Әлем • 04 Сәуір, 2022

Вакциналау – вирусқа қарсы күшті иммунитет

180 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еуропа елдері коронавирусты маусымдық тұмау секілді індеттерге теңеп, елдегі қауіпсіздік шараларын айтарлықтай жеңілдете бастады.

Вакциналау – вирусқа қарсы күшті иммунитет

Сәуірден бастап Берлинде коронавирусқа қатысты барлық дерлік шектеу жойылды. Келесі жексенбіде карантиндік талаптар Германияның басқа федералды жерлерінің басым көпшілігінде алынады. Өйткені қазір Германияда коронавирустың аса қауіпті емес «омикрон» нұсқасы таралуда. Екіншіден, Германия тұрғындарының 76 пайызы қазірдің өзінде толығымен вакциналанған, сондықтан инфекция болған жағдайда да ауру оңай өтеді. Үшіншіден, 20 наурызда елдің бұрынғы редакциядағы «Жұқпалы аурулардың алдын алу және оған қарсы күрес туралы» заңының мерзімі аяқталды. Бұл заң ел билігіне маска тағуды талап етуге, вакцина сертификаттарын енгізуге және басқа да шектеулерді қолдануға мүмкіндік берген еді.

Испанияда COVID-19 пандемиясы жарияланғаннан кейін екі жыл өткенде коронавирус инфекциясы тұмау сияқты әдеттегі эндемикалық аурумен теңестіріледі. Sars-CoV-2 вирусын жұқтырып, аурудың белгілері көрінбеген науқастар қалыпты өмір салтын жалғастыра береді және үйде карантинде отыруға міндеттелмейді. Тек 60 жастан асқан азаматтар, иммунитеті төмен адамдар, сондай-ақ жүкті әйелдер мен медицина қызметкерлеріне талап бұрынғыдай қала береді. Вирустың таралуын тоқтатуға бағытталған бір кездегі шаралардан тек жабық қоғамдық орындарда, қоғамдық көліктерде – автобус, пойыз, ұшақтарда медициналық маска тағу міндеті ғана қалған.

Өткен аптада әлемде 10 миллионнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, 45 мыңнан астам науқас қайтыс болғаны хабарланды. Бұл көрсеткішті алдыңғы аптамен салыстырғанда көз жұмғандар саны 43 пайыз өсіп, инфекцияның 14 пайызға азайғанын аңғаруға болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының апталық бюллетенінде айтылғандай, 21-27 наурыз аралығында COVID-19 жұқтырғандар саны алдыңғы аптамен салыстырғанда 14 пайызға төмендеді. Алайда дәл осы кезеңде өлім саны 43 пайызға артты. Бұл Америка өңірі­нің кейбір елдерінде (Чили және АҚШ) COVID-19 өлімін анық­таудағы өзгерістерге және Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азия өңірінен алынған деректерді түзетуге байланысты болып отыр.

«Бір апта ішінде ДДҰ-ға 10 805 132 адамның инфекция жұқтырғаны туралы хабарлама түсті. 45 711 өлім дерегі тіркелді. Өткен аптамен салыстырғанда ауру жұқтырғандар саны алты өңірде азайған. Әсіресе Шығыс Жерорта теңізін, Африка мен Батыс Тынық мұхиты өңірін атап өту керек. Еуропада 4 пайызға төмендеген. Америка мен Оңтүстік-Шығыс Азияда көз жұмғандар саны артты», делінген бюллетеньде. Дегенмен ДДҰ әлем бойынша вирус жұқтырғандар саны азайып келе жатқанын мәлімдеді.

Мамандар жағдайдың тұрақталуын халықтың көп бөлігі вакцина алғанымен байланыстырады. Әсіресе вакциналанғандар көрсеткіші жоғары Еуропа елдеріндегі бүгінгі ахуал осының дәлелі дейді. Сондай-ақ жақында Ресейде мұрын арқылы қабылдауға арналған коронавирусқа қарсы вакцина тіркелді. Әлемде мұндай препарат бұған дейін болмаған. Мұрынға арналған вакцина екі дозадан тұрады және үш апта аралықпен енгізіледі. Қазіргі кезеңде вакцинаны 18 және одан жоғары жастағы адамдарға вакцинопрофилактиканы жүзеге асыратын медициналық ұйымдар жағдайында қолдануға рұқсат етілгені хабарланды.