Айта кетейік, бұл – театрдың биылғы алғашқы премьерасы. Театр директорының айтуынша, әлемнің әйгілі театрлары чех философ-хореографының балетін репертуарына қосуға асық. «Килиан туындысының репертуарымызға енгені біз үшін зор құрметпен қатар, орасан жауапкершілік әрі балет труппасының кәсіби шеберлігін мойындаудың белгісі. Оның өнер туындылары интернациналды әрі өзектілігін жоймаған, заманауи дүниелер», деді Александр Совостьянов.
«Жолдан тайғандар» туындысында, дауылпаз соққысымен сахнаға атып шыққан бишілер осы ырғақтың әсерімен қимылдап, көрермен қауымды ұйытып әкетеді. Дауылпаздың әр соққысы – ішкі импульс іспетті. Дауылпаздың сан соққысының ішінен бір ырғақты тапқандай көрінгенде, ол үзіліп кетіп, басқа әуен басталады.
«Атақты хореографтың ассистенті Стефан Жеромскидің жетекшілігімен театр әртістері қысқа мерзім ішінде өзіндік «килиан стилін» меңгеріп алды. Ол классикалық шеңберден тыс шығып, біздің әртістер үшін үйреншікті бидің формасынан асып түскен. Бишілер күрделі хореографияны меңгеріп қана қойған жоқ, өздерінің дербес келбетін де сақтай алды», дейді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Ал Стефан Жеромски бұл балет әйел табиғатын жан-жақты зерттейді деп санайды. «Олардың әрекетін болжау қиын, мінездері сан-қилы, ішкі болмысы да түрлі. Бұл қойылым дербестік туралы. Себебі «жолдан тайған» періште не істесе де өз еркі. Олар әлдебіреулердің сұранысын, олардың қалауын орындауға, соған сәйкес болуға міндетті емес. Меніңше, көрермен қауым да бишілерді өзге қырынан танып, көргеніне, осы арқылы қойылымды да бағалай алғанына іштей қуанып отырды», деді ол.
Айта кетейік, іс-шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.