– Досжан Сарманқұлұлы, бүгінгі таңда сот реформасының жүріп жатқандығынан хабардармыз. Қоғамда заң үстемдік ету үшін не істеуіміз керек?
– Көптеген оң өзгерістің болып жатқаны анық. Сот ісінде ілгерілеу бар. Біз бүгінгі күні өз тарапымыздан қол жеткізген табыстарымызды тізіп жатпай-ақ, әлі де арыла алмай отырған ортақ кемшіліктерге тоқталып, одан шығу жолдары жөнінде ой бөліссек. Сотқа ешкім де жетіскеннен келмейді. Зәбір шегіп қажыған, сан соғып алданған, қысым көріп торыққан, ары тапталып, намысы қорланғандар араша іздеп келеді. Үмітпен, сеніммен келеді. Дау-дамайлы істердің қаралып, шешімін табар жері негізінен аудандық, қалалық соттар. Наразылық пен жоғарыға шағымданудың бастауы да сол жерде. Сот шешіміне екі жақтың да келіспей жататын кездері аз емес. Мұның бірнеше себебі бар. Басты себеп, көпшіліктің құқықтық сауатсыздығынан. Азаматтық, құқықтық қарым-қатынасты заң бойынша реттестіре білмейді.
– Судьялар тарапынан кетіп жатқан кемшіліктер кездесе ме, кездессе мұндай келеңсіздікті жою бағытында қандай шаруалар атқарылуда?
– Әрине, кемшіліктің орын алатындығы шындық. Істің қарауын мерзімінен созып, не атүсті қарап, үкімнің көшірмесін уақтылы бермей, алдына арыз-шағыммен келген кісіге көңіл бөлмеу, дұрыс қабылдамай, тіпті кейде мүлде қабылдамай қою, дөрекі мінез көрсету, тағы басқа да толып жатқан судья әдебіне сыймайтын жат қылықтар туындап жататынын ашып айтуымыз керек. Осының бәрі сот қабылдауына келген азаматтардың өкпе-реніштерін тудырады. Арагідік болса да кездесіп қалатын осы жайттар бүкіл сот жүйесінің беделін түсіруге себепші болады. Сот жүйесінің алдына қойылған міндет – заң үстемдігін орнату, бұл міндетті орындау үшін судьялар шығаратын сот актілері заңды әрі әділ болуы қажет. Судьяның әр қадамы, іс-әрекеті, тыныс-тіршілігі үнемі көпшіліктің назарында. Сондықтан әрбір судья өз беделінің төмендемеуін бір сәт те естен шығармауы керек. Сонда ғана халық сенімі арта бермек. Абырой-бедел адал атқарған жұмыспен келеді. Адалдықтың негізі – әділдікте яки адал шешімде.
– Сот жүйесіндегі медиацияның тиімділігі туралы не айтар едіңіз?
–Еліміздің ежелгі тарихына үңіліп, қоғамдағы дау-шарды қалай шешкендігін, бірлікке қалай бастағанына назар аударатын болсаңыз, ықылым заманнан бері дана билеріміз жүз пайыз дауларды медиация жолымен шешкен. Бұның себебі – билеріміздің ерекше қасиеттерге ие болып, тіл өнерін тамаша меңгеруі, сонымен қатар Ұлы далада қалыптасқан ежелгі әдет-ғұрып. Қазақ қоғамында билерді сайлау, тағайындау немесе бекіту деген түсінік болмаған. Биді халық таңдаған. Халық бидің табиғат сыйлаған шешендік, ақыл-парасат, қызыл тілде ешкімге дес бермес қасиеттеріне, қара қылды қақ жаратын әділдігіне қарап, «Дала заңының» негізгі қағидалары мен нормаларын білуі, өзіне дейінгі атақты билердің үлгілі сөзінен нәр алуына айрықша назар аударған.
