15 Мамыр, 2010

ҚАЗАҒЫҢА КЕРЕК ЕДІҢ, БАУЫРЫМ

1074 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Бауырым Дәлелхан Камал­­бекұлы жайлы айту маған оңай емес. Тура көздеп келген қапыл қаза жаны жайсаң, ақылы байтақ алтынымнан көз жаздырып кетті. Ол қай істе де қаймана қазағына тартқан ақ көйлек азамат еді. Бұл сөзді мен ғана емес, оны біле­тін­дердің, көзі көріп, қызметтес бол­ған­дардың бәрі айтады. Ақ­жар­қын, ақ көңілімен айналасына шуақ шашып тұратын Дәлелхан бауырымның әрбір іс-әрекетінде үлкен бір сыр жатқандай, терең­дік бардай болатын. Өмірінің қай кезеңінде болмасын ол осалдық танытқан жоқ. Үнемі алға ұмты­лып, еліне, халқына адал қызмет атқара білді. Өткен жылдың қара­ша айында мезгілсіз дүниеден оз­ған Қазақстан полициясының қызметкері, Ішкі істер министрлі­гінің Есірткі бизнесіне қарсы кү­рес комитеті төрағасының орын­ба­сары, полиция полковнигі Дә­лел­хан Сабуровтың ішкі істер ор­гандарына сіңірген еңбегін өз әріптестері де жоғары бағалап, азаматты қастер тұтатындығына көзіміз жетті. Ішкі істер саласындағы қызметін ол Семейдегі Аягөз аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі болып бас­тады. Осы Семей өңірінде ширек ғасырға жуық үзбей еңбек етіп, қарапайым тергеушіден облыстық басқарма бастығының орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. Ал 1997 жылдан бастап Астана қаласында ел игілігі жолында құқық қорғау саласында еңбек етті. Еліміздің тыныштығын қорғайтын ішкі істер органдарында 35 жылдан астам қызмет атқарған Дәлелхан Камалбекұлы өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, ұжымды және жұмысты шеберлікпен ұйымдастыра білетін. Сондықтан да оған ішкі істер органдарының аса жауаптылықты, біліктілік пен білгірлікті, көрегендікті талап ететін тұтқалы лауазымдары сеніп тапсырылатын. Бұған дәлел оның Ақмола қаласы бойынша МТК департаментінің бастығы, ІІМ Ішкі әскерлері Әскери полициясы бас басқармасының басқарма бастығы, Әскери полиция департаментінің бастығы, Әскери-тергеу полиция департаментінің бастығы, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы лауазымдарын мін келтірмей, үлкен жауапкершілікпен атқаруы дер едік. Осы орайда қаншама марапаттарға ие болып жатқанына риясыз қуанатын едік. Қазақ дәстүрінде өмірге келген балаға ат қоюдың өте жауапты екені белгілі. Әкем өзі де әскери адам болғандықтан, осы ұлының есімін қазақтың тұңғыш генералы Дәлелхан Сүгірбаевтың құрметіне Дәлелхан деп қойып еді. Қамалдар көп бұзып әлі сен алар, Уақыт өтер, заман түлеп жаңарар. Бола білген ардақтысы халқының, Бұл Дәлелхан – болашақта генерал, – деп бағалап еді сыныптасы айтыскер ақын Сембай Жансақов. Әке ырымы қырын кетпей, тірі болса ерлігімен ерекше­леніп генералдыққа да жетер еді-ау... Дәлелханның бойында ерекше ізгі қасиеттер көп болатын. Өз басым үлкен әпкесі ретінде отбасында қандай да бір істі тындыруда оның қолдауын көп көрдім. Қандай істе болса да Дәлелхан ақылдасым, сырласым еді. Қиналғанда, қамыққанда жан дүниемді ішкі бар болмысымен түсінуші еді. Институт бітіріп ауылға келгенде әке-шешемнің отырған үйінің төбесін бір жазда тас-талқанын шығарып ашып тастап, жаңадан 2-3 бөлме қосып, үлкен 8 бөлмелі үй салуға ұйытқы болған да Дәлелхан еді. Өзі студент болып жүріп Қарағандыға тетелес сүйікті қарындасы Гүлсімді алып кетіп, өзі тәрбиеледі. Сол Гүлсім әрқашан да қамқорлығында болды. Өмірінің ақырына дейін соған алаңдаумен өтті. Бауырларымның ішіндегі ерекше жарқыраған жұлдыздай болған Дәлелхан бүкіл інілеріне, қарындастарына үлгі-өнеге болды. “Туған жердің қадірін алыс кетсең білерсің”, – деп Майлықожа бабамыздың термесінде айтылғандай, Дәкең асқақ Алтайын, шұрайлы