Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Көрнекті қазақ ақыны Қуандық Шаңғытбаевтың «Құлын» атты жырынан туып отыр әңгіме. Суреті де, сыр-сипаты да өзгеше туынды. Қалың жылқының арасынан көзге оттай басылар тұрпаттылары болады ғой, шоқтықтысы. Анадайдан, бір жалтаңның астынан ойқастап, әр мүшесі билеп шыға келетін арғымақ текті жыр өзі сөйлейді:
Өрттей қаулап, нарттай лаулап қыр гүлі,
Май бұрқырап тұрған кезде қырмызы,
Мәрмәр тұяқ, меруерт кекіл, қан күрең
Құлын келді дүниеге бір күні.
Ойнай келді, қунай келді балаша,
Тулай келді тіршілікпен таласа.
Төбелінен сүйіп алғың келетін,
Қолыңды иіскеп, алақаның жаласа.
Керілгенде келте жалын сілкетін,
Құйын өтсе, құты қалмай үркетін.
Аңқау еді, емшек іздеп таба алмай,
Енесінің төсін түгел түртетін.
Аңқау еді, адал еді, ақ еді,
Күнә-күпір, пәс-пәледен пәк еді.
Атқан таңның, батқан күннің парқына
Түсінбей, тек таңырқайтын бала еді.
Мағжанның жаза алмай кеткен жырларын жазам деп келген Қуандық ақын осылай жырлайды. Өлеңнің алғашқы осы шумақтарының өзі өмірдің, піспеген, жасаң өмірдің суретін айнытпай салып тұр. Бұдан асырып жырлап көр балалықты?! Анығында біз бәріміз осылай келмеп пе едік өмірге? Бір-бір айтөбел құлын емес пе едік? Өмір бізден басталу керек еді ғой...
Бұл жалғанда жау бар ғой
деп ұқпайтын,
Көк талмайтын, кісінейтін,
ұйықтайтын.
Күн шуақта елтең-селтең жүгіріп,
Жаңбыр жауса, енесіне ықтайтын.
Ертелі-кеш енесі еді ермегі,
Ондай жомарт, мейірбанды көрмеді,
Оқта-текте оқыранып бір қойса,
Барша бақыт сол болатын жердегі.
Тағдыры не?
Таңдайында тас тұр ма?
Жем боп ертең кетер мүмкін
қасқырға.
Жал-құйрығы оқаланып, ойқастап,
Жүрер әлде бір Тахауи астында.
Бұл шумақтар автордың ойы. Құлын әлі қамсыз. Ой кірмеген. Енесінен басқаны білмейтін бейкүнә. Төтеннен келген қауіп-қатерден енесі құтқарады деген сенім біткен бірақ бойына. Анасының уызына аузы тиген адамзат баласының бойына да әуелі сенім бітетін көрінеді. Мағжанның «әйел – тәңірі» дейтіні бар. Яғни құлын енесінің аш қалдырмасын біледі. Енесінің бауырына кіріп жаңбырдан паналап, желден ықтайды. Табиғаттан бөлек енесінің махаббаты мен мейіріміне малшынып өседі. Сенім дегеннің өзі жаратылыс бойына жылылық пен мейірімнен бітетін құбылыс па деп ойлап қаласыз осыдан кейін. Ең қиыны ес кіргенде емес, ой кірген күн шығар деп ойлауға болатын шығар.
Бірақ әлі білмейді ғой түгіңді,
Қызық керек оған мына бүгінгі:
Сімірді де бір тостаған қымызын,
Қызып алып, сәби тағы жүгірді.
Шамырқанып тал бойында ат қаны,
Шапқылады, байыз-баян таппады...
Осы кезде көкек айдың аспанын
Көк-ала бас көбік бұлттар қаптады.
Көкті лезде қола құйып торлады,
Кетті бұрқап бұйра бұлттың орманы.
Бұлан-талан бір бұлағай басталды,
Ақырғандай мың арыстан тордағы.
Әрі қарай еш пікірсіз өлеңді тұтас беруге болар еді. Бірақ тоқтауға тура келеді. Табиғаттың өзін торға қамап ақыртып қойған өлең тоқтатады еріксіз. Аспанның даусын естірткен бұйра жалды бұлттарды торға қамап, арыстанша ақырту... Ақын сүйегіндегі ірілік шығар.
Ағыл-тегіл кетті от пен дүр ұшып,
Құлын қалды лезде ғана бүрісіп.
Бір уыс боп енесінің ығында,
Дір-дір етіп, зәре-құты тұр ұшып.
Кенет аспан шарт сынғандай
гүрс етті,
Тап алдынан тарғыл түтін
бұрқ етті.
Селк етті де, тұра қашты құлыншақ,
Сорлы бие сол орнында сылқ етті.
Өлді ене, кетті сәби серігі!
Өтті жаңбыр, тынды дүлей сел үні.
Жазығы жоқ, жаны таза жетімнің
Өміріне өксік кірді со күні...
Өмір оған түгел дарқан, тегін-ді,
Сенгіш еді, көрмеп еді өлімді.
Жүгіріп кеп енесіне періште,
Сора берді дертіп жатқан желінді.
Әй, Қуандық, бұл да саған бір ақыл,
Бар қызыққа бәйек болмай,
тұра тұр,
Қарашы әне: аспанда – нұр,
жерде – гүл,
Болмағандай түкте сұмдық сұрапыл.
Барлығы (сенімі, қорғаны, панасы, жанашыры) осы күні күйреп түскен құлын жалғыз қалды. Бір-ақ күнде өксікпен қатар ой кіріп, есейіп кеткен шығар. Айтпақшы, енесі өлген соң жалғыз емес, Құдаймен қалды деген дұрысырақ болар, бәлкім...