Экономика • 04 Сәуір, 2022

Халықаралық автобус қатынасы қашан қалпына келеді?

447 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Пандемия кезінде облысаралық, халықаралық автобус қатынас­тары тоқтатылғаны мәлім. Өкінішке қарай, бұл жағдай са­ланы үлкен шығынға ұшы­рат­ты. Мәселен, коронавирус иектеген екі жыл ішінде об­лыс­аралық, халықаралық жолау­шылар тасымалымен айналысатын 253 кәсіпорын мен 38 ав­то­вокзалдың жұмысы шектел­ген. Яғни 2 627 автобус тұ­рақта қаңтарылып тұрды. Қазір індеттің беті қайтты. Ал автобус қатынасы толықтай қалпына келді ме? Осы сұраққа жауап іздеп көрдік.

Халықаралық автобус қатынасы қашан қалпына келеді?

Біз келтірген ресми деректі KAZLOGISTICS Қазақстан көлік одағы бас директорының орынбасары Қанат Мұқышев TransExpert.kz ұлттық сараптама платформасының алаңында өткен жиында айтты. Жолаушыларды автомобиль көлігімен тасымалдау та­сы­малдың кең таралған түрі еке­нін ескерсек, пандемия бұл саланы аяған жоқ. Өйткені автокөлікпен жолаушылар тасымалдау қозғалысы біршама уақытқа тоқтатылды.

Осылайша, бизнестің бұл түрі сансыз шектеу мен ты­йым­ның салдарынан көп зардап шекті. Ол аздай індет­ке байланысты жұмыс тоқ­таса да, жолаушыларды халық­аралық бағыт­та автобуспен тасымалдайтын­дар көлік, мүлік салығын төледі. Жылу, электр энергиясы үшін комму­нал­дық төлемдерді ке­шік­тір­ген жоқ. Кәсіп­орын­ның одан арғы қызметін қа­лыпты ұстап тұру үшін қыз­мет­кер­лерге еңбек­ақы төлеуге мәж­бүр бо­лды. Әл­бетте, бұған тасы­­мал­даушылар кінәлі емес. Ен­­деше, олардың осы кезең­дегі шығындарын кім өтей­ді? Аталған мәселе Үкімет дең­гейін­де көтерілсе де, әлі күнге ашық күйінде қалып отыр.

– Мемлекеттік органдар халық­аралық жолаушылар тасымалына тыйым салған соң, заң аясында адал жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер тасымалдау нарығынан әдейі шығарылды. Осыған мәжбүр етті. Бұл аралықта заңсыз тасы­малдаушылардың дәу­рені жүрді. Оларға қарсы қандай да бір шектеу шара­лары қолданылған жоқ. Сал­дарынан заңсыз тасымал­даушылардың қыз­­меті ке­ңейді. Бұл өз кезегінде қоз­ға­­лыс қауі­п­сіздігіне нұқсан кел­­тірді. Сани­тар­лық норма­лар сақтал­маған­дықтан, ін­дет күшейді. Ең өкініштісі, заңсыз тасы­малдаушылар жағдайды тиімді пай­да­ланып, автобус қатынастары нары­ғынан ойып тұрып орын алды. Сөйтіп, нарықтағы көлеңкелі эконо­миканың үлесін арттырды. Жолдағы өлім-жітімнің көбеюіне жол ашқан да осылар, – дейді Қ.Мұқышев.

Сондықтан Қазақстан көлік одағы Үкімет халықаралық, облысаралық жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлердің, автовокзалдар мен автостансалардың шығындарын өтеуге тиіс деп санайды. Яғни тасымалдаушылар мен автовокзалдар­дың шығыны субси­дияла­нып, сақтандыруды ұзарту, авто­бустарға техникалық бақылау жүр­гізу, жер және мүлік салы­ғынан боса­ту секілді жеңіл­діктер ұсынылуы керек.

Алайда мемлекет тариф­терді өзі белгілеген маршрут­тарды ғана субсидиялай алады. Ал халықаралық, облыс­ара­лық бағытта жолаушылар­ды тасымалдайтындар тариф­ті өздері бекітеді. Тиісінше, шығын­дарын да өздері өтейді. Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министр­лі­гі­­не қарасты Көлік комитеті­нің Автомобиль көлігі басқар­ма­сы басшысының орынбасары Алмаз Айсин осылай деді.

– Халықаралық бағытта автобуспен жолаушылар тасымалдау қызметінің тоқтатылуы­на қатысты мәселелер министр­лік тарапынан үнемі көтеріл­ді. Осы орайда 2022 жыл­дың нау­рыз айында Сыртқы істер министрлігіне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігіне, Ұлттық қауіп­сіз­дік коми­тетінің шекара қыз­метіне халық­аралық жолаушылар тасымалын қал­­пына келтіру мәселесін пысықтау тап­­­сырылды. Дәл осындай мақ­сатпен Ресейге, Өзбекстанға, Қыр­ғызстанға және Тәжік­стан­ға тиісті хаттар жолданды. Соң­ғы үш елден жолаушылар қаты­насын қалпына келтіру­ге дайын­дық туралы жауап ал­дық. Халықаралық бағыттарды жандандыру үшін Ресей мен Моңғолиядан тиісті жауап хат күтіп отырмыз, – деді А.Айсин.

