Қоғам • 01 Сәуір, 2022

Әуелгі мәселе – тұрақты жұмыс

343 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысының қазақстандықтардың табысын арттыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру барысы туралы баяндады.

Әуелгі мәселе – тұрақты жұмыс

Бүгінде тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі Үкіметтің бірінші кезектегі міндеті саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына бірқатар айқын міндеттерді қойған болатын.

– Биыл Президент «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысу кезеңі мен осы жобаларға қатысушылардың жалақысын арттыру, сондай-ақ бизнес-идеяларды дамыту үшін грант мөлшерін 400 АЕК-ке дейін ұлғайтуды тапсырды. Сондай-ақ Президенттің өңірлерде жыл сайын 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын құру тапсырмасы бар. Халық санының өсуін ескере отырып, негізінен 2025 жылға дейін 780 мың жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Мемлекет басшысы өңірлік жұмыспен қамту карталары арқылы жұмыс орындарын құру мониторингін қамтамасыз етуді тапсырды. 2020 жылдан бастап ұстаздардың жалақысы кезең-кезеңмен арта бастады. 2021 жылдан бері медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы көтерілді. Нәтижесінде, 2023 жылға қарай олардың жалақысы 2 есеге артады. Ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 41%-ға өсті. Осылайша, 1 млн 650 мың адамның табысы арта түсті, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде 2022 жылғы ақпанда аталған ведомство тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізді. Осылайша, «Жастар практикасына қатысу кезеңі 6 айдан 12 айға дейін, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 12-ден 18 айға дейін ұзартылды.

– Жастар практикасына қатысу­шы­лардың жалақысы 20%-ға, яғни 25-тен 30 АЕК-ке дейін, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысушылардың жалақысы 50%-ға, яғни 20-дан 30 АЕК-ке дейін өсті. Ол 90 мың теңге көлеміндегі қаражат. Бұл мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы. Сонымен қатар жұмыс беруші қосымша төлем жасаса, бұл көрсеткіш 100 мың теңгеден асуы мүмкін. Сондай-ақ жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грант мөлшері 200-ден 400 АЕК-ке, яғни 1,2 млн теңгеге дейін 2 есеге ұлғайды, – деді Е.Біржанов.

2021 жылғы қазанда Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес жоба­лық басқару жүйесін енгізе отырып, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жаңа Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба ретінде қайта форматталды. Жоба бойынша өңірлерде жаңа жұмыс орындары құрылып, жыл сайын 700 мың адамды жұмысқа жәрдемдесу шараларымен тарту көзделді.

– Соның ішінде 36 мың адам кәсіптік оқытумен қамтылады. 50 мың адамға кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу бойынша қолдау шаралары көрсетіледі. 97,6 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылады. Биылғы 2 айдың қорытындысы бойынша 115,6 мың адам осы шараларға тартылды. Соның ішінде 31,6 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. 36,4 мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылды. Бұл – мемлекет тарапынан қаржыландырылатын жұмыс. 8 мың адам әлеуметтік орындарға жұмысқа тартылды. 3,3 мың адам жастар практикасына, ал 326 адам «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары аясында жұмысқа орналастырылды, – деді спикер.

Еңбек министрлігі халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру жөніндегі бағдарлама шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамтуға жәр­демдесу, еңбек ресурстарының дағды­ларын жетілдіру және жастарды кәсіп­тік бағдарлау жұмысын қолға алып келе­ді. Бағдарламаның 38 іс-шарасы ведом­ствоның қатысуымен іске асады. Соның 17-ін министрлік тікелей жүзеге асырады.

– Бірінші кезекте іс-шаралар жұмыс орындарын құруға және өзін өзі жұмыспен қамтыған адамдарды көлеңкеден шыға­руға бағытталды. Бүгінде қызмет көрсету саласында 900 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олардың бір бөлігі заңнан тыс қызмет көрсетеді. Яғни олар көбінесе бір реттік қызмет көрсетіп, көп жағдайда тапсырыс берушіден қорғалмайды. Бұл ретте біз «Платформалық жұмыспен қамту» атты бағдарламалық өнімді жасап шы­ғардық. Бүгінде бұл бағдарлама тес­тілеу­ден өтіп жатыр. Биыл енгізілетін бола­ды. Бұл мысалы, үй тазарту, қорғау, азық-түлік жеткізу сияқты қызмет көрсе­­тетін адамдарға осы қосымшада тірке­ліп, тез әрі ыңғайлы тапсырыс табуға мүм­кіндік береді. Қосымшада тарап­тардың құқықтары мен міндеттері, орындау­шы­ның еңбек құқықтарын қорғау көзделе­тін қысқартылған шарт көзделеді. Бұл көлең­кедегі адамдарға кәсіпкерлік ортаны қа­лыпты деңгейге шығаруға және аударуға мүмкіндік береді. Осылайша, олар оңай тіркеліп, салық төлей алады», деді спикер.

Сондай-ақ 3-ші және 4-ші санат бо­йынша шетелдік жұмыс күшін тартуға квота 4,7 мың адамға қысқартылады. Бұл шаралар халықтың жұмыспен қамтылу дең­гейін арттыруға әрі ішкі еңбек нары­ғын қорғауға мүмкіндік береді.