Қоғам • 05 Сәуір, 2022

Қазақстан дұрыс тамақтанбайтын елдер тізімінде тұр

472 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкіметтің кезекті отырысында Қазақстан халқы дұрыс тамақтанбайтын елдер тізіміне кіретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан дұрыс тамақтанбайтын елдер тізімінде тұр

«Халықтың тағамдық әдеттеріне қатысты тұзды тұтынудың жоғары деңгейін атап өткім келеді. Сонымен қатар, қазақстандықтар көкөністер мен жемістерді тәулігіне 200-230 грамм ғана тұтынады, ДДҰ ұсынған норма – 400-500 грамм. Қазақстан Орта Азия мен Еуропаның ең дұрыс тамақтанбайтын 21 елінің арасында 9-шы орында тұр», деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Оның айтуынша, 2013-2018 жылдар аралығында құрамында қант бар сусындарды өндіру көлемінің 25%-ға өсуі және соның салдарынан оларды тұтынудың 13%-ға өсуі байқалады.

«Қазақстанда созылмалы инфекциялық емес аурулардың өсуі денсаулық сақтау жүйесіне де, жалпы ел экономикасына да жүктеменің ұлғаюына ықпал етеді. Соңғы зерттеуге сәйкес, жүрек-тамыр аурулары, қант диабеті, созылмалы тыныс алу және қатерлі ісік ауруларынан мезгілсіз қайтыс болу ықтималдығы 27%-ды құрайды», деп қосты ведомство басшысы.

Министр қант диабетімен сырқаттанушылықтың 62%-ға өскенін атап өтті.

Оның айтуынша, инфекциялық емес ауруларды азайту үшін құрамында қант бар сусындарға акциздер енгізу және балалар арасында сколиоз бен миопияның алдын алу бойынша бағдарламалар әзірлеу жоспарлануда.

Сондай-ақ, «салауатты асханалар», «салауатты дәмханалар», «салауатты дүкендер» бағдарламаларын әзірлеу жоспарда бар.

Сонымен қатар, балалардың семіздігін, оқушылардың физикалық және психикалық денсаулығына әсер ететін өмір салтын эпидемиологиялық қадағалау, жастар арасында психобелсенді заттарды қолдану және 13-15 жастағы балалар мен ересектерге темекі өнімдерін тұтыну туралы жаһандық сауалнама жүргізу бойынша зерттеулер жүргізу жоспарлануда.

Қабылданған шаралар нәтижесінде 2025 жылға қарай Денсаулық сақтау министрлігінде салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар үлесінің 19%-дан 45%-ға дейін ұлғаюы, халық арасында темекі шегудің таралуының 15 жастан 21,5%-дан 19%-ға дейін төмендеуі, балалар арасында семіздікпен сырқаттанушылықтың 100 мың тұрғынға шаққанда 95,7-ден 90-ға дейін төмендеуі күтіледі.