Қазақ даласының дамыған сан-салалы өркениетті болғаны баршаға аян. Басқасын айтпағанда, «Есімханның ескі жолы» мен «Қасымханның қасқа жолы», Әз Тәукенің «Жеті Жарғысының» өзі неге тұрады. Демек бізде үлгі аларлық негіз бар, ендеше неге үйренбейміз, неге үрдіске енгізбейміз? Айтып отырғаным кесек мінез бен кесімді сөз. Әділ де тура айтылған шешім. Уәжді сөз айта білген би, сол уәжге тоқтай білген хан мен қара, батыр мен бағлан. Қазақ хандығы тұсында, тіпті оған дейін билер бүгінгі мемлекеттік биліктің міндеттерін атқарып келген. Яғни билер атқарушылық, заң шығарушылық, билік айтып ел басқару қызметтерінің барлық түрлеріне араласты. Бүгінгінің биі бірінші кезекте халыққа сот төрелігін шынайы әрі турашылдықпен жүзеге асыруда әділ билігімен танылған, соттық функцияны атқаратын мемлекеттік қызметші. Билер кесімі халық көңілінде күмән туғызбастай сенімді болуы шарт.
– Әрбір судья өз мамандығы тек күн көріс кәсібім деп қана ұқпай, оны шығармашылық дәрежеге көтеруі қажет пе сонда?
– Судьяның сот процесін жүргізуі белгілі бір дәрежеде шеберлікті қажет ететіні шындық. Сергек сезім, дәл сәтінде айтылған сөз бен бұлтартпас сұрақ, әрбір сәтті қалт жібермей қадағалап, іштей ой қорытып отыру. Осы орайда, орашолақтығынан түсініксіз жазылған балдыр-батпақ шешімді оқығанда кейбір әріптестерге қарын ашады. Қынжыласың. «Тіл дегеніміз – ойдың киімі» депті бір данышпан. Ал қазақ «тіл бас жарады, бас жармаса тас жарады» деп бір-ақ қайырған. Ой анықтығынан барып анық сөз шығады. Ойлау мәдениетінен барып сөйлеу мәдениеті қалыптасады. Әрбір судьяның, әрбір төрағаның ойлау мәдениеті мен сөйлеу мәдениетін меңгеруі бүгінгі күннің талабы.
– Құқықтық мемлекетте сот билігі қоғамдағы әлеуметтік теңдік пен тұрақтылықтың кепілі емес пе?
– Қай елді, қай заманды алсаңыз да, сот жүйесіне қарап, қоғамдағы билік жайы, оның халық мүддесі алдындағы адалдығы туралы пікір қалыптасады. Сондай-ақ судьялар үнемі халықпен тікелей қарым-қатынаста болғандықтан, олардың моральдық бейнесі мен кәсіби жетістігі қызмет барысында ерекше рөл атқарады. Сондықтан әрбір судья сот билігінің тәуелсіздігін нығайтуға, өз кәсібінің беделін арттыруға, сот төрелігін нығайтуға қатысты жұмыстарды адал жүзеге асыруға тиіс. Ежелгі антикалық дәуірден бері жалғасып келе жатқан билер дәстүрі заман өзгерген сайын өзгеріп, жаңарып отырғанымен, негізі, міндеті, талаптары сол қалпында тұр. Өйткені олар кезінде Қазақ хандығының даналары атанса, енді бүгінде Қазақстан мемлекетінің беделіне айналып отырғаны анық.
– «Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін тіл білуді міндеттеу керек» деген пікірді жиі естиміз. Сонда мәселені міндеттемей, заң шығармай шешуге болмай ма?
– Бұл көп талқыланып жүрген тақырып. Бәріміз сын айтамыз. Заң шығару керек дейміз, Ата заңдағы 7-баптың 2-бөлігі қабылданар кезде де көп дау туғызғанын жақсы білеміз. Бүгінгі күнде де осы 2-бөлігін алып тастау керек деген пікір жиі көтерілуде. Заң қоғамдағы белгілі бір қатынастарды реттеу үшін қабылданады. Ал біз, бүгінгі тіл аясындағы заңдарды толыққанды пайдаланып жатқан жоқпыз. Ата заңымыздың 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Ендеше, мемлекеттік дәреже алған қазақ тілі басқа тілдерден оқ бойы, тым болмаса бір сүйем алда тұруы керек емес пе?! Қазақтың жалпақ сөзімен айтқанда, бір отар қойды бастап жүрген серкедей алдында болу керек. «Тіл туралы» Заңның 4-бабы, Азаматтық процестік кодекстің 14-бабы, Қылмыстық процестік кодекстің 30-бабы осы қағидаларды сақтайды. Олай болса, кез келген деңгейдегі үлкенді-кішілі жиын мемлекеттік тілде өткізіліп, басқа ұлт өкілдерінің құқықтарын бұзбау үшін мемлекеттік тілді білмейтіндерге аудармашының көмегі көрсетілгені жөн. Бұл нағыз әділеттілік болар еді.
