05 Сәуір, 2014

Кеше де, бүгін де бас құда

671 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Бүгінде жасы сексеннің сеңгірінен асып, тоқсанға бет алғанымен жүріс-тұрысы ширақ қария мен алпыстың бел ортасындағы жігіт ағасының әр кездесу сайын сағынышпен ағалы-інілідей анадайдан бір-біріне құшақ ашып, шұрқырасып жатуы біреулерге қызық көрінсе, білетіндерді сүйсіндіреді. Қызық көрінетіні – үлкені чешен, кішісі қазақ. Араларындағы мұншалықты бауырмалдық сезімнің сыры неде екен деген ой әркімді таңдандырып қалады. улттар 46 Жақындағы бір жүздесулері де осылай болды. Кішісі үлке­нінің Құрқопа ауылындағы зәу­лім үй табалдырығын аттаған бетте: «Зия ата, Гүләз әжейдің науқастанып қалуын естіп, Әмина келініңізбен хал-жағдайларыңызды білуге келдік», деген. Сонда олардың дауысы құлағына жеткен төрдегі кейуана: «Айналайындар-ай, екеуіңнің алып-ұшып жете­­­тіндеріңді жүрегім сезіп отыр еді. Сендерді көруім сырқатымды жеңілдетіп тастағандай болды-ау. Анаң жарықтық, Қоңырқазымды жалғызсыратпаңдаршы, көзде­рің­нің қиығында жүрсінші деуші еді. Аманаты орындалды», деп кезек-кезек кеудесіне қысуы үй толы жан көңілін толқытпай өтпеді. Шү­пірлеген бала-шаға атасы мен әжесінің қазақша ағыл-тегіл сөй­лей жөнелуіне таң. Ортаға кенеттен кірген жанданысқа қуанышты келіндер дастарқан жайып әбігер. Кейбір жақын ағайындардың өзі бір-біріне суынып, жатбауыр болып кеткендей қазіргі кезде түр-түсі бөлек жандардың ежелден етене туысқандардай әрдайым осылай табысуы жұртқа ғажайып көрініс. Мұндай достықтың түп тамыры сонау қиын-қыстау шақта барша халықтың басына түскен ауыртпалықта ұштасып, тереңдеуі көпшілік біле қоймайтын әңгіме болатын. Білмегенге, өскелең ұрпаққа үлгі ете айту жөн сияқты. Зия Умаров қарттың еске түсіруінше, Кавказдан Қазақ­стан­ға жер аударыл­ғандарында 13 жаста екен. Қақа­ған қыстағы ақ қар, көк мұзда шанаға қыс­ты­­рылған, арып-ашқан бұларды Нұра бойындағы қазақ ауылына әкеліп тастайды. «Бізді Нәжмиден Ашуов деген кісі үйіне орналастырды. Ортаны бөлген пеш түбіндегі екі қоржын бөлме. Біреуін бізге босатып берді», деп әңгі­месін жалғастырған қарт өздерінің де жағдайы онша емес олардың орталарына алған төрт жанмен барымен бөлісіп, қамқорлық көңілдерін аямауы арқасында етек-жеңдері тез жиналып, қатарға қосылып кеткендерін бір айтып өтіп тыныстағанда «Атамның мен үйленгенде бас құда болғаны да бар» деген іні­сі­не «Беу, Қоңырқаз-ай, әлі ұмыт­­пауыңа рахмет. Ол әкең ал­дын­дағы борышым, жақ­сы­лығына жақсылық өтеуім еді», деді. Бұл сөз, шындығын айтқанда, тұрғылас Қоңырқаз Ашуовпен аралас-құраластығымыз болса да бірінші рет естіліп, құда, соның өзінде өзге ұлт адамының бас құда болуы елең еткізді. – Осы Қоңырқаз мектеп біті­рісімен бір күні үйленем деп үйге келіп тұр. Әкесі Нәжекеннің, ана­сының дүниеден өткеніне біраз уақыт болған кез. Әкем мен шешемнің орнына құдаларды бастап барасыз, дейді. Алдында жары болмақ Әминаны та­­­ныстырып қойғаны да бар-тын. Арамызда еркіндеу өскен, ерке­леу, ең етжақынындай бауыр басқан інімнің тілегін қалай қиярсың. Содан Нәжекең отбасы мейірін көрген тағы бір чешен туы­сымды ертіп, бізге нағашылары қосылып, іргедегі Етек деген ауыл­ға құдалыққа бар­дық. Ұза­тылған қызды Құрқо­памызға алып келіп, өз үйі­ме түсірдім. Тойды үйімізде жаса­дық. Қо­ңырқаз бен Әмина бізбен бірге біраз тұрғаннан кейін екеуі де оқуға түсіп, өз жолдарын тауып кетті. Шір­кін, дүние-ай: «Адам­ға адам жат емес», деп қазақ айтатынындай, соған не жетсін! – деген Зия ақсақал әңгімесі қай халықтың да сыйласқанға жа­ны кеңдігін, мейірім-қайы­ры­мы көлдейлігін айғақтай тың­дау­шыларды ұйытты. Тағдырдың қиындығымен балаң шағында Құрқопаға тап болған ол міне, жетпіс жылдан астам осы ауылда табан аудармастан тұрып келеді. Ұядан ұшқан үйелмелі-сүйелмелі он баланың бәрі әке-шеше мақтан етерліктей азаматтар. Қазақ шаңы­рақтарының семіз соғым сой­ғанда жан-жақтағыларының басы қосылып, мәз болып қала­тынындай, Зия ата үйінде де қыс басында сондай қуаныш. Ауыл­дастарын омыртқаға шақыру дастарқанын жаю берік дәстүр. Қоғамымыздың қастерлі құн­дылығына қалыптасқан, уақыт дәлелдеген, жаңа заман үніне одан сайын жарасты ұлтаралық бауырмалдықтың осынау нағыз жарқын мысалы басқа да аймақ­тардағыдай қарағандылық сан ұлттар арасында да бір бұл емес­­тігі бүгінде кім-кімге аян. Соның бірін айттық, айтыла бере­­тіндері де тау­сылмастай. Үлкен достықтың ұрпақтан ұрпақ­­қа жалғасқан, өзгелерге үлгі боларлық үрдісі беки беруін тілей­­ді ағалы-інілідей Зия Умаров пен Қоңырқаз Ашуов. «Ата, немеремнің тойына да бас құда болып баруға дайын­­­­да­­лы­­ңыз», деді інісі қоштасар­да. «Е, не­сі бар, тәжірибем бар, Қо­ңыр­қаз­­­жан», деп қопаңдап қалды қарт. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы, Нұра ауданы.