Өнер • 30 Наурыз, 2022

Рухты оятқан «Атамекен»

526 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адам бойындағы рухты оятатын му­зы­калық туындылар болады. Бірақ олар өте сирек. Сирек болса да бар, соның бірі – «Атамекен» әні. Осы әнді тыңдағанда бойыңызды ғажап бір күш билеп, ерекше сезімді бастан кешесіз. Алпыс екі тамырыңызда қан жүгіріп өткендей болады. Оны терең түсіну үшін тек қазақ болып туу керек шығар. Бұл – әсіре қызыл сөз емес, шыны сол. Екі қазақтың бірі шырқай жөнелетін тамаша туындының сөзін аса көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі, сазын белгілі композитор Ескендір Хасанғалиев жазған.

Рухты оятқан «Атамекен»

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бала күнімдегі бір оқиға есімнен кетпейді. Ән сабағынан беретін ағайымыз: «Үйден бір ән жаттап келіңдер?» деп тапсырма берді. Үйге келгесін қандай ән жаттарымды білмей әуреге түстім. Осы ойымды жоғары сынып­та оқитын тәтеме айтып едім, ол бірден «Ата­мекен» әнін айт, сөзі мен әні қандай төгіліп тұр, тез жатталады» деді де өзі шырқай жө­нел­ді. Мен бұрын бұл әнді естімеген едім, естісем де мән бермеген секілдімін. Маған оның ұнағаны соншалық, бірден жаттап алдым. Ертесіне ағайымның алдында шырқап, ән сабағынан «бес» алдым. Міне, содан бері де біраз жыл өтті, талай әндерді тыңдап, кейбіреуін ұнатып, айтып та жүрдім, бірақ олардың көбі уақыт өте ұмытылып қалды. Ал бала күнімде жаттаған «Атамекенді» жадымнан еш шығарған емеспін. Мұның сиқыры неде десек, біріншіден, әннің сөзі мен сазы үйлесіп, құйылып түскен табиғилығында бол­са, екіншіден, адамның Отанға, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігін тап баса білуінде.

Ұлт руханиятында есімдері алтын әріп­пен жазылған Қадыр Мырза Әлі мен Ес­кен­дір Хасанғалиев секілді екі ардақты тұлғаның шығармашылық байланысынан туған туындының тарихы өткен ғасырдың белесінен сыр тартады. 1970 жылы Қазақ КСР-нің құрылғанына 50 жыл толуына орай республика көлемінде осы маңызды мерекені жоғары деңгейде атап өтуге дайындық бас­талады. Қазақстан Үкімет басшыларының қатысуымен салтанатты концертке әзірлік жүргізіліп, онда туған ел, туған жерге байланысты, қысқасы, жоғарыдан отансүйгіштік тақырыпта әндер орындалсын деген тапсырма түседі. Осы кезде жиырма бір жасында жазған «Анаға сәлем» деген әнімен аналарды тебірентіп, көзіне жас алғызған талантты композитор Ескендір Хасанғалиевке ел мен жердің рухын асқақтатар ән жазуға ұсыныс айтылып, ол кісі оған тез кірісіп кетеді. Көп ұзамай шынайы толғаныстан музыка да туып, композитор оның сөзін жазуға, ойлы, парасатты өлеңдерін жұртшылық іздеп оқитын Қадыр Мырза Әліге қолқа салады. Алдымен шығарманың әуенін тыңдаған ақын әннің буынына лайық сөзін жазады. Осылай екі айтулы өнер иесі өмірге әкелген ғажайып туынды – әп дегеннен тыңдарман жүрегінен жол тапты. Ол жайында марқұм Ескендір ағамыз бір естелігінде: «Алматыдағы рес­публика сарайында Үкімет басшылары қатысқан Қазақ КСР-нің құрылғанына 50 жыл толуына орай үлкен мерекелік концерт өтіп жатты. «Атамекен» әнін айтудың да кезегі келеді. Бұл әнімді алғаш рет Нұрғали Нүсіпжановпен бірге симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындадым. Әнді орындап тұрып тыңдаушының жүрегін тербеп, көздеріне жас үйірілгенін сезгендей болдық. Әсіресе:

Қайда жүрсең, Атамекен

Көкейіңде жатады екен.

Күннің өзі ұясына

Қимай оны батады екен, − деп әннің соңғы қайырмасы айтылғанда халық ду көтеріліп, орындарынан тұрып кетті. Ұзақ уақыт елдің қол шапалағы тоқтамай тұрып алды», − деп айтыпты. Шынында да, «Күннің өзі ұясына, Қимай оны батады екен» дейтін екі шумаққа зер салсаңыз, содан туған елге деген асқақ ұғымды сезінесіз.

Осыдан кейін «Атамекен» әні бүкіл қазақ даласын шарлап кетті. Тіпті шет мемлекет­терге де танылды. Сол жылы Ескендір Ха­сан­ғалиев Қазақстанның өнер делегациясымен бірге Швеция еліне барып, Стокгольм шаһа­рында өткен концертте «Атамекенді» шыр­қағанда әншіге жергілікті халық үлкен қошемет білдіреді. Кеш аяқталғасын ән иесіне сонда тұратын қандас бауырлар келіп, әнді тың­дап, атажұртты сағынып, көздеріне жас алған екен.

1986 жылы Алматыда Кеңес өкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қар­сы шыққан қазақ жастары алаңға жи­нал­­ғанда Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақ­станымымен» бірге «Атамекенді» де шыр­қап, елдің рухын оятты. Сол кезде рес­публикалық теледидар мен радиодан «ұлтшылдықты насихаттайтын туынды, жойыңдар көзін» деп «Атамекен» әніне байланысты Мәскеуден бұйрық түскен. Осы жайында көрнекті сыншы, ғалым Шериаздан Елеукенов «Бар қазақты баураған ән» деген мақаласында: «Біраз үнсіз отырдық. Ақылдаса келе, қарекетсіздік тірі жанға қол емес деп ұйғар­дық. Бұға берсең, сұға береді. Мәс­кеу комиссиясын райдан қайтарудың ама­лын ойластырдық. ...Ескендірдің «Атаме­кен» әніне Мәскеу комиссиясының көзін алартқаны түсінікті. Өлең бір ұлттың, қазақ­тың мәртебесін көтереді. Енді бақсам, өлең­нің мен байқамаған қырлары бар екен. Қазақ және Атамекен ұғымдары – жұптас. Ата­мекен дегеніміз – туған еліңнің жері. Жер­ден айырылдың – бәрінен айырылдың деген сөз. Көңіліндегі көкейкесті күйін шерткен әуенді исі қазақ қалайша шырқамасын. «Ата­­мекеннің» алаңға жиналған жастардың «Елім-ай» атты қазақ халқының XVIII ғасыр басын­дағы Ұлы Отан соғысының басты әні­мен бір қатарда айтылуы тегін емес» деп жазады.

«Асыл арман», «Өмірімнің жазы», «Сағындым сені», «Бозторғайым» секілді 200-ге жуық ән, сонымен қоса романс, хорға арналған шығармалар, фильм мен музыкалық қойылымдарға жазған туындыларымен туған халқының сүйіспеншілігіне бөленген, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескендір ағамыз бір сұхбатында композитор ретінде «Анаға сәлем», «Әдемі-ау» және «Атамекен» атты үш әнімді ерекше жақын көремін депті.

Қазір «Атамекен» әні халқымыздың тұмарына айналып кетті, оны барша қазақ сүйіп тыңдайды. Осындай өшпес өнер тудырған екі алыптың рухына бас иесіз!