Жуырда 2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай елордадағы «Астана-Опера» театрында қайырымдылық концерті ұйымдастырылды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен іс-шараның басты қатысушылары – күрделі медициналық диагнозы бар дарынды балалар. Сахна шеберлерімен бірге олар да ән шырқап, музыкалық аспаптарда ойнады. Өзге де шығармашылық шеберліктерін көрсетті. Мұндай қайырымдылық қадамы «Астана-Опера» қызметінің маңызды бағыттарының бірі саналады.
– Қазақстанда жарияланған Балалар жылында өскелең ұрпаққа ерекше назар аударғым келеді. Сондықтан осы театр қабырғасында жас таланттардың қатысуымен қайырымдылық концертін өткізу бастамасына қуана үн қостық. Музыканың емдік күші ондай балалардың оңалуына мүмкіндік береді. Жеке тұлғаның жаңа қырларын ашып, шығармашылығын, шеберлігін шыңдауға көмектеседі. Жас әртістердің бастамаларына қолдау көрсете келген көзіқарақты көрермендерге де алғысым шексіз. Зал толғанына шын жүректен қуаныштымыз. Оларды алда жаңа жетістіктерге толы шығармашылық өмір күтіп тұр деп үміттенеміз, – деді «Астана-Опера» театры директорының орынбасары Айжан Құрманғалиева.
Концертке қатысқандардың бірі – 3-сынып оқушысы Дарын Ажмолдаев. Ол вокалмен кәсіби түрде айналысады әрі табиғи талант керемет таза дауысқа ие. Дарын бұл жолы Неаполитанның Santa Lucia әнін, Н.Жақыптың сүйікті «Әке-Ана» әнін және басқа да шығармаларды орындады. Оған төрт жасында аутизм диагнозы қойылған еді. Ал 6 жасына дейін сөйлей алмайтын. Бірақ үнемі музыка тыңдап жүрді. Мінез-құлықты түзетудің тиімді әдісінің нәтижесінде ол дамуда үлкен жетістіктерге жетті. Алдымен ән айтатын, кейіннен сөйлейтін болды. Қазір Дарын вокал мектебінде оқуын жалғастырып жатыр. Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты атанды. «Үркер» аула клубының «Балауса» балалар инклюзивті хорының құрамында ән айтады.
Сонымен қатар Х.Харсиев ингуш халқының әні «Лорса лиданы» орындаса, Е.Тұрмаханбетов А.Бахановтың «Асыл ана» шығармасын қойды. Сол сияқты Ясмин Бектеубаева, Даниял Джуасов, Нұрым Нарымбаев және басқа да жас дарындар өз өнерлерін ортаға салды. Кеш қонақтары үшін театр фойесінде «Аутизммен ауыратын бала тәрбиелеп отырған отбасының бір күні» атты фотокөрме және аутизм спектрі бұзылған балалар жасаған суреттер мен қолөнер экспозициясы ұсынылды.
– Кейінгі 7 жылда қазақстандық балалардың арасында анықталған аутизм жағдайларының саны 5 есе өсті. Былтырғы деректері бойынша, аутистік спектрдің бұзылуымен динамикалық бақылауда 4,8 мыңнан астам пациент тұр. Біздің іс-шарамыздың басты мақсаты аутизмі бар балалар керемет ән айтып, би билеп, сурет салып, мүсін жасап, музыкалық аспаптарда ойнай алатынын көрсету болды. Ең бастысы, шығармашылық сабақтар балалардың әлеуметтенуіне көмектеседі, – деді Abaqus-daryn білім беру қорының құрылтайшысы Шынар Ажмолдаева.