Пікір • 31 Наурыз, 2022

Қоғамдық тәртіпті бұзу – демократияның көрінісі емес

567 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауының ерекшелігі – қазақстандықтардың сұранысына сай болғанында және елдегі ахуалды толық ескергенінде жатыр.

Қоғамдық тәртіпті бұзу – демократияның көрінісі емес

Қайғылы қаңтар оқиғасынан кейін қоғамда көкейкесті сауалдар көп болды. Осы жолғы Жолдау сол сұрақтар­дың жауабы іспеттес. Ел Президенті билік тармақтарына, қоғамға Жаңа Қазақ­станды құру стратегиясы аясында саяси реформалардың кезекті топтамасын іске асыру бойынша бірқатар міндет қойды. Маңызды мақсаттарды айқындады. Атап айтқанда, өкілді билік тармақтарын қайта құру, сайлау жүйесін жетілдіру, құқық қорғау институттарын күшейту, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру сынды бастамалар көтерілді. Әсіресе атқарушы билік өкіл­деріне халықпен жиі кездесіп, қоғам­дық қабылдауларды тұрақты өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Жолдауда атап өткендей, «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстанымға сәйкес кез келген мәселе жергілікті жерде шешілуге тиіс. Мәселен, Маңғыстау өңірінде газ бағасына байланысты болған жағдайлар қайталанбауы үшін еңбек шарттарын жақсарту керек, шиеленісті мәселелер жергілікті жерде оң шешімін табуы керек. Бұл болашақта үлкен қақтығыстардың алдын алады.

Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Жаңаөзен қалаларында әскери бөлімдері бар. Батыстық ұландар өңірдің ішкі тыныштығы мен құқықтық тәртібін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Күн сайын жүздеген ұландық поли­ция қызметкерлерімен бірге аталған қала­­ларда қоғамдық қауіпсіздікті қада­ға­лайды. Тәулік бойы жауынгерлік қыз­мет атқарады. Сонымен қатар өңір­дегі қоғамдық-саяси және басқа да бұ­қаралық іс-шараларда құқықтық тәр­тіп­тің сақталуын қамтамасыз етеді. Сон­дықтан Президенттің бейбіт шерулер туралы айтқаны көңілімізден шықты. Тек саясат саласының өзінде оннан астам заң қабылданғанына қарап, қоғамда болып жатқан оң өзгерістердің ауқы­мы қандай екенін бағамдауға болады. Бейбіт митингтер жаппай тәртіпсіздікке ұласқанын және оның салдары қандай күрделі болғанын білеміз. Мем­лекеті­мізде құқықтық тәр­тіпті орна­ту арқы­лы Қазақстанның консти­туциялық құры­лымын, әр азаматтың құқығы мен бостандығын батыл қорғаған ұландықтар үшін бейбіт жиналыстар туралы заңның сақталуы маңызды. Атақты қолбасшы Бауыр­жан Момышұлы «Тәртіпке бағын­ған құл болмайды» деп айтқандай, заң үс­­темдігі салтанат құратын құқықтық мем­лекетте ғана даму мен өркендеу бола­ды. «Бәзбіреулердің жауапсыздығы мен бей­бастақ әрекеттері заңды сыйлайтын аза­мат­тарымыз үшін тым қымбатқа түсті. Заң бәріне ортақ, оған биліктегі азамат­тар да, қоғам белсенділері де бірдей бағы­нуға тиіс» деп Мемлекет басшысы бекер айтқан жоқ.

Еліміз даму жолында демократиялық өзгерістерге аяқ басуда. Қоғамдық тәртіпті бұзу, елдің шырқын кетіру – өркениетті демократияның көрінісі емес. Толеранттылық, жауапкершілік, өзара сыйластық, кеңесу, азшылықтың пікірі ескерілу арқылы көпшіліктің билік құруы – нақты демократиялық өзгерістердің алғышарты. Жаңа заң белсенді азаматтарға, оның ішінде оппо­зициялық көзқарастағы қоғам белсен­ділеріне еш кедергісіз шеру өткізуіне, сол жерде ой-пікірлерін емін-еркін айтуына мүмкіндік берді.

Елімізде жаңа саяси мәдениеттің тамыр жаюына, қоғамдағы өзара жауап­кер­шілік пен сенімнің артуына жол ашты. Солай десе де елді арандатқысы келе­тін, заңға бағынғысы келмейтін «мы­сық тілеу» адамдардың табылатыны өкі­ніш­ті. Оларға қатысты «Бұдан былай ешқан­дай жұмсақтық көрсетпейтінімізді мәлім­деймін. Басқа да заңдар сияқты бұл заңның талаптары да мүлтіксіз орын­далуға тиіс» деп нақты ескерту жасал­ды. Ұлт­тық ұлан әскері өзіне жүк­тел­ген мін­деттерге сәйкес мемле­кеттiң қа­уiпсiз­дiгiн қамтамасыз етуге, адам­ның және азаматтың құқықтары мен бос­­тан­дықтарын қылмыстық және өзге де құ­қық­қа қарсы қолсұғушылықтардан қор­ғау­ға, Қарулы Күштеріміздің Жоғар­ғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бастамаларына қолдау көрсе­тіп, жаңарған болашақты құруға бір адамдай атсалысуға дайын екенін айтқым келеді.

 

Қайрат ҮМБЕТОВ,

Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы,

Халық қаһарманы және «Отан» орденінің иегері, полковник