Өмірді сақтандыру деген не? Нарықта оның сан түрлі сипаты бар. Мәселен, сіз балаңыздың келешектегі білім алуы үшін қаржы жинай аласыз. Егер бұрыннан сақтандыруға қаржы бөліп жүрген болсаңыз, емделу кезінде сақтандыру компаниясы ем-дом ақысын өтеп береді. Сондай-ақ «Зейнетақы аннуитетін» пайдалану арқылы ғұмыр бойы тәуір зейнетақы алып тұруға мүмкіндік бар. 2021 жылы сақтандыру сыйлықақысы мен төлем көлемі бойынша лидер (124,8 млрд теңге) атанған «Халық-Life» АҚ-ның басқарма төрағасы Жанар Жұбаниязованың айтуынша, адамдар қызмет ететін саласына орай сақтандыру бағдарламасын дұрыс таңдай білгені жөн. Мәселен, үнемі жолға шығатын азамат жол-көлік оқиғасына орай өтемақы беретін бағдарламаны, биіктікте жұмыс істейтін азамат оқыс оқиғадан зардап шегу өнімдерін таңдағаны дұрыс болмақ. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Алда-жалда өмірге қатер төне қалса, сақтандыру компаниясы көмек қолын созады.
– Егер өміріңізді өлімге соқтыруы мүмкін аурудан және оқыс оқиғадан сақтандырғыңыз келсе, онда келісімшартта осы тәуекелдердің бәрі жазылғанына мән беріңіз. Сондай-ақ сақтандыру компаниясы сақтандыру төлемінен босатылатын ерекше жағдайларға да назар аударыңыз. Сонда түсінбестік болмайды және нақты қай кезде, қандай жағдайда төлем алатыныңызды біліп жүресіз. Мысалы, азаматқа көлікке мас күйінде отырып апатқа ұшырап көз жұмса, қауіпті спорт түрлерімен айналысса, көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарса немесе өз-өзіне қол жұмсаса, компания төлем бермеуге құқылы болуы мүмкін. Бірақ, ең бастысы, сақтандыру компаниясының сенімділігін дұрыс бағалай білу, – дейді Ж.Жұбаниязова.
Қысылтаяң сәтте сізге қаржылық қолдау көрсететін компанияның сенімділігін бірнеше критерий негізінде бағалауға болады. Оның біріншісі – компанияның қаржылық ахуалы, оның ішінде активтері, сақтандыру резерві, сақтандыру сыйлықақысы мен сақтандыру төлемінің көлемі. Екіншісі – компанияның инвестициялық портфелінің құрылымы.
Әңгіменің әлқиссасын кеңес беруден бастағанымыз да тегін емес. Өмірді сақтандыру Қазақстанда кенжелеп тұр. Дүниежүзілік банк дерегі бойынша еліміз өмірді сақтандыру сыйлықақыларының ІЖӨ-дегі үлесі бойынша 49-орында тұр. Бізде тек қана өмірді сақтандырумен айналысатын 9 компания бар – «Халық-Life», Nomad-life, Freedom Finance Life, «Еуразия», «Еуропалық сақтандыру компаниясы», Standard Life, Мемлекеттік аннуитеттік компания және «Сентрас Коммеск Life». 2021 жылдың қорытындысы бойынша өмірді сақтандыратын компанияларға түскен сыйлықақы көлемі 392,1 млрд теңгені құраған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 71,3 пайызға көп. Freedom Finance Life мамандарының зерттеуінше, қазақстандықтардың көбі 1 мың долларға дейінгі минималды жарнамен сақтандыру келісімшарттарын жасайды. Сауалдама қорытындысында өмірді сақтандырған адамдардың 77 пайызы – әйелдер, 23 пайызы ерлер екені анықталған.
«Өмірін сақтандырғандардың көбі (45 пайызы) айына орташа 400-600 мың теңге жалақы алса, 25 пайызының жалақысы 600 мыңнан да көп, 12 пайызы – 250-400 мың теңге табыс табады, 8 пайызының кірісі 250 мыңға дейінгі аралықта. Респонденттердің 73 пайызы жинақтаушы өмірді сақтандыру бағдарламасын қолайлы көреді. Бұл бағдарлама депозит пен сақтандыру функцияларын біріктірген. 27 пайызы коронавирустан, қатерлі аурулардан, оқыс оқиғалардан сақтану және туристік сақтандыру бағдарламаларын таңдаған. Өмірді сақтандыру бойынша негізгі үш бағыт бар, біріншісі – жинақтаушы өмірді сақтандыру, екіншісі – тәуекел өнімдер (ауру, оқыс оқиға – ред), үшіншісі – зейнетақы аннуитеті», деп жазады Freedom Finance Life.
