15 Мамыр, 2010

НЕОМИФОЛОГИЯНЫҢ “КӨПҚАБАТТЫ” ҚҰПИЯСЫ

908 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазіргі кезде отандық гуманитарлық ғылымда ерекше оқиғаларға, құбылыстарға, зерттеу нысанынан тысқарылау қалған мәселелерге ден қою көзге түседі. Солардың ішінде көркемдік қырлардың байырғы үлгілеріне, бел­­­гілеріне назар салу, олардың пайда болу генезисіне жан-жақты зерттеу жа­сау байқалып, байырғы жанр – поэзияға қатысты сан салалы еңбектер жа­рық көруде. Бұл халқымыздың сөз өнері ішіндегі поэзияның көне дәстүрді бойы­на жиған, үнемі даму, жетілу үстіндегі әрі қоғамдағы өзгерістерді бірден қабылдап, шапшаң үн қоса білетін сергек жанр болуымен түсіндірілсе керек. Осы ретте ғалым Ж.Аймұхамбетованың “Мифтің поэтикадағы қызметі (Қазіргі қазақ поэзиясы арқауында) Алматы: Жазушы, 2010) монографиясын атауға болады. Кез келген нақты архаикалық (көне) миф қазіргі кезде эстети­каның элементіне айналады. Оның орнын сезім, білім және әрекет басып, олар өз кезегінде дүние­танымның парадигмалық сипатын қабылдайды: яғни, қазіргі заманғы көне миф бір мезгілде өткенді танудың құралы ретінде де, екінші жағынан қазіргіні танудың әдісна­малық базасы да бола алады. Көркем мәтін – суреткердің шы­ғармашылық актісі, ол өзінің дүниетанымынан белгілер білімін, концепті мен қоршаған ортаның бей­несін өткізіп, ойдағы дүние­лер­дің бәрі басқаша сипат алатын өз­геше шынайылықтың жаңа шегіне жетеді. Мәтінде берілетін көркем бейненің көп қырлылығы көпшілік жағдайда көркемдік сананың бе­рілу түріне байланысты. Зерт­теуде қа­зіргі қазақ поэзия­сын­дағы миф­тің қызметі жан-жақты сара­лана­ды. Автор мифтің бастау, негіз­дерін әде­биет пен мифтің сабақ­тастығын, көне танымның адам­зат санасын­дағы орнын тео­рия­лық жағынан не­гіздеу үстінде, әлемдік мифтің ар­на­ларын сара­лап, оған бай­ла­нысты әр кезеңде айтылған мифке қатысты пікір, тұжы­рым­дарды зер­де­лейді. Мифке қатысты шетелдік, отандық әде­биет­та­ну­шылардың ой-пікірлерін, жаңаша пайымдауларын жинақтап, өзара үндес немесе алшақ айтыл­ған тұжырымдарды қорытып, дәй­ек­теп береді. Сөйтіп, әлемдік әде­биетте ортақ құбылыс саналған миф ұғымының (моде­лінің) ма­ңы­зын ашады. Автор мифтің әдебиеттегі ағым-бағыттармен сабақтастығын орыс, қазақ поэзиясы (А.Ахматова, Н.Гу­ми­лев, О.Мандельштам, М.Жұма­баев, Б.Күлеев) арқылы негіздей оты­рып, бұл әдебиет өкілдерінің поэ­зия арнасын көркемдік тұрғыда ке­ңейткендігін тұжырымдайды. Қа­зақ поэзиясындағы осы уақытқа дей­ін дәстүрлі (немесе дағдылы) тал­дау өзегіне алынып келе жатқан мә­селелерді зерттеуші жаңаша зер­де­леп, тың ойлар айтады. Мәселен, поэ­зиядағы жыл мезеттері, жара­ты­лыс құбылысы мен оның жекелеген көріністері, аң мен құс, лирикалық бейне, діни, мифологиялық сюжет проблемалары ғалымның зерттеуін­де жаңаша теориялық-әдіснамалық бағытта талданып, мәтіндік (Ж.Нә­жімеденов, Ұ.Есдәулет, Е.Рауша­нов, Г.Салықбай т.б.) дәлелдермен тиянақталады. Автор қазақ поэзия­сындағы мифтің поэтикалық қыз­ме­тін зерттеу үстінде жаңаша тұ­жырымдар жасап, ғылыми айна­лыс­қа енгізген. Атап айтқанда, адам-қоғам-табиғат байланысын бейнелеуде, “ішкі әлемді” ашуда, жыл мезгілдерінің жаңа тұрпатын суреттеуде, табиғатты “адамилан­ды­руда”, діни хикаят сюжеттерін­дегі миф көрінісін беруде, көркем­дік кеңістікті игеруде, постмодер­низмнің негізін қалыптастыруда мифтің атқаратын қызметін қи­сын­ды, дәлелді түсіндірілген. Қазақ поэзиясын танып-таразылауда жа­ңа­ша теориялық қолданыс (кон­цеп­туализм, метареализм, трансли­ризм, мифологем) енгізіп, қазіргі филологиялық ғылымда дәйектеле бастаған ұғымдарды қазақ поэзия­сында орнықтырады, жаңа да не­гізді концепциялар ұсынады. Мә­селен, ғалым мәтіндегі мифоло­гем­ді талдау барысында ең алдымен, адам санасының көне бастауға ұм­тылушылығын зерделей отырып, миф­тің рөліне тек тар мағына­сын­дағы мифология ғана емес, со­ны­мен бірге тарихи аңыздар, тұр­мыс­тық мифтер, алдыңғы кезеңдердегі тарихи-мәдени шындықтар, көне мәтіндер кірістірілетіндігін, осы­лайша, көркем мифологизм дербес сипатты да, тарихи шындықты да тасымалдайтындығын айтады. Ми­фологемдер шындықты ерекшелей көрудің механизмі бола отырып, метафораға жақындайды, алайда екеуі белгілі бір әлеуметтік ерек­шелік тұрғысынан ажыратылады. Көркем мәтінде мифологемнің пай­да болуы шындықтан тыс ойлау­дың негізінде мифологиялық тә­сіл арқылы мифологиялық-сим­вол­дық кеңістікте игерілген жағ­дайға байланысты. Мәтінде мифо­логем “уақыттан тыс мәселе”, яғни, сол сәтте қоғамда құндылығы әлі бей­мәлім құпияны сақтаушы бо­лып табылады. Мифологемге деген қажеттілік адамның санасында кө­ненің белгісі, сұлбасы тереңдей сақ­талып, жету үшін керек. Осы тұ­жырымды зерттеуші қазақ поэзия­сындағы ұлттық таныммен, көр­кем­дік қабылдаумен қисынды сабақтастырған. Алдағы зерттеу еңбектеріне тың бағыт сілтейтін, жаңаша бір көз­қарас, пікір жаңалығын әкелген бұл еңбек қазақ поэзиясының ғылыми өрісін кеңейте түскен. Бұл зерттеуді филологтарға, әдебиеттанушыларға, поэзия жанрын зерттеушілерге жаңа бағдар танытатын маңызды еңбек деп санаймыз. Құныпия АЛПЫСБАЕВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы.