![Мақаншыға мән берілсе екен...](/media/2022/04/05/12de828baa59a7251e1a085d992b54ce.jpg)
Шекара шебіндегі шарасыздық
Іргесі 1928 жылы аудан болып қаланған Мақаншы өңірі – Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан шекаралық аймақ. Қытай Халық Республикасымен шекарамыздың ұзындығы 220 шақырымға жуық қашықтықта, таулы-жазықты аймақта шектесіп жатыр. Шекара бойындағы Үржар ауданы бойынша шекара басқармасына (бұрынғы Мақаншы шекара отряды) қарасты 3 комендатура арқылы 13 шекара бекеті (застава) орналасқан. Шекаралық аумақ ашық қалған, бақылау жолдарын шаң басқан, жауынды күні лайсаң. Бірер жауынгер жаяу жүріп шекараны бақылайды, әскерилер жетіспейді. Бұрынғы 40-60 адам қызмет ететін кейбір бекеттер қазір күзет постыларына айналған. Заставалардағы ауыз су тасымалды, бұрынғы су көздері төмен түсіп кеткен. Тіпті Шағантоғай заставасында әлі күнге дейін электр жарығы үшін дизель пайдаланылады...
Көрші Қытай елінде шекара бойы жаңа салынған ауылдармен нығайтылып жатыр. Бүгінде Бақты кеден бекетінен 20 шақырым қашықтықта орналасқан Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласының халқы біздің бір облыстың халқымен теңесіп қалды. Қытайдағы Шағантоғай, Дөрбілжін, Толы аудандарының халық саны да еселеп артып келеді. Шекара маңында соңғы жылдары көпқабатты биік үйлер бой көтерген, жаңа қала, зауыттар салынуда. Ауылдар мен кенттерде, қыстақтарда тұратын халық өздерін «дивизия жасақтары» санайды. Шекараның әр 100 метр ара қашықтығы бақылау камераларымен бақыланып, электр жарықтарымен қамтамасыз етілген. Бағандар жанындағы бақылау жолдары асфальтталған. Сағат сайын әскерилер ел байрағын көтеріп шығып, бақылауындағы 100-500 метр жерді жүріп өтеді. Міне, мемлекеттіктің айбары!
Ал елімізде шекара бойындағы ауыл адамдары қотарыла көшіп, қала жағалап кетті. Еске түсірсек, 1969 жылы Жалаңашкөл маңынан елімізге баса көктеп кірмек болған қытайлықтарды Кеңес әскері тоқтатып, ел іргесінің бүтіндігін сақтап қалды. Біраз жыл бұрын Алматы облысының Алакөл ауданы аумағында орналасқан Үшарал шекара жасағына қарасты «Арқанкерген» шекара бекетінде болған қанды қырғын көңілімізге алаң ұялатты. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы «Терісайырық» шекара бекетінде шекараны тастап кеткен 11 жауынгердің іс әрекетін естігенде, не дерімізді білмедік. Командирлер мен жауынгерлер арасында патриоттық тәрбие мен ұлттық идеологияның әлсіздігі, офицерлер құрамының тәжірибесінің аздығы, жауынгерлердің психологиялық тұрғыдан дайын еместігі, азаматтарымыздың «әскерге шақырылу – болашақта жұмысқа тұруға жол ашу» деген санада болуы. Осының бәрі ойландыруға тиіс. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы 2 186 шекара жасағының оңтайландырылуы, оның бүгінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің Үржар аудандық шекара басқармасы болуы, жасақтың ғасырға жуық сақталған туының әкетілуі – әскеріміздің айбынын төмендетті, жауынгерлердің рухын түсірді. Болашаққа ұмтылған елдің туы қашан жығылып еді. Бүгін алдыңғы шептегі туымызды түсірсек, ертең не болмақпыз? Тудың иесі қайда? Өскемендегі мұражайдан іздейміз бе? Міне, қазір шекарашылардың өңір халқымен арадағы байланысы жоқтың қасының бір дәлелі – осы.
Ат төбеліндей шенділердің елдің болашағын ойлайтынына күмән басым. Олар қайткен күнде бос жатқан жерді игеріп, пайда табуды көздейді. Шекаралық аудан мәртебесінен айырылған барлық елді мекеннің көрген күні – осы. Жағдай осылай жалғаса берсе, «Жаңа Қазақстанды» қалай құрамыз?! Ауыл өмірін көрмеген, маңдай терімен табыс тапқан отбасыда тәрбие алмаған қазіргі әртүрлі деңгейдегі басшылардың елдегі нақты жағдайды білемін деген жалаң сөзі сенімге селкеу түсіргені рас.
