Нұр-Сұлтанда «Қайырымды істер» марафоны аясында қасиетті Рамазан айында 1,5 мыңнан астам әлеуметтік аз қамтылған отбасы азық-түлік себетін алады. Қайырымдылық іс-шарасын қала әкімдігі мен демеушілер бірлесіп ұйымдастырды.
Азық-түлік себеттерін таратуға ҚМДБ өкілдері, еріктілер мен жанашыр азаматтар үлкен көмек көрсетті. Себеттер Әзірет Сұлтан мешітінде жинақталып, елорданың 4 ауданындағы мұқтаж отбасыларға жеткізілді.
«Бүгін қасиетті Рамазан айында 1,5 мың азық-түлік себетін таратуды бастадық. Азық-түлік жиынтықтарын жағдайы төмен отбасылар алады, олардың арасында ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек жандар, зейнеткерлер, жетім балалар, көпбалалы аналар бар. Азық-түлік жиынтықтарында май, ұн, күріш, жарма, қарақұмық, қант, шай, томат пастасы сияқты қажетті азық-түліктер бар. Бір азық-түлік себетінің салмағы – шамамен 20-25 килограмм», деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтері Дамир Айтымов.