Бүгінгі күні демократиясы дамыған кез келген алдыңғы қатарлы елдерде сол елдің тілін білмеген азамат жоғары оқу орнында оқып, сол елдің мемлекеттік қызметінде жұмыс атқара алмайды. Мемлекеттік тілді білмейтін азаматтардың арты құз, алды биік шың, болашағы бұлыңғыр болуы керек. Сонда ғана әрбір ата-ана баласын мемлекеттік тілдегі балабақша мен мектепке беріп, мемлекеттік тілді үйретуге мәжбүр болады. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік тілді білудің қажеттілігін тудырмай, тілдің мәртебесі өз деңгейіне көтерілмейді.
– Еліміздің егемендік алғанына отыз жылдан асты. Осы уақытта тіліміздің егемендікке жетпеуі өкінішті емес пе?
– Әрине, еліміздің әрбір азаматы тілдің мәртебесін көтеру үшін сөзден нақты іске көшіп, бір-бір кірпіш болып қаланатын кез келді. Сол себепті Ақмола облыстық соты мемлекеттік тілдің сот саласындағы қолданыс аясын кеңейту мақсатында бірқатар іс-шара атқаруда. Сот саласында сот ісін жүргізу тілінің тәртібі Азаматтық процестік кодекстің 14-бабында, Қылмыстық-процестік кодекстің 30-бабында нақты көрсетілген. Алайда құқық қорғау органдары мен сот ісін жүргізуде судьялар тарапынан осы екі заң талабы да толыққанды орындалмауда: тергеу органдарымен алғашқы тергеу кезінде жіберілген кемшіліктер соттар тарапынан ешбір сын ескертпесіз, түзетусіз қалуда. Мәселен, Қылмыстық-процестік кодекстің 30-бабына сәйкес «Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады» делінген. Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады. Бұл кез келген қылмыстық іс әу бастан тек мемлекеттік тілде жүргізілуі керектігін, өкінішке қарай, көп жағдайда тергеу органдары қылмыстық іс жүргізу тілін орыс немесе басқа да тілге уәжді қаулы шығармай тұрып, орыс тілінде жүргізіп, жоғарыда көрсетілген заң нормаларын бұзуда. Сонымен қатар күдіктіге, айыпталушыға оның сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу туралы құқығын жан-жақты түсіндірмейді. Сол себептен қылмыстық істерді қарауда мемлекеттік тілдің қолданыс аясы көтерілмей отыр. Көптеген жағдайда тергеу амалдарын жүргізуші тұлға мемлекеттік тілді өзі жетік білмегендіктен, не болмаса бірлі-жарым іске қатысушы азаматтар мемлекеттік тілді білмегендіктен аудармашы қатыстырып іс жүргізуге қиналып, өздеріне тәуелді айыпталушылардан «істің орысша жүргізілуін қалаймын», «орыс тілін жетік білемін» деген арыз алады да, істі орыс тілінде жүргізеді. Күдіктінің қай тілді жетік білетіні сұралмайды. Ал ҚР ҚІЖК 320-322-баптарының талаптарына сай қылмыстық істер бойынша сотталушылар қазақ ұлтының тұлғалары болған кезде, судьялар істі қабылдап алу барысында жоғарыда айтылған мәселелерді жан-жақты анықтап, принциптік баға беруі керек.