Аудан орталығынан алыстаған ауылдар
1997 жылдан бері Мақаншы шекаралық ауданын қайта қалпына келтірсе деген ұсыныс-пікірлерімізді Президент әкімшілігіне, Үкіметке, Парламент депутаттарына талай мәрте жолдадық. Олардан оң шешім табуын күтіп, үміт үзбеген едік. Мақсатымыз – портфель ұстау емес, іргесі 1928 жылы қаланған шекаралық ауданның тынысы кеңейсе, жастарымыз тұрақтаса, ел іргесіндегі шекара бүтін болса деген ой еді. Кедендік бақылау заңдылықтарына сай шекарадан қашықтық 3-тен 60 шақырымға дейін орналасқан. Ұлы Жібек жолының үстіндегі Бақты кедені еліміздің осы облыстағы қақпасы сияқты. 1993-1997 жылдары тығырыққа тірелген уақыттың өзінде, аудан өз күш-қуатын сақтап, әр жылды таза пайдамен аяқтап отырды. Тіпті көрші Үржар ауданына қосылған кездің өзінде 1997 жылғы бағам бойынша аудан бюджетінде 23 млн теңге таза пайда болып еді. Ауданымыз ешқашан мемлекеттен дотация алып күн көрген емес. Осындай ауданның таратылып кетуі мақаншылықтарға әлі күнге жұмбақ болып қалды.
Бұрынғы Мақаншы ауданы халқының саны 1990 жылы 50 мыңға таяу болса, қазір 31 мың адамға дейін қысқарып, әсіресе жастар ауылдарда тұрақтамайтын болды. Шекара маңында орналасқан Ақшоқы, Саз, Бұғыбай, Қарабұта, Бақты, Қаратал, Барлық-Арасан, Қарабұлақ, Қызылбұлақ, Көктерек ауылдарында халық саны бұрын 1 500-3 500 аралығында болса, қазір 700-1 500 адам аралығында қалды. Бұрын «Ел шекарасын бүкіл халық қорғайды» деуші едік. Қазір бәрі керісінше. Тіпті ата-аналар шекара әскеріне қызмет етуге балаларын жібермеуге тырысуда. Бұл – өрескел әрекет.
Мақаншы ауданы таратылып Үржар ауданына қосылғаннан кейін, шекара бойындағы ауылдар аудан орталығынан 100-170 шақырымға дейін алыстады. Мектепте оқитын балалар саны азайды. Бүгінде 13 мың шамасында халық тұратын Мақаншы ауылында 2 мыңға тарта балдырған болса, олардың балабақшаға баратыны – 1 500. Ал оларға арналған 2 балалар бақшасы 150-дей ғана баланы қамтып отыр. Бір анықтама алу үшін арысы 100-150 шақырым жол жүріп аудан орталығы Үржарға келген адам, сол күні мақсатты жұмысын аяқтай алмай, қаншама қаржы шығарып ауылына қайтады. Ауылдар мен аудан орталығы арасындағы жол қатынасы да өз деңгейінде емес. Жыл сайын жол жөндеуге бөлінген қаржы желге ұшқанмен бірдей. Біріктірілген 3 ауданның (Таскескен, Мақаншы, Үржар) жер аумағының өте алшақтығынан, ауданды басқаруға өте ауыр. Бүгінде аудан әкімшілігі басқару жүйесіндегі кадрлардың саны сол бұрынғы 3 аудан басшылығын қоса есептегеннен әлдеқайда көп болса да, атқаратын жұмысынан нәтиже көре алмай отырмыз. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар деп айта алмаймыз. Мал шаруашылығының дамуы бақылауға алынбағандықтан соңғы 5-6 жылда мал аурулары өте көптеп шығуда. Бұл да басқару жүйесіндегі тәртіптің жоқтығы. Бүгінгі басшылар: «Біз өңірдегі Мақаншы, Қабанбай ауылдарын тірек ауылдарының қатарына қостық, қомақты қаржы бөлініп әлеуметтік дамудың шаралары жасалып жатыр», деп жаттанды сөздерін қайталаудан жалықпайды. Мәселен, 2018 жылы басталған су тарту жүйесі міне, төртінші жылға кетті, аяқталар түрі жоқ. Салынған құрылыста сапа жоқ. Мақаншы ауылында соңғы 3-4 жылда бірер көшенің асфальті жамалғаны болмаса, жыл сайынғы «8-10 көшеге асфальт жайылады» деген меже шығарып салма сөз күйінде қалып келеді.
