Бірақ осы орайда тағы бір облыс назардан тыс қалды. Ол – биыл 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатқан рухани көсеміміз Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған бұрынғы Торғай облысы. Киелі Торғай өлкесінің де қайта түлейтін, талықсыған тамырына қан жүгіртіп жеке облыс болып құрылып, Қостанайдан еншісін алып шығатын сәті алыс емес деген үміттеміз.
Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың атын беру орынды ұсыныс. Бұл тұлғаға қандай құрмет көрсетілсе де халық қолдайды.
Енді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында қамтылған бірқатар мәселеге қысқаша тоқтала кетейін.
Осыдан былай суперпрезиденттік республикалық жүйеден түпкілікті алшақтайтын болдық. Яғни енді парламенттік жүйеге толық ауысу үдерісі басталады. Одан қорқатын еш себеп жоқ. Бұл – өркениетті мемлекеттерге тән үрдіс. Бұл жүйеге ауысу мәселесі қоғам тарапынан сан мәрте қозғалған болатын.
Жолдаудың тағы бір тарихи сипатқа ие тұсы – Президенттің жақын туыстарына маңызды қызмет атқаруға тыйым салуы. Иә, жасыратыны жоқ, бұған дейін билік басына жиналған белгілі бір топтардың елді етектен тартып келгені рас. Мемлекет басшысы бұл мәселеге түбегейлі нүкте қойды.
Президент бұдан былай ешқандай партиялардың мүшесі болмайды және аудан мен ауылдық округ әкімдерін қызметінен босата алмайды. Яғни бұл жерде өзіне Ата заңмен жүктелген міндеттерді ғана орындайды. Алда болатын сайлауларда бұра тарту, жалған дауыс жинау дегендерге жол берілмейді.
Сонымен қатар Президент енді облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін мәслихаттың келісімімен тек балама негізде тағайындайтын болады. Бұған дейін Мемлекет басшысы өзінің көңіліне жаққан адамды осы қызметке тағайындап, мәслихаттың «батасын» ғана алатын. Ендігі кезекте осынау жауапты қызметке тағайындалатын адамдардың саны 2 үміткерден кем болмауы керек. Жергілікті мәслихаттың сынынан өтіп, үмітін ақтайтын адам ғана осы орынтаққа жайғаспақ.
Енді жергілікті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарының төрағасы болуына заңнамалық тыйым салынбақ.
Ұлттық құрылтай құру. Ол Үкімет пен халық арасындағы байланыстырушы буын болады. Елдегі өзекті мәселелер осы жиын аясында шешіледі.
Оның сыртында, Жолдауда БАҚ туралы жаңа заңды әзірлеу және қабылдау, журналистердің көлеңкелі төлемдер үшін сырттан тапсырыс бойынша жұмыс істемеуі және саяси кландардың жасырын күресіне қатыспауы керектігі туралы айтылды.
Қорыта айтқанда, Президент Жолдауы Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған батыл қадамдар мен тарихи шешімдерді айқындап берген маңызды тұғырнама. Осы маңызды құжатта айқындалған міндеттерді іске асыра білсек, келешек кемел болмақ.
Мешіт ҒАЗИЗҰЛЫ,
Қостанай аудандық мәслихатының депутаты
Қостанай облысы