Ал азаматтық істерге келетін болсақ, іс жүргізу тілі сотқа арыз беруші талапкерге байланысты. Алайда көптеген ұлты қазақ азаматтардың өздері талап арыздарын орыс (шет) тілінде беріп, іс жүргізу тілін анықтайды. Өстіп, көп жағдайда іс жүргізу тілі орыс тілінде болады.
Азаматтық процестік кодекстің 14-бабының талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сот істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшының (арыз берушінің) талап арыз берілген тілді жеткілікті дәрежеде білетіндігін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетіндігін анықтауға тиіс. Сот талап қоюшыдан тиісті жазбаша өтінішхат түскен жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді ұйғарым шығарады. Тараптардың тең құқықтылығы қағидатын ескере отырып, сот осы мәселе бойынша жауапкердің де пікірін анықтауға міндетті.
– Ақмола облысындағы жағдай қалай?
– Ақмола өңіріндегі халықтың 51 пайызы қазақ ұлты бола тұра, облыс соттарымен мемлекеттік тілде қаралып жатқан барлық істер мен материалдардың пайыздық көрсеткіші 2016 жылы – 1,5, 2021 жылы бұл көрсеткіш 17 пайызды құрады. Бүгінгі күні Ақмола облысының соттары мемлекеттік тілді дамыту саясатын, оның қолдану аясын кеңейте отырып насихаттауға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде өткізуде. Құқық қорғау, мемлекеттік органдар мен өзін-өзі басқару салаларының, жергілікті бұқаралық ақпарат таратушы мекеме басшыларының, өкілдерінің қатысуларымен дөңгелек үстел, семинарлар өткізілуінің арқасында мемлекеттік тілде қаралып жатқан істердің үлесі өсуде, бірақ бұл көрсеткіш, әрине, көңіл көншітпейді.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап судьяларға сот істерін зерделеу және сот талқылауына дайындауды міндетті түрде дыбыс-бейне жазба арқылы жүргізу тапсырылды. Ақмола облысы соттарында жалпы іс жүргізу тілі мемлекеттік тілге ауыстырылған істердің пайыздық көрсеткішін сараптасақ, 2017 жылы – 140 (0,2 %), 2018 жылы – 273 (0,5%), 2019 жылы – 1002 (0,9%), 2020 жылы – 781 (1,5%), ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 997 (2,1%) болды.
Мемлекеттік органдар мен мекемелер, басқа ұйымдар мен кәсіпорындар сотқа жүгінгенде талап-арыздарды мемлекеттік тілде емес, басқа «шет тілінде» беріп, жоғарыда аталған заң талаптарын неге өрескел бұзуда?! Бұл заңбұзушылықты қадағалау қандай мемлекеттік органның құзырында?! Бұл үлкен сұрақ! Ал біздер соңғы үш жылда мемлекеттік тілді дамытуға міндетті мемлекеттік мекемелерден талап арыз «шет тілінде» түскен жағдайда жеке ұйғарым шығаруды қолға алдық.
Сонымен қатар мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және нақты шаралар қабылдау үшін облыс, қала, аудан әкімдеріне соңғы 3 жыл ішінде 44, құқық қорғау органдарының басшыларына 36, мемлекеттік мекеме басшыларының атына 48 хат жолданды. Нәтижесінде, мемлекеттік мекемелерден мемлекеттік тілде түскен талап арыздар саны өсуде. Статистикаға жүгінсек, 2019 жылы – 22,7, 2020 жылы – 30,3, 2021 жылы – 39,9, ал, 2022 жылдың екі айында 42,7 пайыз талап арыз мемлекеттік тілде түскен. Азаматтық іс бойынша көмек жасайтын адвокат, заңгерлер де түрлі сылтаумен қазақ тілін айналып өтіп, талап-арыздарды өздеріне қолайлы орыс тілінде дайындайды. Осының салдарынан халықтың сот процесі кезінде орыс тілінде ойын жеткізе алмай, қиналып жатқаны туралы да фактілер аз емес. Кейде бұл мән бермеушілік адам тағдырына әсер етіп, орны толмас өкінішті жағдайға да апарып жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»