Үкімет • 31 Наурыз, 2022

Бірінші кезекте халықтың пікірі ескеріледі

336 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында Халықаралық түркі Академиясына қатысты келісім мақұлданды. Сондай-ақ отбасы институтын нығайтуға қатысты заң жобасы жұмысқа алынды.

Бірінші кезекте халықтың пікірі ескеріледі

«Құжат отбасылық саясат мәсе­лелері жөніндегі заңнаманы жетіл­діруге бағытталған. Мем­лекеттік отба­сылық саясат ұғымын ашу бойын­ша нормалар енгізілді. Үкіметтің, уәкілетті органның және жергілікті атқарушы орган­дардың құзыреттері нақтыланады. Мемлекеттік отбасылық саясат­ты іске асыру, тұрмыстық зор­­лық-зомбылықтың алдын алу мәсе­лелері бойынша мемле­кет­тік орган­дардың жан-жақты өзара іс-қимыл тетіктерін бекіту ұсы­нылады. Отбасын қолдау орта­лықтарын құру, отбасы тұр­мыстық қатынастар саласындағы статистикалық мониторинг енгізу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсету тәртібін реттеу көзделеді», деді баяндама жасаған депутат Жәмилә Нұрманбетова.

Заң жобасына қатысты Мә­жіліс Төрағасы Ерлан Қошанов та пікір білдірді. Спикер бұл заң жобасы былтыр да Мәжілісте қаралғанын еске салып, қоғамда қызу пікірталас туғыз­ғанына назар аударды. «Кейбір нор­маларға жұртшылық наразылық біл­дірді. Сондықтан заң жобасы кері қай­тарылып алынды. Енді, елдің пікірін ескере отырып, қайта пысықталған заң жобасын жұ­мысқа қабылдадық. Құжатта бір­қатар маңызды мәселе, норма бар. Сондықтан бұл жұмысқа мұқият қарауымыз керек. Жауапты комитет және жұмыс тобы осы мәселені қарағанда, кезінде осы заң жобасын сынаған азаматтарды шақырып, тағы да олардың пікірін тыңдап, ескеруге тиіс», деді Е.Қошанов.

Сондай-ақ жалпы отырыста «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Түркі академиясы арасындағы Түркі академиясын орналастырудың шарт­тары мен тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Бұл мәселе жөнінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндама жасады.

«Халықаралық Түркі акаде­мия­сын құру Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы өткен Түркітілдес мемлекеттер бас­шы­ларының IX саммитінде көте­рілген болатын. Содан кейін Түркі академиясы 2010 жылы Түркі әлемін зерттеу ғылыми орталығы ретінде жұмыс істеді. 2014 жылы халықаралық мәртебеге ие болды.

Академияның басты мақсаты – түркі тілдерін, әдебиетін және мәде­ниетін сақтауға, дамытуға және таны­мал етуге бағытталған түр­кология сала­сындағы зерттеу­лерді жүргізу. Қазіргі таңда ака­демияға мүшелікке Қазақ­­станнан басқа Қырғызстан, Әзер­бай­жан және Түркия елдері еніп отыр. Ал Ма­жарстан бақылаушы мәрте­­­б­е­сіне ие», деді Асхат Айма­ғам­бетов.

Ведомство басшысының ай­туынша, Академияның штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласын­да орналасқандықтан, келі­сім­нің мақсаты – елімізге жұмыс істеу кезеңіндегі Түркі академия­сының мәртебесін, оның артық­шы­лықтары мен иммунитеттерін айқындау. «Ака­демияда 17 адам жұмыс істейді. Оның ішінде екі қызметкері шетел аза­маттары. Келісім күшіне енгеннен кейін академияның жергілікті және шетелдік қызметкерлері Сыртқы іс­тер министрлігінде аккредиттеуден өтуге тиіс. Академия ғылыми-зерттеу жұ­мыстарымен, кітаптар мен журналдар шығарумен айналысады. Түркі елдерінің атақты ғалымдарына халықаралық форумдар мен конференциялар өткізуде, түркология бо­йынша ғылыми жұмыстар жүргізуде бүгінгі күні үлкен белсенділік танытып келеді. Түркітілдес мемлекеттер ұйымына қатысушы елдермен ынтымақтастықты нығайтудың және Қазақстанның түркі әлеміндегі рөлін арттырудың маңыздылығын назарға ала отырып, аталған заң жобасын қарастыруларыңызды сұраймын», деді министр.

