Кино • 06 Сәуір, 2022

Шыңырау түбіндегі шындық

805 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әдетте, шыңырау құз-шатқалдың түбінде жатады. Шындық жолында... Шың шынға жетелейді. Тау басына өрлеген қия соқпақ, тігінен өрмелеген сүрлеу жол қарға адым жер қалғанда, шырқау биікте қалт үзіледі. Ешкім шыңыраудан (ақиқаттан) аттап кете алмайды. Кім өткел салады...

Шыңырау түбіндегі шындық

Жалған сөз, шын сөз – қатар өмір сүретін егіз құбылыс. Бәрін білу үшін бірінің маңызынан мәнін, бірінің мазмұнынан мағынасын таныған жөн.

Қарсы алдында тұрған – қара құрдым бөлген қайқаң биік. Жоғарыдан көріну үшін төменнен бастау қажет.

Шыңырау өзіне тесіліп қа­раған адамға өзі де қадалып қарайды. Тұңғиықтың жүзі суық. Терең шұңғыманың құ­шағы кең.

Повесть – Әбекеңдікі (Әбіш Кекілбай), киноверсиясы – Жәнібек Жетірудікі. Ақиқат қана Құдайдікі.

Режиссер әлемді оператор­дың көзімен көреді, оператор дүниежарықты режиссердің дүниетанымына (өлшеміне) сыйғызады.

Фильмдегі әрбір кадр – паң.

Шалқақ. Сән-салтанаты ас­қан көш, айбыны басқан лек. Фотоаппараттай жарқ-жұрқ еткен көрініс жоқ, сахнада эстрада емес, опера. Ойландыратын, толғандыратын жанр.

Әр кадр – баяу. Уақиғалары бәсең. Қаһармандары орнық­ты, байыпты, сабырлы. Клас­сикада асығыстық жоқ. Ол – мәңгіліктің категориясы. Бүгін­гінің уақыты тар.

Бір сурет – бір кадр.

Живопись.

Өз алдына шедевр. Әрекет – мазмұнды, сөз – деректі. Өт­кір көзде, құмығып жеткен дауыста – өмір. Дыбыстарда – сан алуан тіршіліктің бояуы. Қа­ракеті. Кейде жалпы фон ірі планға қызмет етеді. Ірі план өз кезегінде фон кеңдігін, терең­дігін, ұзақтығын білдіреді.

Шудың да тәртібі бар. Ды­быс дауысты, дауыс дыбыс­ты қозғайды. Судың келе жатқаны тұла бойыңды шымырлатады. Оның өзі кино.

Былғары шелектің түскені мен көтерілгені – ғажап. Кино дегеніміз сол. Құдықтың аузына жетіп, кенересімен теңескенде дөңгелек кеңістіктен айдың қи­ығы көрінеді. Бұл жеке талдануы тиіс эпизод.

Баяу фильмнің бейнеті көп, сонысымен құнды. Сюжетте жал­ған детектив азайғанда, шын кино көбейеді.

Әсем кадр – киноның алды. Фабуладан сценарийді қиып алғанда, сюжет шығады.

Диспозициядан – композиция, желіден – көген.

Фильмнің мазмұны – құ­дықтың сыртында емес, ішінде. Шын арпалыс шыңы­рауда. Бақталастық та, бақыт та, бақ та.

Қарақалпақстан ауып келген шебердің кінәсі сол – ол талантты. Ертеде дарын дарынға дос, бір-біріне жақ еді. Оны шайтан арбады. Атағын, абыройын қызғанды. Содан бері басынан бақ тайды, құты қашты, сорлады.

Шыңырауға қызығып еді, шыңырауды молынан көр­ді. Оны шыңырау жұтып қой­ды, теңізге бет алған ағыс жо­лындағысын қиратып, жойы­п, қопарып, өзімен бірге ақ теңізге ала кетті.

Теңіз алғанын бермейді, адам алғанын беруі тиіс екен. Бойындағы қарым-қабілет, қадір-қасиет халықтікі.

Еңсеп көмусіз қалды. Қазған ұлы құдығы «Еңсеп өлген» атанды.

Бұл шығарма – тәмсіл. Жа­ңабектің кино-тәмсілі: талант – Құдай берген қарыз. Оны өтемей о жаққа кете алмайсың.

Елге жасаған қызметіңді көпсінбе, елдің бойындағы талантты азсынба, дейді кино. Бас кейіпкерді сомдаушы ак­тер­дің шеберлігі тамсандырды. Негізінен, режиссерлік жұмыс, авторлық көзқарас.

Расында, бұл Жаңабектің, қала берді, қазақтың ең үздік киноларының бірі. Ол топ жарып шықты. Тек сабыр керек...

 

Дидар АМАНТАЙ