Қоғам • 30 Наурыз, 2022

Ай санау

1375 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ халқы бертінге дейін дәстүрлі ай санау тәсілін қолданып келді. Ол үшін ең алдымен айдың тууын қадағалайтын. Егер де жаңа туған айдың қос қиығы төмен қарай шаншылып, сауыры төңкеріліп туса «ай төңкерілді» дейді. Төңкерілген ай – малға жайлы, адамға қолайлы болады деп есептеп, алыс сапарға шығу, мал отарлату сияқты маңызды істерді жоспарлайды.

Ай санау

Егер айдың екі ұшы көкке қарай шаншылып шалқалап туса, бұл жамандық белгісі. Ай көп жағдайда жарты шеңберлі пошыммен қабырғалай туады. Толық қабырғалап тууса жақсы, егер сәл шалқақ болса, бұл айда қолайсыз күн көп деген сөз. Сәл еңкіш туса жақсылыққа жориды.

Мына суретте көріп отыр­ған­дарыңыздай, алғаш туған ай көрінбейді. Көрін­геннің өзінде жарты қияқтанып аңғарыл­май­ды. Сол себепті, көшпенділер алғаш туған айды көретін адамды, аңғарымпаз, сұңғылаға балаған. «Ай көрдім, аман көрдім, ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» деп бата жасаған.

Халық арасында «Айдың он бесі жарық, он бесі қараңғы» деген қағидат бар. Яғни жаңа туған айдың орағының ұлғаюын – айдың жаңасы деп атап, ары қарай жарты (суретте 8) шеңбер құрғанға дейін, «айдың бір жаңасы, екі жаңасы, үш жаңасы... жеті жаңасы» деп санап, одан кейінгі ай толғанға дейінгі бір апта, жеті күнді «айдың сегізі, тоғызы... он төрті» деп есептейді. Ал он бесі күні ай толады. Халық жырларында «толған айдай толықсып» дейтіні осы.

Көне көздердің айтуынша, ай толғанда үш күн (14, 15, 16) жерастындағы сулар көтеріліп, көл толқиды, құдықтардың суы көбейеді. Осы тұста мол суды қажет ететін шаруалар жоспарланып, толған ай жарық болатындықтан адамдар шілденің ми қайнатар ыстық күндері, ай жарық түнгі салқында сапарға шығады. Мұны қазақтар «айдың сүттей жарқырауы» дейді.

Он бесінде толған ай кетіліп кеми бастайды. Адамдар айдың кішірейуін «ескі айдың 16-шы, 17-ші жаңасы...» деп санай береді. Айдың осы бір фазалық өзгерісін күн­де көріп көзі қаныққан адам ешқандай қате­леспейді. Сондай-ақ, айдың кеш туатын кезін қазақтар «Айдың қорғалауы» дейді. Есте болатын бір дүние – ескі айдың 27-і жаңа­сынан кейін жаңа ай туғанға дейін 3 күн қараң­ғылықты «өліара» деп атайды.

Қазіргі дүние жүзі уақыт есептеу жүйесін – күн санау арқылы жүргізеді. Бұл бертінде еуропалық жылнамашылар енгізген тәсіл. Ал ай санаудың ерекшелігі жоғарыда атап өтке­ні­міздей айдың фазасы аса дәлдікпен тұ­рақты түрде өзгеретіндіктен соған қарап, қа­ра­пайым адамның өзі уақыт өлшемін мөл­шер­­лей алады.

Осындағы ай санау жайлы Құранның «Бақара» сүресінің 189-аятында «(Мұхаммед ғ.с) олар сенен жаңа туған айдың жағдайын сұрайды: «Ол адамдар және қажылық үшін уақыт белгілеуде» деп уақыт есептеуді ай өлшемімен жүргізуді үкім етсе, үлкен имам Бұхаридің хадис жинағында, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айды 29 немесе 30 күнмен өлшеп есептегені жайлы дерек бар. Осыған қарағанда, ежелгі мұсылман арабтар мен Ұлы дала тұрғыны қазақтардың уақыт есептеу үлгісі бірдей.