Қызылорда облысы Қазалы ауданында жуырда дүниеге келген үшемдердің үй іші қазіргі күндері түгелімен ауруханада тұрып жатыр.
Басында бәрі жақсы басталыпты. Үш бірдей нәрестенің келгеніне өз қуанышын қоса білдірген облыс әкімі бұл отбасына темір тұлпар сыйға тартыпты. Бұдан бөлек, аудан әкімдігі кәсіпкерлердің басын қосып, ақшалай жәрдем жасаған көрінеді.
Бірақ бір сәтте үш бірдей ұлды бола қалған отбасының маңдай тіреп баратын үйлері жоқ екен. Олар қазір әзірге бел жазып, аяқ созып отыратын отаулары болмағандықтан, аудандағы теміржол ауруханасына барып тұрақтаған. Осы емдеу орнының басшылығы олардың жай-күйін білген соң қарауына алған. Ал бір ай бұрын ғана жұмысқа орналасқан нәрестелердің әкесі алатын еңбекақы пәтер жалдауға да жетпейтін сияқты.
Перзентханадан шыққалы әр жерде көшіп-қонып жүргенде Диас, Мирас және Манас есімді бөбектер салқын тиіп, ауырып қалғанын анасы Кенжегүл Ембергенова айтты.
«Тұрып жатқан пәтеріміз салқындау болды. Жағдай жоқ. Содан да болған шығар, балалар шамалы ауырып қалды. Күйеуім осы 1 айдай бұрын жұмысқа орналасты. Өзінің мамандығы бойынша ветеринария саласында. Бірақ, оның айлығы балаларды қамтамасыз етуге жетіңкіремейді. Мен – жұмыссызбын», – деді үшемнің анасы Кенжегүл Ембергенова.
Қазалы теміржол ауруханасының бас дәрігері Құбыл Ршымбетовтің айтуынша, соңғы кезде кішкене қиындықтар туындап, дәрігерлер балаларды ауруханада ұстап отыр. Жағдайлары жаман емес. Сәбилер күнделікті бақылауда болады.
Құрыш НҰРЫМБЕТ.