Рас, соңғы 2-3 жылда өңірдің ауылдарына шамалы қаржы бөлінді. Бірлі-жарым ауылдарда мәдениет ошақтары жөнделіп, мектеп ішінен сәбилерге арналған бейімдеу орталықтары ашылуда. Шағын ауылдардың көшелері жарықтандырылуда, су жүйесін тарту қолға алынуда. Алайда сол қаржының шын мәнінде қанша көлемде бөлініп, жұмыстың қандай сапада атқарылып жатқанын жергілікті халық қана сезініп отыр, ашып айтуға дәрмен жоқ. Міне, 3-4 жылдан бері өңіріміздегі Алакөл көлінің жағасын су шаюдан қорғау, құрғату, абаттандыру мақсатында бірнеше жүздеген миллион ақша мемлекеттен бөлінуде. Алайда су көл жағасын емес, бөлінген қаржыны тез шайып кетуде. Көл жағасының байырғы табиғаты бұзылып, Алакөл жағасын құрғатамыз деп жүріп, емдік су көздері бітеліп, табиғи байлықтарына үлкен зиян келуде. Миллиондаған қаржы сапасыз жөнделген жолдың шаңының астында қалды. Оны тексеретін немесе жауап беретін адам жоқ.
Халық саны аудан құруға мүмкіндік береді
Жалпы, шекара бойының бос қалуы саяси және мемлекеттік жағынан мән беретін мәселе болып отыр. Еліміздегі экономикалық жағдайдың қалыпты тұрақтылығын сақтау, барлық сала бойынша даму стратегиясын қолға алу қажеттілігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында баса айтқан еді. Сондықтан шекаралық аудандарды қалпына келтіру кезек күттірмейтін мәселе. Әсіресе, алыс шетелмен шектесетін шығыстағы санаулы 4-5 ауданды, соның ішінде Мақаншы өңіріне назар аударған ләзім. Бүгінде халық саны азайды десек те, мұның өзі Шығыс Қазақстан аймағындағы аудандық мәртебесін бұған дейін сақтап қалған Абай, Бесқарағай, Күршім, Курчатов, Көкпекті, Катонқарағай сияқты аудандардың халқынан әлдеқайда көп. Яғни халық саны аудан болып аяғымыздан тік тұрып кетуге толық мүмкіндік береді. Жердің табиғи байлығы да жетерлік. Жалаңашкөл көмірі, Бақты халықаралық кедені, Алакөл туристік аумағы – біздің болашағымызға жол ашар үмітіміз.
Әлбетте, ауданды құрудың бір күнде шешіле салмайтынын да білеміз. Мақаншы аудан болып құрылған жағдайда шекаралық аудан, шекаралық аймақ деген ұғымдар ел ішінде қалыптасар еді. Жалпы, шекаралық аудандарды сауықтырамыз деп қаржы бөлу ақылға симайды. Нақты айтар болсақ, ол қаржы біреудің жемі. Алматы облысының Нарынқол ауданы сияқты, тек аудан мәртебесін қайтарған күнде ғана қаймана қазақтың қолы аузына жетері анық.
Облыс әкімі Д.Ахметов 2021 жылы бізге хат арқылы берген соңғы жауабында «Мақаншы ауданын қайта қалпына келтіру үшін 9-12 млрд теңге көлемінде қаржы керек», деп жазды. Бұл – атүсті алынған цифр. Мақаншы ауданын қалпына келтіруге сонша көп қаржы қазір қажет емес. Олай дейтініміз, Үржар ауданының бюджетінде бұл өңірдің біршама шығыны қарастырылған. Осы өңірде орналасқан 11 ауылдық округі, 19 елді мекендегі барлық мектеп пен аурухана және емдеу орындарының қаржысы бюджетте бекітілген. Сондай-ақ кадр мәселесі де шешілген. Одан басқа аудандық деңгейде жұмыс істейтін 40-тан астам облыстық, республикалық бюджет қаржыландыратын мемлекеттік ұйымдар, инфрақұрылымдар, басқару жүйелері, ірі кәсіпкерлік сала мен шаруа қожалықтары жұмыстарын жалғастыруда.
Шекара бойындағы аудан дамып, халық қоныстанып, ауыл-аймақ ажарлана түссе, мемлекеттің айнасы емес пе?! Ең бастысы, шекара шебіндегі елдің еңсесінің түспеуі, ел іргесінің бүтін болуы.
Әбен РАЗУЕВ,
мәдениет қайраткері, Үржар ауданының құрметті азаматы,
Сүйеубай БАЙҚАДИЕВ,
мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы,
Мақаншы ауылы