Шығысын, ерке де сылқым Ертісін, өзіне өте ыстық көркем Көкжырасын күнделікті есіне алып, аузынан тастамайтын. Көбіне ауылының жайына алаңдап, “қайтсем қажетіне жараймын” деген ой құшағында жүретін. Осындайда оның үнемі “Туған жерге туыңды тік” деген аталы сөзді айтып жүретіні ойға оралады. Ол – өз туын туған жеріне тіккен азамат. Ауылда жұмыссыз жүрген жастарға жаны ауырып, “жұмыссыздықтың салдарынан жаман әдеттермен айналысып кетеді-ау” деген қауіп­пен саламатты өмір салтына бағыттауға күш салды. Өз есебінен футбол турнирін жиі өткізуді дәстүрге айналдырды. Тек Көкжыраның ғана емес, бүкіл Тарбағатай ауданының оқу бөлімі, спорт комитеттері қолдау көрсетіп, туған өлкесінің допқұмар қауымынан сан рет алғыс алды, үлкендері риза­шылықпен ақ батасын берді. Жастардың патриоттық сезімдерін шыңдап, отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге, сондай-ақ шымыр да шыңдалған нағыз намысқой азамат болып ержетулеріне аз да болса септігін тигізгенге шүкіршілік етіп, осы ретте қолдау көрсеткендерге риза болатын, бірақ өзі тоқмейілсуден аулақ еді. “Тілге құрмет – елге құрмет” екенін жақсы түсінген Дәлелханның іс-әрекетінен ана тіліне деген сүйіспеншілігі, халқымыздың ұлттық құндылықтарын қадірлей білуі көрініс табатын. Семей қаласында қазақ мектептері аз болса да өз балаларын таза қазақ мектебіне берді, сабақтарын өзі үнемі қадағалап отырды. Оның ылғи айтып жүретін: “Қазақ тілін біл деп мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Қазақпын деген әр адамның жүрегінде өз тіліне деген құрметі болуы керек. Ол анасына деген сүйіспеншілігімен бірдей емес пе. Тек соны жастарымыз ұғып, түсінсе болды. Олар өздері ұмтылып, алдарына мақсат қойып, ана тілінің қыр-сырын терең меңгеруі керек емес пе” деген сөздері қасындағы көп адамдарға ой тастағаны белгілі. Дәлелхан кезінде Шығыс Қазақстан облысынан депутаттыққа үміткер болып түскенінде халықтың оны сыйлайтынына көзіміз жете түсіп еді. Сонда оның Ырғызбай ата кесенесіне көмек­тескені, мешіт салдырғаны, мек­теп­терді жөн­деуде тындырған жұ­мыстары туралы бұрынғы Ақсуат, қазіргі Тарбағатай ауданының тұрғын­дары айрықша жылы ле­біз­дерін білдіріп жатты. Дәлелхан сол жолы депутат болмаса да біз оның еліне ардақты, халқына қа­лаулы екенін, туған жерін сүйген асыл азаматтың жарқын тұлғасын елі танитынын білдік. Бір бұл ғана емес, Қызылорда облысында Тө­легетай бабаның басын қарай­туға басшылық жасап, Астанада Қа­ра­керей Қабанбай батырдың кесе­не­сін тұрғызуға ат салысуы аза­мат­ты­­ғының бір сарасына жатады. Аз ғұмырында бедерлі із қалдыра біл­ген аяулы бейне кімнің де болсын жүрегінен орын алатыны сөзсіз. Генерал Мұрат Қалматаев ағамыз­дың: “Бұл қай­ғының орны тол­май­ды, мен көп­тен жыламап едім, Дәлелхан қа­засын естігенде көз жасымды тыя алмадым. Бәрімізге керек азамат еді. Жарқылдаған бей­­несі мәңгі есімізде болмақ”, деп асында сөйлеген сөзі кімге де болса ой тастары сөзсіз. Дәлелхан өз мамандығы – заң саласы бойынша білімді маман бола жүріп, білікті басшылыққа, ұтқыр ұйымдастырушы дәрежелеріне қол жеткізген жан. Істің ығытын тауып, жұмысына жауапкершілікпен қарай жүріп, қолы қалт етсе, туған еліне қарай жол тартатын. Жерлестерінің мұң-мұқтажы мен талап-тілектерін ескеріп, нақты іс жүзінде көмек көрсетілуіне ықпал етті. Еңбегі еленіп, жұртшылық облыстық мәслихаттың депутаты, заң және құқықтық тәртіпті сақтау және ауылдық жерлер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы етіп сайлаған кезең тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен тұспа-тұс келді. Ауыл жағдайы аса мәз емес-тін. Отын-сусыз қалған мектептердің жағдайы тым төмен, бала-шағаның