Ал екінші тараптан Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Ресей, Шығыс әріптестігі, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директорының орынбасары Люк Девинь тең төраға болды. Іс-шараға қазақстандық министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ Еуропалық комиссияның түрлі директораттарының қызметкерлері қатысты.
Отырыс барысында Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің іске асырылуы, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың 2021 жылғы Брюссельге сапары барысында қол жеткізген уағдаластықтар сөз болды.
Саяси, сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастық, заң үстемдігі және адам құқықтары, сондай-ақ көлік, энергетика, білім, ғылым, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруімен күрес салаларындағы өзара іс-қимыл талқыланды. Сонымен қатар Қазақстан мен ЕО арасындағы виза режімін жеңілдету мәселесі де қарастырылды.
Отырыстың бір бөлігі ЕО-ның Орталық Азия бойынша стратегиясы және Global Gateway стратегиясы шеңберіндегі Қазақстан мен ЕО ынтымақтастығына арналды.
Р.Василенко сөзінде Еуропалық одақ еліміздің негізгі сауда және инвестициялық әріптесі екенін атап өтті. Қазақстандағы сыртқы сауда мен тікелей шетелдік инвестициялардың шамамен 40 пайызы ЕО үлесіне тиесілі. COVID-19 пандемиясының кері әсеріне қарамастан өткен жылдары сауда-экономикалық қатынастар деңгейі өскен.
Отандық дипломат ЕО-ның Ресейге қарсы санкцияларының Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда-саттыққа кері әсерін тигізбеуінің маңызына тоқталды. Бұл ретте Қазақстан өкілі отандық экспортты, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін ЕО нарығына шығаруды дамыту мәселесіне тоқталды. Өз кезегінде ЕО тарапы санкциялар Қазақстанға бағытталмағанын нақтылап, қазақстандық экспорттың ЕО нарығына кіруін жеңілдетуге қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.
Қазақстан өкілдері «Еуропалық жасыл мәміле» бағдарламасы бойынша жасыл энергия саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға, Еуропаның батарея және шикізат альянстарымен әріптестік орнату туралы бастаманы көтерді. Кездесулерде климаттың өзгеруіне қарсы күрес мәселелеріндегі өзара іс-қимыл, атап айтқанда, Қазақстан Үкіметінің 2060 жылы көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі жоспарлары талқыланды.
Көлік мәселелерін талқылау барысында еуропалық тарап Транскаспийлік халықаралық көлік бағыты (Middle Corridor) бойынша ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді. Р.Василенко бұл теміржол бағытының артықшылықтары туралы айта келе, Middle Corridor ЕО-ның Global Gateway жаһандық бастамасының мақсаттарына сай келетінін атап айтты.
Тараптар саяси ынтымақтастық шеңберінде жоғары деңгейдегі сапарлардың маңызын атап өтті.
Министрдің орынбасары Қазақстан ЕО-мен ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі заң үстемдігі мен адам құқықтары мәселелеріне үлкен мән беретінін баса айтты. Осы тұрғыда ол еуропалық әріптестерін Мемлекет басшысының жаңа Қазақстанды құру бойынша елде іске асырылып жатқан ауқымды саяси реформалары туралы хабардар етіп, Президенттің халыққа Жолдауының негізгі тезистерімен таныстырды. Еуропалық тарап ел басшылығының саяси жаңғыру бағытына қолдау білдіріп, реформаларды жүзеге асыруда қолдау көрсетуге ниет білдірді.
Адам құқықтары мәселелері бойынша диалог саласында парламентаралық ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ қазақстандық тарап құқық қорғау органдарына арналған түрлі тренинг пен семинарға қатысуға қызығушылық танытқан.
Тараптар «Орталық Азия – ЕО» форматындағы ынтымақтастық деңгейіне оң баға беріп, биыл өтетін бірқатар іс-шараны талқылады. Өңірлік қауіпсіздік, тұрақты даму, қоршаған ортаны қорғау және азаматтық қоғамды дамыту мәселелері маңызды бағыттар ретінде белгіленді.
Жалпы, Қазақстан – ЕО ынтымақтастық комитетінің кезекті отырысы жан-жақты пікір алмасуға және ортақ келісімді одан әрі іске асыру бойынша нақты қадамдарды белгілеуге, сондай-ақ биыл маусымда Францияның төрағалығымен өтетін «Қазақстан – ЕО ынтымақтастық» кеңесінің 19-отырысына дайындық жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді.
Комитет отырысынан кейін Р.Василенко Еуропалық сыртқы байланыстар қызметінің бас хатшысы Стефано Санниномен кездесіп, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Брюссельге сапарының қорытындылары бойынша екіжақты ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі әрі қарайғы қадамдарды талқылады.