Айтулы оқиғаға еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Өзбекстанның мемлекеттік медициналық сақтандыру қорының атқарушы директоры Фаррух Шарипов, Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық сақтандыру жүйесін енгізу басқармасының басшысы Абдурахим Юлдашев пен Өзбекстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарының басқа да өкілдері қатысты.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы МСАК жүйесін реформалау туралы, мультидисциплинарлық командалар қалай құрылғаны және мамандарды оларда жұмыс істеуге оқыту туралы баяндады.
«Қазақстанда 6 мыңнан астам МСАК (медициналық-санитарлық алғашқы көмек) орталығы жұмыс істейді. Олардың 90%-ы – жалпы практика дәрігерлері мен педиатрлары бар учаскелер. Біз сырқаттардың қажеттіліктерін ескере отырып, МСАК нысандарын көбейтуді жоспарлап отырмыз. 2025 жылға дейін 500 учаске салынады, биыл 100-ден астам учаске пайдалануға беріледі», деді А.Ғиният.
Сондай-ақ министр созылмалы жұқпалы емес аурулардың алдын алу мен оған қарсы күреске, пациенттердің өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілігін арттыруға, медициналық персоналдың өзара әрекетін жақсартуға және ықтимал асқынулардың алдын алуға бағытталған барлық қолда бар ресурстарды пайдалануға бағытталған ауруларды басқару бағдарламасын сәтті енгізуге қатысты сөз қозғады.
Дөңгелек үстел отырысынан кейін министр бастаған шетелдік қонақтардың делегациялары аурухананы аралап, пациенттерді бөлудің тираж-жүйесімен, сондай-ақ МСАК мультидисциплинарлық командаларының жұмысымен танысты.
А.Ғиният МСАК бригадалары КВИ пандемиясымен күрес пен халықты вакциналау науқанына тартылғаны туралы хабарлады. Есік қаласындағы Еңбекшіқазақ көпбейінді ауданаралық ауруханасы базасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетуде алғашқы демонстрациялық алаңы салтанатты түрде іске қосылды.
«Демонстрациялық алаң ашудағы мақсат – дәрігерге бағытталған МСАК қызметтерін көрсетудің биомедициналық моделін МСАК көпбейінді командалары негізінде анағұрлым тұтас тәсілге, яғни медициналық-әлеуметтік көмек моделіне қарқынды қайта құруда Қазақстанның тәжірибесімен алмасу көзделініп отыр», деді А.Ғиният.
Министр елімізде МСАК жүйесі құрылатын мультидисциплинарлық тәсіл емдеудің барлық кезеңінде көрсетілетін медициналық көмектің: учаскелік қызметтен ауруханалардағы мамандандырылған көмекке дейінгі үздіксіздігі мен сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атады.
«Қазақстанда, атап айтқанда, Есік қаласында Демонстрациялық алаң ашу ДДҰ-ның Қазақстанның МСАК-ты дамытудағы жетістіктерін мойындаудың нәтижесі деп білеміз. Біз Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасы сияқты ұйымдардың заманауи инновациялық технологияларды қолданудағы тәжірибесі мен жетістіктерін басқаларға үлгі етуге ұмтыламыз», деді министр.
«Қазіргі заманғы жаңа жағдайларда Қазақстан МСАК-ты қоса алғанда, денсаулық сақтау жүйесін жолға қойып, халыққа неғұрлым тиімді қызмет көрсету үшін оны күшейту жөнінде шаралар қабылдады. Бұл – ДДҰ-ның қолдауымен Қазақстанда Еңбекшіқазақ көп бейінді ауданаралық аурухана базасында медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету бойынша көпбейінді командалар қызметінің табысты мысалы ретінде демонстрациялық алаң ашуға ықпал етті», дейді Ханс Клюге.
Ендігі жерде мұндай алаңдар ДДҰ Еуропалық аймағының үш елінде: Қазақстан, Испания және Швецияда бастамашы бола алады.
Осыдан кейін доктор Ханс Клюге Алматы облысының Есік қаласында Еңбекшіқазақ көпбейінді ауданаралық ауруханасы базасында еліміздегі медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету саласын реформалау тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысып, үздіксіздік пен сабақтастыққа негізделген МСАК көпбейінді командаларының биомедициналық моделінен кешенді моделіне көшудегі Қазақстанның тәжірибесі талқыланды.
АЛМАТЫ