Сонымен қатар отырыс ба­рысында биологиялық қауіп­сіздік туралы заң жобасы ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда мақұл­данды. Заң жобасы биоло­гиялық қауіпсіздік саласын құ­қықтық реттеу үшін және Пре­зи­денттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленген.

Депутаттар биологиялық қауіп­сіздік саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемле­кеттік органдардың тізбесін, олардың құзыреті мен өкілеттік­терін нақтылау, патогенді және өнеркәсіптік микроорганизм­дердің ұлттық коллекцияларын бюджет қаражаты есебінен қа­лып­тастыру, жүргізу және күтіп-ұстау бойынша орта­лық мемлекеттік органдардың өкілет­тіктерін бекіту сияқты басқа да бір­қатар тү­­зету енгізді. Айта кету керек, де­­путаттар биологиялық қауіп­сіз­дік ту­ралы заң жобасымен жұмыс­та 14 заң­на­малық актіге, оның ішінде 3 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

Отырыста Amanat партия­сы­ның тізімі бойынша Орталық сай­лау ко­миссиясының Қаулы­сымен Констан­тин Авершин Мәжіліс депутаты болып тіркеліп, ант берді. Сондай-ақ Константин Авершин Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік ко­митетінің құрамына сайланды.

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Мұхтар Ерманның өкілет­тігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылданды. Осы ретте Конс­титуцияның 57 және 58-баптарына сәйкес Палата Төр­ағасының ұсы­нуымен Парла­менттің әр Палатасы Орта­лық сайлау комиссиясының екі мүшесін қызметке тағайындай алады.

Осыған байланысты, Па­лата Төр­ағасы бұл қызметке Мұх­­тар Ерманның кандидатурасын ұсынып, Орталық сай­лау ко­миссиясының мүшесі қыз­метіне тағай­ындау туралы қаулы қабыл­­дады.

Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер бас­шыларына депутаттық сауалдарын жолдады. Депутат Ерлан Саиров Премьер-Ми­нистр­дің орын­басары Ералы Тоғ­жа­новқа жол­даған сауалында қазақ тілінің мәр­тебесін қозғады. «Қазіргі өте күрделі геосаяси жағдай елі­­міздің ішкі саясатының көп­те­ген аспектісін қайта қа­рау­ды талап етеді. Осынау терең мә­­селенің бірі тіл саясаты, оның ішінде мемлекеттік тілді үйрену проблематикасы. Мемлекеттік тілді үйрету, оған баулу ыждағатты түрде бола оты­рып, өзара сыйластық, бауыр­ластыққа әкелуі қажет. Мем­ле­кеттік тіл қоғамның ынтыма­ғы­ның, бірлігінің символына айналуы өзекті. Осы тұр­ғыда, мем­лекеттік тілді үйретудің бағ­дар­­ла­маларының тиімділігі, тіл үйре­ну­­шілерге нақты көмек жасауға қа­бі­леттілігі тұрғысынан аудит жүр­гізу өте маңызды», деді депутат.

Осы орайда мемлекеттік тіл­ді үй­ретуге бағытталған қаржы қайда, қалай жұмсалып жат­қанын анықтаудың маңызына тоқ­талды. Мемлекеттік тілді үйре­туге бағытталған оқу-үйрету бағ­дар­ламаларының тиімділігіне сараптама жасау қажет екенін жеткізді.

Депутат Фахриддин Қаратаев Премьер-Министрдің атына жолдаған сауалында ел өңірлерінде сапасыз салынған үйлерді тексеруді сұрады. Оның айтуынша, тұрғындар мемлекет тарапынан халыққа берілген тұрғын үйлер құрылысының сапасы нашарлығына наразылық білдірген. «Ондаған жылдар бойы кезек күтіп, баспанаға әрең қол жеткізген тұрғын­дардың өкпесі қара қазандай. Өйткені үйлерінің шатырынан су сорғалап, кірпіші құлаған, қабырғасы жарылып, көтеріліп, едені опырылған, сырты түсе бастаған. Облыстар бо­йынша сапасыз салынған үйлерден мы­сал келтірсек. Шымкент қала­сындағы «Тұран-2» және «Асар» шағынаудандарындағы тұр­ғындар тиісті мекемелерге шағымданып, нара­зылықтарын білдірді. Өскемен қаласында 2018 жылы салынған және 2020 жылғы бесқабатты тұрғын үйлер сапасы сын көтермейді. 2021 жылы маусымда Павлодарда құрылысы бітпеген төртқабатты үй құлаған. Кеше ғана 22 наурызда Нұр-Сұл­тан қаласында Sat City тұрғын үй кеше­нінің «С» блогында подъездің төбесі опырылып түсті. Құдайдың құдіре­тімен адамдар шығып үлгерген. Осын­дай фактілер басқа өңірінде де кездеседі», деді Ф.Қаратаев.

