Аймақтар • 04 Сәуір, 2022

Қос ауылға қолдау керек

357 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Степное мен Ушаново ауылдары Өскеменнің іргесінде жатқанымен, өркениет көшінен қалыс қалған. Глубокое ауданына қарасты бұл ауылдарда шешімі табылмай келе жатқан мәселелер аз емес. Ең негізгі проблемалары – ауыз су. Кәдімгі қара суға жарымай отырған тұрғындардың қақпаған есіктері, хат жол­да­маған мекемелері қалмаған. Соның өзінде мәселе уәде күйінде қалып келеді.

Қос ауылға қолдау керек

Суретті түсірген автор

Облыс орталығынан бар-жоғы 300-400 метр жердегі Степное ауылының бір жағын ескі зираттар қоршап тұрса, өр жағы қоқыс полигоны. Бұл аз десеңіз, жыл он екі ай шошқа фермасының мүңкіген иісі қолқаны қабады. Бәлкім, құдықтан шыққан судың кермек дәмі географиялық орналасуына да байланысты шығар, кім білсін?! Ауыл тұрғындарының айтуынша, құдықтан шыққан суды ішу былай тұрсын, кір жууға жарамайды.

– Ауыз судың жоқтығынан тұрмыс тауқыметін тартып-ақ отырмыз. Степ­ной­дағы жеті-сегіз көшенің біреуіне ғана 1967 жылы су құбыры тартылыпты. Оның әбден тозығы жеткендіктен, қатты қы­сымға шыдас бермей, жарыла береді. Ол судың өзі сор, ішуге жарамайды. Ал қалған көшелерде ауыз су мүлдем жоқ. Құдықтың сулары соңғы жылдары түсіп кетті. Ауылдарды ауыз сумен қамтудың ондаған бағдарламасы қабылданғанымен, бізді айналып өтеді. «Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайды» деген осы. Аудан, ауыл әкімдері жылда «жобалық-сметалық құжат дайындап жатырмыз» деп құрғақ уәдемен шығарып салады. Облыс әкімі Даниал Ахметовке де шағым хат жолдағанбыз. Нәтиже болса, қане?! Ыстық су, газ деген арманымызда жоқ, – дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер Оралхан Бажақов.

Рас, тұрғындардың арманы – таза ауыз суды мейірлене ішу. Алтыннан сарай соғып бер деп отырған бірі жоқ. Ауылдықтардың пікіріне қарағанда, әбден жауыр болған мәселені шешудің бір жолы – Степной ауылын Өскеменге қосу. Сонда ғана түйіні тарқамаған проблемалар біржола шешіледі деп есептейді. Әрине, ол бір күнде атқарыла салатын оңай шаруа емес. Үкімет үн қосуы керек шығар.

– Өскеменнің дәл іргесіндегі ауылымыз қиыр шетте жатқан Глубокое ауда­нына қарайды. Біздің ойымызша, Степнойды Өскеменге қосса, халық үшін анағұрлым тиімді болар ма еді?! Әйтпесе, құжат жұмыстары үшін қаланың мына басынан анау басына шығып, одан әрі Глубокое кентіне жетуіміз керек. Көлігі бар азаматтарға қиындық туғызбас, бірақ біздей зейнеткерлер үшін, аналар үшін аудан орталығына жету қиямет-қайым. Жарайды, ол өз алдына мәселе. Ауыз су­дың тапшылығын айта-айта жалыққан ел басшылыққа сенуден қалған. Ыңғайы келіп тұрғанда айта кетейін дегенім, ауыл­ға денешынықтыру кешені, мәдениет үйі секілді нысандар салынса жақсы болар еді. Әйтпесе, ауыл жастары бас қосатындай мәдени мекеме жоқ, – деп қосты Оралхан Бажақов.