киім-кешегі тапшы, жұмысшының жалақысы, қарттардың зейнетақылары, балалардың жәрдемақысы айлап-жылдап берілмей, жұрт қолда барды талғажау етіп күн көрген кезеңде облыстық мәслихат депутаты ретінде елге көп қолғабыс етті. Өзі елі жайлы егжей-тегжейлі білетінін осы жолғы істерімен дәлелдеп, қаншама адамдардың ыстық ықыласына бөленді. Ауылдың шынайы өмірінің, ауыр тұрмыс-тіршілігінің тынысын жүрегімен сезіп, қолдан келгенше қам-қарекет қылды. Атап айтсам, мектепке жету мұң болып отырған жалаңаяқ шәкірттер мен тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арнап Алматыдан 2 млн. теңгенің аяқ киімін алдырып, тегін үлестіріп берді. “Қуантсаң баланы қуант, қуаттансын”, – деп бала жүзіне қуаныш ұялатқаны, “Қарғыс алма, алғыс ал” деген даналық сөзге сәйкес ата-аналар мен ауыл ақсақалдарынан алғыс алуы – азаматтығы еді. Дәлелхан ата-баба рухына тағзым етуді тірлігіндегі ең басты парызы санайтын. Туған анам Күлтәйдің түсінде екі батыр аталары Сексенбай мен Егізбай: “Жаурап жүрміз, балам, жылыту тек сенің қолыңнан келеді”, – деп келген екен. Сол жолы да Дәлелхан анамның тілегін орындап, қос бабасының басына көрнекті мазар тұрғызып, Құран оқытып, ас берген болатын. Қызмет бабындағы Дәлелхан – тәуелсіз еліміздің ертеңі үшін үнемі алаң жүректі болса, халқымыздың тарихын терең білетін парасатымен танылса, отба­сындағы әке Дәлелханды мен өз әкеме ұқсатамын. Ұлдары Бауыржан, Қанатжан, Серікті, қыздары Бағжан мен Балжанды жанындай жақсы көріп, балалары үшін өмір сүрді. Құдайым енді осы балаларына өмір берсін, лайым. Достарының арасында “Дәкең” атану дәрежесіне жетуі – оның көпшіл, адал, ақжарқын мінезінен болар. Оның қасынан үнемі өзі сияқты жаны жайсаң азаматтарды кездестіретінбіз. Өзінің барлық саналы ғұмырын “Отанымыздың от көсер көсеуімін”, – деп сүйіспеншілікпен қызмет етіп өткізгені аян. Бойында Отанға, елге, жер-суға деген патриоттық сезімі ерекше, мамандығы, іс-тәжірибесі, білім деңгейі сол сезімге сай болатын. Менің бағалауымша, Дәлелхан “Елім! Сенің ерттеп мінер арғымағың, алдаспан алмас қылышың болу – мақсатым” деген ізгі ойдың жетегінде жүріп ғұмыр кешті. Өмірде өзгенің игілігіне жарар істерінің ең бастысы – ұрпақтар үлгі етерлік адалдығы дер едім. Дәлелханның иман жолын қарапайым азамат ретінде ұстануы әскери қызметіне еш нұқсан келтірмейтін. Шариғатқа негізделген халқымыздың барлық әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жақсы білетін. Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы қызметінде жүргенде Маңғыстау өңірін жайлаған үш жүз алпыс әулиенің Қожа Ахмет Ясауи ілімінен бастау алғандығын тілге тиек етіп айтып отырушы еді. Ал Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ұлт тарихында, қазіргі халық санасында орны қандай екенін тарихтан таразылап, имани пікірлерін насихаттаудан жалықпайтын. Сонымен қатар Мекке-Мәдинеге барып, мұсылмандықтың бес парызының бірін өтеп қайтқан еді. Жан досы генерал Көпен Ахмадиев Ресейде туып-өскен азамат болса да, Дәкеңнің уағызына ұйып, намазға жығылды. Досын өзімен бірге намаз оқуына ықпал етуі сауабын алуы еді. Адами пиғылы ақжолтай адал істерінен анық танылған ғұмырында сауапты істерінің біршамасын санамалап шықтым. Алла тағаланың жазуына шүкіршілік ете отырып, шынайы бақилық өмірде иманы жолдас болғай! Бауырымды жоқтап, бақиға жолдаған осы жарқын сағынышқа толы құсни хатымды белгілі ақын Несіпбек Айтұлының мына бір шумақ өлеңімен аяқтайын: Тұңғиықтай терең едің, бауырым! Тіккен тудай бөлек едің, бауырым! Ажалыңа көніп тұрмыз амалсыз, Қазағыңа керек едің, бауырым! Гүлшарбан САБУРОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты. АЛМАТЫ.