Төртінші турдың алғашқы ойыны Ақтауда жергілікті «Каспий» мен Шымкенттің «Ордабасы» клубтары арасында өтті. Кейінгі үш матчтың екеуінде жеңіске жетіп, біреуінде тең ойнаған «Каспий» футболшылары бұл жолы да жеңіс тойын тойлады. «Жас Қанат» стадионындағы ойында алаң иелері қарсыластарынан 2:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде уақытша көш бастады. Сырт алаңда «Таразбен» кездескен «Атырау» қарсылас команданы 1:0 есебімен тізе бүктірді. Кездесудегі шешуші голды бірінші таймның 42-минутында «Атыраудың» жартылай қорғаушысы Андрия Филипович пенальтиден соқты.
Ал құрамын шетелдік және ұлттық құрамада өнер көрсететін тәжірибелі футболшылармен жасақтаған «Ақтөбе» бұл турда да жанкүйерлерін қуанта алмады. Өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдап, 1:1 есебімен тең тарқасты. Матчтың есебін 78-минутта «Ақтөбе» сапынан Уго Видемон ашса, 83-минутта «Шахтердің» қорғаушысы Тимур Досмағамбетов таразы басын теңестірді.
Биыл Еурокубок бәсекесіне қатысатын Петропавлдың «Қызылжар» клубынан әзірге былтырғыдай қарқын байқалмайды. Алғашқы үш турда бірде-бір ұпай жинай алмаған Андрей Карпович шәкірттері төртінші турда әрең дегенде алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Өз алаңындағы матчтарын «Астана Аренада» өткізіп жүрген «Қызылжар» «Ақсу» клубын қабылдап, 2:1 есебімен ұтты. Бірінші таймда Айбол Әбікеннің пенальтиден соққан голына алаң иелерінен Мусса Саеб Коне мен Юрий Бушман бір-бір голмен жауап қайтарды.
Төртінші турдың тағы бір маңызды ойыны елорданың «Астана» клубы мен Түркістан облысының «Мақтаарал» командасы арасында өтті. Алғашқы екі турда жеңіліске ұшыраған еліміздің алты дүркін чемпионы сырт алаңда «Мақтааралды» ірі есеппен жеңді – 3:0. Бірінші таймда «Астананың» португалиялық жартылай қорғаушысы Педру Эужениу дубльдің авторы атанса, екінші таймның 57-минутында Марин Томасов пенальтиден гол соғып, ойынның нүктесін қойды. Қатарынан екінші ойында жеңіске жеткен «Астана» турнир кестесіндегі жағдайын біршама жақсартып алды.
Екінші ойын күнінің алғашқы матчында Алматының «Қайраты» Оралда күтпеген жерде «Ақжайықпен» тең түсіп (0:0), қатарынан екінші кездесуінде ұпай жоғалтты. Матч тізгіні толықтай Құрбан Бердыев шәкірттерінің қолында болғанымен, «Қайрат» футболшылары «Ақжайық» қақпасына гол соға алмады. Тіпті ойынның 88-минутында оралдық ойыншы Виталий Приндета екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылса да алматылық команда одан нәтиже шығара алған жоқ. Сөйтіп чемпионат аутсайдерінің бірімен ұпай бөліскен «Қайрат» сегіз ұпаймен турнир кестесінде үшінші орынға сырғыды.
Турдың соңғы ойынында Қостанайдың «Тобылы» өз жанкүйерлерінің алдында Түркістанның «Тұран» клубын қабылдап, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Алаң иелері сапынан 19-минутта Зоран Тошич пенальтиден гол соқса, екінші таймда Асхат Тағыберген дубль жасады. Төрт турда 10 ұпай жинаған «Тобыл» турнир кестесінде топ бастады. «Каспийде» де 10 ұпай болғанымен, ақтаулық команда доп айырмашылығына байланысты екінші орынға түсіп қалды.
Енді V тур ойындары 9 (сенбі) және 10 сәуір (жексенбі) күндері өтеді. Бұл турда «Ордабасы» – «Тобыл», «Атырау» – «Ақжайық», «Қайрат» – «Каспий», «Тұран» – «Қызылжар», «Астана» – «Тараз», «Ақсу» – «Ақтөбе» және «Шахтер» – «Мақтаарал» командалары кездеседі.