Бокс • 04 Сәуір, 2022

Жекпе-жек уақыты белгіленді

459 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орта салмақта өнер көрсететін қазақ­стандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы кезекті жекпе-жегін 21 мамырда АҚШ-та өткізетін болды. Бұл туралы амери­калық инсайдер Дэн Рафаэль мен отан­дасымыздың командасы ресми түрде мәлімдеді.

Жекпе-жек уақыты белгіленді

Бұған дейін жазғанымыздай, Жәнібек Әлімханұлы (11-0, 7 КО) британиялық Дэнни Дигнуммен (14-0-1, 8 КО) WBO белдігінің «уақытша» чемпионы атағын сарапқа салады. 2016 жылдан бері кәсіпқой бокста бақ сынап келе жатқан Дэнни Дигнум бүгінге дейін 14 мәрте шаршы алаңға көтеріліп, 13 кездесуінде жеңіске жеткен. Тек бір айқасы тең есеппен аяқталды. Сондай-ақ ол барлық жекпе-жегін Англияда өткізген. Отандасымызға қарсы шығатын 15-ші айқасын ол алғаш рет өзге елде өткізгелі тұр. Британиялық боксшы ең кейінгі кездесуінде ресейлік Андрей Сироткинмен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен тең түскен болатын. Ал дәл осы А.Сироткинді ақпан айында қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов техникалық нокаутпен жеңген еді.

Әзірше Әлімханұлы мен Дигнум арасында өтетін жекпе-жектің орны анықталып жатыр. Әйгілі инсайдер Дэн Рафаэльдің мәлім­деуінше, бұл текетірес ESPN теле­арна­сындағы бокс кешінің басты оқи­ғасы болады. Айта кетейік, боксшылар орта салмақта WBO ти­тулының «уақытша» чемпиондық бел­­дігін са­рапқа салады, ал бұл дивизиондағы IBF және IBO белбеуі Геннадий Головкинге тиесілі.