Депутат сапасыз үйлердің басым бөлігі «Нұрлы жер» және басқа да мем­лекеттік бағдарламалар аясын­да са­лынғанына және ипотека арқылы әлеу­меттік осал топтағы азамат­тарға бе­рілгеніне назар аударды. «Бастап­қыда құрылысқа беріл­ген кепілдеме ая­сында жөндеп беріп оты­ратын мер­дігерлер мерзім аяқтал­ған соң ат-тонын ала қашады. Өкі­ніш­ке қарай, атал­ған тұрғын үй кешен­дерінде қан­шама халық жанын шүберек­ке түйіп амалсыз өмір сүреді. Ертең осы үйлер құ­ласа бұған кім жауапты бол­мақ? Бұл – өте өзекті және кезек күттір­­мес үлкен мәселе. Жоғары­дағы мә­се­ленің өзектілігін ескеріп, рес­пуб­ликалық комиссия құруды, оның құ­рамына қоғам бел­сенділерін және тұр­ғын үй алу­шыларды енгізуді ұсына­мыз. Сонымен қатар барлық облыс­­тағы, қаладағы проблемалық тұрғын үйлерді қайта тексеруден өткізіп, үйлерде тұру қауіпсіздігін, апаттық дең­гейін анықтау керек», деді Ф.Қаратаев.

Депутат Аманғали Бердалин Қазақстанның ұн экспорты көлемінің төмендеуіне алаң­дау­шылық білдірді. Оның айтуынша, бұған басты себеп – импорттаушы елдердің (Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан) тарифтік емес реттеу шараларын және қазақстандық ұнның әкелінуін тежеу бойынша кедергілерді қолдануы.

Депутаттың айтуынша, ұн экспор­тының үштен екі бөлігі, яғни 1,152 миллион тоннасы Ау­ғанстанға жібе­ріледі. Оған қоса Ауғанстан Қазақстан астығын сатып алып, оны Өзбек­станға өңдеуге әкеліп, кейіннен толлинг­­тік операциялар аясында Ауған­­станға ұнды қайта экспорттайтын кө­рінеді. Осыған байланысты депутат бірқатар мәселеге Үкімет басшы­сының назарын аударды.

Гүлнар Бижанова ауылға бі­лікті мамандарды даярлауға қатыс­ты ұсы­ныс айтты. Депутат келтір­ген деректерге сүйенсек, жыл сайын мектептің 21 мыңға жуық түлегі кәсіби және жо­ғары оқу орындарына түсе алмай­ды. Нәтижесінде, жастардың бұл сана­ты жұмыссыздар мен марги­нал­дар­дың қатарын толықтырады. Олар­дың көпшілігі криминалдық және экс­тремистік топтардың ықпалына түседі.

«Қазіргі уақытта «Ауыл шаруа­шылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» бағыттары бойынша студенттерді қабылдауды конкурс нәтижесінде, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыратын барлық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары іске асырады. Осылайша, мамандарды даяр­лауды бейінді емес университеттер жүзеге асырады, бұл білім сапасына айтарлықтай әсер етеді.

Біз осы бағыттар бойынша бөлі­нетін мемлекеттік тапсырысты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, бейінді білім беру ұйымдарының арасында ғана квоталау мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Нысаналы орындарға ие бола отырып, жоғары оқу орындары мақсатты және алдын ала кәсіптік бағдар беру жұмысымен айналыса алады және ауылда жұмысқа орналасу перспективасымен дәл осы мүдделі жастарды қабылдай алады», деді Г.Бижанова.

Осы орайда депутат Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Е.Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында ерекше мәртебесі жоқ жоғары және жо­ға­ры оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары үшін магистранттарды оқытуға жұмсалатын орташа шығыс­тарды қайта қарауды ұсынды. Сон­дай-ақ оларды ерекше мәртебесі бар жо­ғары оқу орындарының магистрант­тары деңгейіне дейін арттыруға кеңес берді.

Бұдан кейін тағы да бірнеше депутат тиісті мекемелер басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады.