елдер ара­­сындағы халықаралық алмасуды ұйым­дас­тырамыз. Орталықтың кейінгі екі жыл­дағы жұмысын қорытындылап, бір­лес­кен жұмысымызды әрі қарай қалай кү­шей­туге болатынын талқыладық. Ісі­міз­­ді ілгерілетуді қолдағаны үшін Қа­зақ­стан Үкіметіне алғысымды біл­ді­ре­мін­!», деді ол.

 

АЛМАТЫ