Ербол Қарашөкеев Президент жүктеген тапсырмалардың орындалу барысы туралы айтты.
Атап айтқанда, фермерлердің көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындығы туралы хабардар етті. Ведомство шаруалардың жанар-жағармай, тыңайтқыш, тұқым қорларымен қамтамасыз етілгендерін және техникалардың дайындығын қайта тексерді. Президент осы бағыттағы қаржыландыру көлемін 2 есе ұлғайту туралы шешім қабылдады. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта шаруашылықтар көктемгі егіс науқанына толық дайын.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіптік кешен және ветеринария саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту үдерістерімен танысты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық тауарларды жаңа нарықтарға шығару, аграрлық ғылымды дамыту, көктемгі егісті сапалы жүргізу жөнінде бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ жерді тиімді пайдалану үдерісіне және пайдаланылмайтын жерлерді қайтаруға бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.