– Біз соңғы алты айда келісімшарт жасасқан клиенттерімізге талдау жасадық, – деп түсіндіреді Ж.Жұбаниязова, – олардың 49 пайызы әйелдер болса, 51 пайызы – ерлер. Жинақтаушы сақтандыру келісімшарттары бойынша жарна көлеміне қарап бағалар болсақ, ерлер әйелдерге қарағанда көп салады. Әйелдерде сақтандыру жарнасының орташа мөлшері – 20, ерлерде – 44 млн теңге. Ал клиенттеріміздің орташа жасы – 40 жастан жоғарылар. Бұдан шығар қорытынды – отбасы, бала, немересі бар ауқатты азаматтар өмірді валюталық сақтандыру бағдарламаларына көп қызығады. Олар барынша тиімді жинақтау жасап, салымдарын валюта тәуекелдерінен қорғап, күтпеген оқиғалар туындаған жағдайда өз өмірін қаржылық жағынан қорғағысы келеді.
KM Life өмірді сақтандыру компаниясы АҚ басқарма төрағасы Назым Бекболатова ең танымал өнім ретінде жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды айтады. Өнімнің дәл осы түрі жұмыс берушілердің еңбек шартын жақсартуына, еңбек қауіпсіздігін арттыруға елеулі ықпал етуде. «Жазатайым оқиға қаншалықты азайса, сақтандыру келісімшартының да бағасы соншалықты арзандайды. Бұл сақтандыру өнімі қазір әлеуметтік функцияны да атқарып отыр десек қателеспейміз», дейді KM Life басшысы.
Ал Nomad Life өмірді сақтандыру компаниясы АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мәди Шалғымбаев компанияның былтыр 31 млрд 863 млн теңге таза табыс тапқанын айтады.
«Клиенттерімізге 6,9 млрд теңгеге 13 мыңнан астам төлем ұсындық. Соның 44 пайызы – зейнетақы аннуитетінің еншісінде болса, 33 пайызы еңбек қауіпсіздігіне қатысты. Мұның аясында еңбек қабілетін қалпына келтіруге байланысты шығындарды өтеу, өндірістік оқыс оқиғадан зардап шегіп, мүгедек болып қалған немесе еңбек міндеттемесін орындау кезінде қаза болған қызметкерге және оның отбасындағы адамдар шығындарын өтеу төлемдері кіреді», дейді М.Шалғымбаев.
Сарапшылар нарық биыл да жандана түседі деп есептейді. Өйткені сұраныс жылдан-жылға артып келе жатыр.
«Биыл тұтынушылық несиелеу көлемінің төмендеуі күтілмейді, демек займшылар тарапынан өмірді сақтандыруға қатысты сұраныс та жоғары болмақ. Сондай-ақ зейнетақы аннуитетінің бірлескен шарттарын жасасу үшін заңнамалық нормалардың күшіне енуін күтеміз. Бұл жеткілікті зейнетақы жинақтары жоқ ерлі-зайыптылардың біріне жұбайында жеткілікті жинақ болған жағдайда осы сақтандыру өнімін пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ минималды жалақының 60 мың теңгеге көтерілгенін ескере отырып, міндетті сақтандыру да өсім көрсетеді деп отырмыз. Былтыр зейнетақы қаржысын пайдалануға байланысты зейнетақы аннуитеті жақсы өсім көрсетті. Биыл енді ондай өсім бола қоймас. Практика көрсеткендей, пандемия нарыққа соншалықты кері әсерін тигізе қойған жоқ. Ал цифрландыруды жеделдетуге қатысты әсері болды. Компаниялар бизнес-процестерге жаңа технологияларды белсенді енгізе бастады», дейді Ж.Жұбаниязова.
Қазіргі таңда «Халық-Life» АҚ-ның 1,3 млн-нан астам клиенті бар. Ең жақын мақсатымыз – ел арасында қаржылық сауаттылықты арттыру және жинақтаушы сақтандыру бағдарламаларын дамытуға күш салу дейді компания өкілдері. Сондай-ақ олар биыл балалардың пайдасына мемлекеттік субсидиямен жинақтаушы сақтандыру өнімдерін ашуды жоспарлауда. Соңғы бірер жыл көлемінде онлайн-форматтың белсенді дамуы сақтандыру өнімдерін компания сайттарынан сатып алуға да жол ашты. Осылайша, процестер мейлінше жеңілдетілді. Электронды формат 2022 жылы дами түспек. Яғни өмірді сақтандыру үшін кеңсеге бару керек, уақыт жоғалту керек деп сары уайымға салынудың қажеті жоқ. Өмірді сақтандыру үшін не каскадер, не экстремалды спортпен айналысу шарт емес. Сақтандыру, біріншіден, қоғамда қаржы мәдениетін қалыптастырады, екіншіден, бұл – өз-өзіңізге деген жанашырлықтың айқын көрінісі.