Қоғам • 03 Сәуір, 2022

Қоғамдық кеңестердің қадірін кетірмейік

208 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді қазекем. Сол сынды түзеуші – жұртшылық пен мемлекеттік органдар арасындағы «алтын көпір» рөлін атқарады деген ниетпен құрылған қоғамдық кеңестер болуға тиіс. 2015 жылы қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң, міне, осы мақсатты көздейді. Содан бергі уақытта осы қоғамдық институт өзіне жүктелген маңызды міндетті ойдағыдай атқарып, көпшілік көңілінен шыға алды ма?

Қоғамдық кеңестердің қадірін кетірмейік

Бұл сауалға жауап іздегенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаң­ғыру жолы» Жолдауында: «Біз елімізде азаматтық белсен­ділікті жандандыруымыз керек. Мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажет. Сол се­бепті орталық және жергілікті органдардың, квазимемлекеттік сектордың жанындағы қоғамдық кеңестерді дамытып жатырмыз. Мен бірнеше рет олардың қыз­метіне қатысты сын айтқан бола­тынмын. Дегенмен бұл кеңес­тердің орасан зор институттық әлеуеті бар. Соны толығымен жү­зеге асыру керек. Биыл менің бас­тамам бойынша осы кеңестердің құрамы және жұмыс жоспары түбегейлі жаңаратын болады», деген тұжырымды пікірі ойға оралады.

Расында да қоғамдық кеңес­тердің бәрі бірдей талап деңге­йінен көріне алмағаны және өз әлеуетін толық пайдаланбағаны анық. Мұны арнайы жүргізілген әлеуметтік зерттеулер де айғақтап берді.

Қазір еліміздегі қоғамдық кеңес­­тер­дің саны 251-ге жетіп, 3 801 белсенді азаматтың басын біріктіріп отыр. Қол­даныс­тағы заңнамаға сәйкес, осы кон­сультативтік-кеңес­ші, байқаушы органдар минис­трлік­тердің жә­не облыстардың, облыс­тық ма­ңыз­дағы қалалар мен аудандар әкім­дерінің жанынан құ­рылған.

Республикалық және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұрт­шы­лықтың пікірін ескеру, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету олардың басты міндеттері болып саналады. Қоғамдық кеңестер жұртшылықты толғандыратын мәсе­ле­лер бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу, қоғамдық мониторинг жүр­гі­зу, қоғамдық сараптама жасау, мем­лекеттік органдар жұмысының нәти­желері туралы есептерді тыңдау арқылы ықпалды қоғамдық бақылау орната алады. Алайда Қазақстан Республикасындағы қоғамдық кеңес­тердің 2021 жылғы қызметі тура­лы ұлттық баяндамада атап көр­сетілгеніндей, өткен жылы жүр­гі­зілген сауалдамаға қатысқан рес­пон­денттердің 29,5 пайызы ғана қоғам­дық кеңестер жұмысын біршама тиімді деп санаған. Бұл ретте ел өңір­леріндегі жағдай әркелкі екенін айтқан жөн.

Мәселен, сауалдама сұрақтарына жауап берген Қарағанды облысы тұр­ғындарының 81,9 пайызы, атырау­лықтардың 79,5 пайызы, қос­танайлықтардың 76,2 пайызы жер­гілікті қоғамдық кеңестердің қыз­метінен мүлдем хабарсыз болып шыққан.

Қоғамдық кеңестердің жұмысын тиімді деп нық сеніммен бағалаған тұрғындар саны Қызылорда облысында – 50 пайыз, Түркістан облы­сында – 38,2 пайыз, Батыс Қазақ­станда 20,5 пайыз болған. Ал сауал­да­маға қатысқан Қостанай облысы тұрғындарының бірде-біреуі жергілікті қоғамдық кеңестердің жұ­мысы тиімді деп санамаған. Осы жөнін­дегі көрсеткіш Қарағанды облысында небәрі 2,1 пайызды, Маңғыстау облысында 2,4 пайызды, Ақтөбе облысында 3,5 пайызды, Жамбыл облысында 4,5 пайызды, Солтүстік Қазақстанда 5,1 пайызды, Алматы қаласында 5,8 пайызды құраған.

Міне, осы ала-құла мәліметтерге қарағанда, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын жүйелі жолға қойып, жұртшылық көкейінде жүрген талай түйткілді мәселенің түйінін тарқатқан және оның негізінде Ұлт­тық құрылтай ұйымдастыруды һәм қилы заманда ел бірлігінің бастауы болған дала демократиясын жаң­ғыр­туды ұсынып отырған Мем­ле­кет басшысының игі бастамасы өңір­лер­дің әкімдерінің бәріне бірдей ой сала қоймаған сияқты.

