Оқиға • 01 Сәуір, 2022

Елордада эпидбақылау қызметкері сотталды

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласы «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК филиалының қызметкері 8 жылға сотталды. Ол қоғамдық тамақтану орындарынан ақша алып келген, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Елордада эпидбақылау қызметкері сотталды

«30 наурызда Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының №2 аудандық сотымен Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК филиалының қызметкеріне қатысты 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғаны жайында үкім жарияланды.

Ол Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлік субъектілерінен қоғамдық тамақтану саласында ақша қаражатын алу фактісі бойынша, пандемия кезеңінде әкімшілік жауапкершіліктен жалтарғаны үшін кінәлі деп танылды», делінген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз хабарламасында.

Үкімді жариялау сотталушы ұжымының, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қызметкерлерінің қатысуымен бейнеконференцбайланыс арқылы өтті.

2021 жылдан бастап алдын алу шарасы ретінде қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасады деп айыпталған мемлекеттік қызметкерлер ұжымдарының сот отырыстарына қатысу практикасы енгізілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.