Айтқандай, тұрғындардың кейбіреуі «бәрібір түк өзгермейді» дегендей пікір білдіруден бас тартса, енді бірі «бәледен аулақ» деп, аты-жөндерін айтқысы кел­ме­ді. Дегенмен проблема шаш етектен. Жайылымның тарлығын да алға тартқандар болды. Ауыл шетіндегі карьер та­бын жаюға кедергі келтіретінін тілге тиек еткен ауыл тұрғындары, аудан әкім­діг­і мәселені қар еріп, жер кеппей шешіп берсе екен деседі.

Өз тарапымыздан халықтың көтерген сұрақтарын жүйелеп, аудан басшылығына жолдадық. Осы орайда Ушановодағы ушығып тұрған ауыз су проблемасы да назардан тыс қалмады. Ауыл жұрты айтқандай, ағып тұрған судың дәмі кермек татиды. Ішу мүмкін емес.

– Ушаново ауылына су жүйесі 1960 жылдары жүргізілген. Одан бері темір құбырлар тозды, іріп-шіріді. «Ақ бұлақ», «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жер» секілді бағдарламалардың барлығы біздің ауылды айналып өтеді. Ауылға жоғарыдағы басшылар келсе, қуанамыз. Бірі болмаса, бірі көмектесер деп ойлаймыз. Электр желісі де әлсіз. Қалыпты электр тогы болмағандықтан, үйдегі тұрмыстық техникалар күйіп кете береді. Жолдың жағдайы ол, ойдым-ойдым. Көшелерге жарық та тартылмаған. Әйтеуір аудан әкімі жарық тартылатындығын айтқан. Сонымен қа­тар жас­тарға бос уақыттарын өткізетін орын болса, – дейді Ушаново ауылының тұрғыны Дәурен Молдамсейітов.

Аталған екі ауылдағы тұрғындардың жанайқайын облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Фарид Әбітаев та өз мүмкіндігіне қарай шешуге атсалысатынын айтты. Ал жергілікті жердің басшылығы не дейді?

– Ушаново және Степное ауыл­да­рының сумен жабдықтау желілері қазір­гі уақытта «Козленко В» ЖК-нің бас­қа­руында. Ушаново ауылында 356 аула орталықтандырылған сумен жабдықталса, Степное ауылында 80 аула орталық желідегі суды тұтынып отыр. 2014 жылы Ушаново ауылында су жинақтау сыйым­­дылығы ауыстырылып, 2015 жылы ұң­ғы­­маларда суық суды есептеу құ­рал­дары орнатылған. Ендігі кезекте Уша­но­во және Степное ауылдарын ауыз сумен жабдықтау жүйесін жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаты жасалды, – дейді Глубокое ауданы Ушаново ауылдық округінің әкімі Ерік Базарханұлы.

Сонымен қатар округ әкімі бірқатар атқа­рыл­ған жұмысты да тізіп өтті. Мәсе­лен, Ушаново ауылында бес көше орталық жарықпен қамтылған. Бала­лар­дың ойын алаңына жөн­деу жүр­гі­зілген. Көшелерге ағымдық, орташа жөндеулер жасалды. Степное ауылында Ә.Молдағұлова, Школьная және Ш.Уә­ли­ха­нов көшелеріне жарық шамдары тар­­тылған.

2022 жылға құрылған жоспарларымен де бөлісті. Биыл Ушаново ауылындағы Школьная көшесіне 12 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Гор­ный тұйық көшесіне құмды шағыл тас төгу жоспарда бар. Степное ауылындағы балалар ойын алаңына 6 млн теңге бөліп, ағымдық жөндеуден өткізуді тізімге қосып қойған. Сонымен қатар Степнойда көшені жарықтандыру жүйесі де жөнделеді. Тізе берсек, жоспардағы жұмыстар аз емес. Тек ой­дағыдай жүзеге асып, тұрғындардың өмір сүрулеріне қолайлы жағдай жасалып жатса болғаны.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Глубокое ауданы