Шынтуайтында, өздерін «жарты патша» санап, сын айтқанға сыздана қарайтын кейбір әкімдер қоғамдық кеңестерге де барынша әмір жүргізу пиғылымен олардың құрамына тек өз ыңғайларына жығылып тұратын, тіпті жағымпаздық дертінен де сау емес адамдарды өткізуге күш салатыны жасырын емес. Соның салдарынан кей аймақтарда жергілікті билік пен бұқараның сындарлы диалог алаңдары болмай отыр.

Әлеуметтанушылардың пікірле­рі­не сүйенсек, еліміздегі қоғамдық кеңестердің қызметін қайта қарауды талап ететін үш теріс үрдіске жол беріліп келген. Біріншіден, осы кон­сультациялық-кеңесші орган­дар­дың құрамын қалыптастыру, олар­дың дербестігі мен тәуелсіздігін қам­тамасыз ету үдерісі онша айқын емес. Қоғамдық кеңестер құрамының кемінде үштен екісі азамат­тық сектор өкілдері болуға тиістігі жөнін­де­гі қағида формальді түрде орын­дал­ғанымен, олардың мүше­лі­гіне көбінесе өңір басшысының айтқа­нынан шықпайтын бұрынғы мем­ле­кеттік қызметшілер мен депутаттар, бюджеттік ұйымдардың бас­­шы­лары қабылданады. Әдетте жер­­гі­лікті биліктің шешіміне балама нұсқа ұсынуға қабілетті, сыни пікі­рін ашық айта алатын тұлғаларға, өзін­дік пікірлері бар сарапшылар мен ғалымдарға, оппозиция өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшыларына жол жабық. Осындай келеңсіздік қоғамдық кеңестердің беделін түсіріп, маңызын кемітіп келді.

Екіншіден, қоғамда әртүрлі себептерге байланысты туындаған наразылықты азайтуға жете көңіл бөлінбеді. Жергілікті деңгейде оппо­зициялық және сыншылдық кө­ңіл күйдегі азаматтар өз талаптарын айтып, көтерілген мәселелерді шешу жолдарын билікпен бірлесе қарастыратын алаңдар жоқтың қасы болды. Мұның өзі Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына қайшы келіп, қоғамдағы тұрақсыздық қаупін күшейтті.

Үшіншіден, қоғамдық кеңестер қызметінің тиімділігі шамалы. Жұрт­шылық олардың мүшелері жылына бірнеше рет жиналып, әкім­дер­дің өңірлердің әлеуметтік-эконо­микалық дамуы туралы есепте­рін тыңдағанымен, ешқандай өзекті мәселені көтермейді деген пікірде.

Осыған орай, қоғамдық кеңес­тер­дің қызметін жетілдіру мақ­сатында «Қазақстан Республи­касының кей­бір заңнамалық актілеріне қоғам­дық кеңестердің қызметі мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заң әзір­ле­ніп, Парламентте жан-жақты тал­қы­ланғаннан кейін оған Мемлекет басшысы 2021 жылғы 3 қаңтарда қол қойған. Сонымен қатар Президент халықтың қоғамдық кеңестердің қызметіне деген сенімін арттыру және азаматтардың сыни пікірлер айтып, баламалы ұсыныстар жасауы үшін шынайы алаң қалыптастыру мақсатында Үкімет пен облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шым­кент қалаларының әкімдеріне қо­ғам­дық кеңестердің құрамына сая­си партиялар, үкіметтік емес ұйым­дар, азаматтық белсенділер, бей­біт митингілерге қатысушылар қата­­рын­дағы сындарлы оппозиция өкіл­­де­рін енгізу, сондай-ақ мемле­кет­тік органдар өкілдерінің санын азайту жөнінде тапсырма берген. Бұған қоса, Үкімет мемлекеттік орган­­дар­дың қоғам алдындағы ашық­­тығы мен есептілігін арттыру мақ­са­­тында әзірлеп, Парламент Мәжі­лісі­нің қарауына енгізген «Қоғам­дық бақылау туралы» Заң жобасында да қо­ғамдық кеңестердің рөлін арт­ты­ру­ға мүмкіндік беретін жаңа­шыл­дық­тар бар.

Әйткенмен, өңірлерде қоғамдық ке­ңестер­дің жаңа құрамын қалып­тасты­руға қатысты дау-дамайлар әлі тыйылар емес. Мысалы, биыл Сол­түстік Қазақстан облысының және Петропавл қаласының қоғамдық кеңестеріне осы өңірдің кәсіподақтар орталығы ұсынған 2 кандидаттың екеуі де өткізілмеген. Кәсіподақтар орталығының басшылығы бұған «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң­ды бұзушылықтарға байланыс­ты, соның ішінде қолданыстағы заң­намаға енгізілген өзгерістер ескерілмей, қоғамдық кеңестерді қалыптастыру жөніндегі жұмыс топтарын бұрынғыша Солтүстік Қазақстан облыстық және Петропавл қалалық мәслихаттарының хатшылары басқарғандығы себепті жол берілді», деп санап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне ша­ғым жолдапты. Ал осындай кері тартушылықтардың кімдерге керектігі айтпаса да түсінікті...