Аймақтар • 04 Сәуір, 2022

Су астында қалды

380 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда газетімізде «Шолақсор тағы су астында қалуы ықтимал» деген тақырыппен мақала жарияланған еді. Біздің мақсатымыз – әлдекімді қаралау емес, апаттың алдын алу үшін дер кезінде әрекет етуге шақыру болатын. Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, өңірде еріген қардың салдарынан бірнеше үй су астында қалды.

Су астында қалды

Шолақсор деп отырғанымыз – Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылдық округінің құрамына кіретін елді мекен. Құзырлы орган мамандары апатты сол жақтан күтіп, бар күшті сонда жұмылдырды ма екен, аталған ауылдық округке қарасты Балтасап ауылы назардан тыс қалған сияқты. Онда еріген қардың суы бір үйге кіріп, ашуға мінген үй иесі бар жағдайды бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы мұңын шақты. «Күннің күрт жылынатынын білмей ме, трактор жібермей ме?» деп кейіді ол. Бұл жайттан хабардар болған ауылдық округ әкімі Азамат Медетов елді мекенге барып, арнайы техникалар арқылы үй ауласына жиналған қар суын сорғылау жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді. Тұрғын үйлерге ешқандай қауіп жоқ екеніне сендірді. Аудан әкімі Қаршыға Арынов та ресми жауабын ұсынды.

– Әлеуметтік желі арқылы тараған бейнежаз­бадағы оқиғаның орын алғаны расталды. Күні кеше құзырлы орган өкілдерімен бірлесіп, Жалаулы және Жолболды ауылдық округтері аумағындағы су басу қаупі бар елді мекендерді аралап шықтық. Нәтижесінде, Балтасап және Шілікті елді мекендерінде үй аулаларын еріген қар суы басу қаупі бар екені анықталды. Аталған ауылдарға техникалар жөнелтіліп, тәулік бойы ауысым бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді аудан басшысы.

Негізгі қауіп көршілес орналасқан Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасынан төнетіні жасырын емес. Қоймадан су босатылған уақытта жайылған су Жалаулы ауылдық округінің аумағына дейін жетіп, жергілікті тұрғындарды қорқынышта ұстайтыны рас. Осы орайда облыс әкімінің бірінші орынбасары Олег Крук та жедел жетіп, жағдайды жіті назарға алды. Бүгінде Сілеті өзенінде мұзды кесу жұмыстары жалғасуда.

Әзірге ақтоғайлықтардың ұйқысы тыныш. Ал Павлодар ауданы Рождественко ауылының тұрғындарына үш ұйықтаса да судың астында қалатындары түсіне кірмесе керек. Бұрын көктемде су басу қаупі бар аймақтардың тізімінде болса да, кейінгі жылдары жағдай тұрақты еді. Мұнда екі күнде 30 ауланы су басып, Абай көшесі 67 және 39/2 мекенжайында орналасқан 2 үйге су кірген. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов үйі судың астында қалған көпбалалы отбасының үйіне барды. Үй жердің төменгі бөлігінде орналасқан екен.

«Бүгінде ауыл тұрғындары қауіпсіздікте. Су басқан үйдің отбасына көмек көрсетіліп, келті­рілген залал өтелетін болады. Су көлемі төмендей бастады, барлық қажетті күштер мен құралдар жұмысқа қосылды. Қайта су басу қаупі жоқ», деді облыс әкімі.

Осы жағдайлардан кейін облыстық әкімдікте су тасқыны бойынша шұғыл кеңес өтті. Белгілі болғандай, Ақсу ауылдық аймағында да 15 үйді су басу қаупі орын алған. Әсіресе Береке ауылын­дағы жеті аула­ны су басу қаупі жоғары болып, құтқарушылар мен әкімдік қызметкерлері дер кезінде қауіптің бетін қайтарыпты. Облыс орталығындағы Сәтпаев, Гагарин, Қамзин, академик Шөкин, Крупская, «КазПравда» және Ворушин көшелеріндегі жол учаскелері су астында қалып, коммуналдық қызметтер еріген қар суын сору жұмыстарын толықтай аяқтаған.

Қазір әлеуметтік желілерде қала және аудан әкімдері белсенді. Су басу қаупі бар аймақтарда жүргенін жариялап, жағдайдың тұрақты екенін айтуда. Десе де, соңғы бір-екі күнде бірнеше үйдің су астында қалуы әлі де болсын сақтық шараларын дұрыс ұйымдастыру керек екенін айқындап берді. «Қазгидромет» кәсіпорны мамандарымен тығыз байланыс орнатып, ауа райының күрт жылынатынынан хабардар болса, оқыс оқиғалар орын алмас па еді?! Не десек те, мұны ескерту деп қабылдаған жөн. Босаңсуға жол жоқ!

 

Павлодар облысы