Сондай-ақ Көлік комитеті­нің өкілі заңсыз тасымалдау­шылардың нарықтан орын алып, қызмет көр­сетуіне қатыс­ты құқық қорғау орган­­­дары­мен, Мемлекеттік кірістер коми­­тетінің салық қызметімен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, Қазақстан кө­лік одағымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді. Айтуынша, арнайы әзірленген жол картасы аясында рейдтер жүр­гізіліп, көліктік бақы­лау бекет­теріндегі жұмыстар жалғасуда.

– Біз бақылау жұмысын автоматтандыруды пысық­тап жатырмыз. Өткен жылы кө­лік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін тәжірибе үшін пайдалануға енгіз­дік. Биыл оны толық­тай іске қосу­­ды жоспарлап отырмыз. Осы­­л­айша, жолаушыларды заңсыз тасымалдауды бақы­лап қана қоймай, автомобиль көлігіндегі жүктерді де назарда ұстамақпыз, – дейді Көлік комитетінің өкілі.

Қазақстан автокөлікшілер одағы­ның басшысы Сәбит Аман­баевтың пікі­ріне қараған­да, халықаралық бағыт­­та жо­лау­­шыларды автобуспен тасы­­­мал­­дау саласындағы бар­лық мәселе жеке ми­нист­рлік­тің жоқ­тығынан орын алып отыр.

– Саланың мүддесін кәсіби тұрғы­дан сауатты әрі нақты қорғай алатын ведомство керек. Біздің бүгінгі бас бұрар орталық мемлекеттік органы­мыз – Көлік комитетінің Авто­мо­биль көлігі басқармасы. Бұл басқармада бар-жоғы 7 адам жұмыс істейді. Оның бі­реуі ғана кәсіби маман да, қал­­ға­нының тәжірибесі аз және са­ланың мүддесін қор­ғай ала­тындай біліктілікке ие емес. Осының салдарынан ав­то­парк­тердің тозуы 84 па­йыз­ға жетті. Жол бойын­да­ғы өлім-жітім деңгейі жо­ғары. Шетелдік заңсыз та­сы­­­мал­даушыларға қатысты мә­се­лені реттеу керек. Олар пан­де­мия кезінде тасымал­дау кө­ле­мін ұлғайтып, нарық­тан заң ая­сында жұ­мыс істей­тін адал ойын­шы­ларды ығыс­тырып шы­ғарды. Бұған мем­лекеттік ор­гандар тарапынан тыйым са­лынуы керек, – дейді С.Аманбаев.

Қысқасы, нарық ойыншылары халықаралық бағыттағы маршруттарды ашу керек деп санайды. Алайда оларды іске қосу үшін қомақты қаражат керек. Ал жұмыс тоқтаған уақыт­та кәсіпорынды ұстап тұру үшін тасымалдаушыларға ауыр жүк­теме түскенін ескерсек, бұл үлкен проблемаға айналмақ.

– Соңғы екі жылда автобус­тар тоқтап тұрды. Жүргізуші­лер құрамы сетінеді. Саланы қолдау үшін шамамен 3,6 млрд теңге қажет. Бұл қаржы дизель сатып алуға, жүргізуші­лер­ді жалдауға және басқа да шығындарға жұмсалады. Пан­демия кезінде халықаралық бағытта жолау­шыларды автобуспен тасы­малдау қызметін тоқтату біздің Үкімет тарапынан жіберілген үлкен қателік болды. Соның зардабын қазір тартып отырмыз. Бір қызығы, статистикалық деректерде коронавирусты авто­бус тасымалы кезінде жұқты­ру­ға қатысты бірде-бір факті жоқ. Мұндай жағдайлар көбіне­се темір жол мен авиация саласында анықталған. Ендеше, тыйым салудың мүлде қажеті жоқ еді ғой. Осы жағын әлі күнге түсінбей далмыз, – дейді Қостанай облыстық автовокзалдар және жолаушыларды халықаралық бағытта автобуспен тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Леонид Кушнеров.

ABI Astana компаниясының басшысы Темірхан Күлханның айтуынша, пандемия кезінде нарық ойыншылары ортақ проблемалармен бетпе-бет келді. Олардың негізгісі – мем­лекеттік қолдаудың жоқ­тығы және заңсыз тасымалдаушылар қызметінің өріс алуы.

– Халықаралық автобус қатынасы ашылған күнде біз жолаушылар ағынын қайта қалыптастырып, ұлғайтуымыз керек. Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Сондықтан мемлекет тарапынан қолдау болса дей­міз. Бұл жайында ел Пре­зи­денті мен Үкіметке, басқа да мем­лекет­тік құзырлы органдарға хат жол­дадық. Әзірше бұл әре­кетімізден нәтиже шықпады, – дейді Т.Күлхан.

Өкінішке қарай, пандемия кезінде автовокзалдардың жұмысы да пышырап кетті. Олар­­дың біршамасы білікті қыз­­­­меткерлер штатын, көр­сеті­­­летін қызметтер санын қыс­­­қартуға мәжбүр болды. Ол ен­ді бөлек әңгіме.