Қоғам • 05 Сәуір, 2022

Әлеуметтік желідегі әкімдер

687 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов әлеуметтік желідегі парақ­ша­сын ашты. Үш күннің ішінде Үкімет басшысының парақшасына 23 мыңға жуық желі қолданушысы жазылды. Әрине, бұл ресми аккаунт болғандықтан жазылым бойынша көрсеткіштерді бел­гі­лі блогерлермен салыстырудың қажеті жоқ. Маңыздысы, алғашқы күннің өзінде-ақ желідегі жұрт 1200-ден астам пікір қал­ды­рып үлгерген.

Әлеуметтік желідегі әкімдер

Көпшілігі пікірінде бұл қарым-қатынасқа көңілі толатынын білдірсе, біразы бірден іске көшіп, көкейде жүрген көптеген мәселені қозғаған. Осы қалдырған жазбаларды оқып шығар болсаңыз, қоғамға қызмет қыламын деген құзырлы органдардың басшыларына барлық мәселе ашық, айқын көрініп тұр. Бұқара халықты бұрыннан мазалап келе жатқан мәселеге мойын бұру ғана қал­ғандай... Бірақ біздің атқарушы билік алдын­дағы істі адамға жағамын деп емес, жоғарыдағы аға-көкесінің айтқанымен ғана істейтініне үйреніп қалғандаймыз. Сірә, солардан бұйрық келмейінше, қозғалмас деген сенімсіздік бойды билей береді.

Премьер парақшасындағы комментарийлерде көтерілген мәселелердің қайсысы алдағы уақытта жоғарының нұсқауынсыз жедел шешімін табар екен?..

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Біз кез келген мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуіміз керек. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату өте маңызды. Себебі нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады» деді.

Президент пайымы билік тармақтарына пәрмен болуға тиіс.

Осы орайда Министрлер кабинетінің мүшелері арасында әлеуметтік желіні жан-жақты қолданып жүрген ведомство басшыларын көзіқарақты жұрт біледі. Оны халықпен арадағы тиімді қатынас құралы ретінде немесе жеке басының жарнамасы ретінде пайдаланатындарды да жақсы біледі деп ойлаймыз. Қазір әлеуметтік желінің әртүрлі мүмкіндігі жетерлік. Сондықтан смартфонын сипаламаса жүре алмау әлдекімдерге популистік сипат та дарытатыны жасырын емес. Кейбір желіні белсенді қолданушы лауазым иелерін оппоненттері осы тұрғыда сынап та жүргенін байқаймыз.

Үкімет мүшелерінің арасында әлеуметтік желідегі ең белсендісі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов болар, бәлкім. Әлбетте, бұл республикадағы ең ауқымды саланың бірі болғандықтан, жаңалық та, өзгеріс те, мәселе де жетерлік. Десе де ведомство басшысының білім ошақтарында болған келеңсіз жағдайларға дер кезінде үн қосып, үнемі қажетті ақпаратты беріп отырғаны –басқа министрлерге үйренерлік үлгі.

Бұл белсенділік саланың ерекшелігіне де байланысты болуы ықтимал. Өйткені жаратылыстану салаларындағы басшылар жеке парақша жүргізуге грамматикалық және стилистикалық сауаттылығының жете бермеуіне байланысты қысылуы да мүмкін. Бірақ мұны ақпаратқа мұқтаж аудитория ақтамайды. Өйткені қазір коммуникацияның заманы. Мұның соғыс жағдайында да маңызы зор екенін айналадағы геосаяси жағдайлар аңғартты. Тіпті қазір әлеуметтік желіде ті­ке­лей өзі отыратын президенттер мен бас­па­сөз хатшысы сөзін тәпсірлеп отыратын президенттердің арасындағы арасалмақтың өзі алшақтап бара жатқанын аңдауға болады.

Ал еліміздегі атқа мінген әкімдердің бәрі әлеуметтік желіні жиі қолданып жүр ме? Иә, белгілі деңгейде қолданып жүр. Бірақ осы әкімдердің жұмысындағы шикілік туралы сөз қозғасаңыз сізге шүйліге кететіндер – ақтаушылар армиясы қаптайтынына куә болып жүрміз. Бұл Президенттің халыққа Жолдауында айтқан жасанды монополияның бір түрі ғой және оны орындау әкімдікке бағынысты мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлеріне жүктелетіні де жасырын емес. Мұндай манипуляциядан арылмасақ, Жаңа Қазақстанды жаманды жасырып, көрер көзге көрініп тұрғанға көз жұма қарап құра алмайтынымыз тағы да анық.

Тағы бір мәселе, мерзімді және электронды баспасөзде жарық көрген жанайқай жарияланымдарды жорта елемегені сықыл­ды әлеуметтік желідегі әңгімеден де әрі айналып өткісі келетін әкімдер бар. Бұқаралық баспасөздің қуатты құралына айнал­ған әлеуметтік желімен жұмыс істеу – әлеу­мет­тің үніне құлақ асу. Еститін үкіметті қалып­тастыратын тетік – осы. Міне, осы мәсе­ле­лердің бәрі мемлекеттік басқару ісіндегі жаңа құрылымдық реформалардың бас­тауы болуға тиіс.