Экономика • 06 Сәуір, 2022

Шетелдік азық-түлікті шектеу керек

519 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шетелдік азық-түлікті шектеу керек. Бұл – отандық тамақ өнеркәсібі өкілдерінің талабы! Айналамызда орын алып жатқан түрлі ахуал оларды айрықша алаңдатып отыр. Сол себепті сала өкіл­дері Үкіметке отандық өнді­рушілерді қолдауға бағыт­талған шаралар кешенін ұсынды. Статистикалық деректерге назар аударсақ, ішкі нарықта отандық тамақ өндірушілерді алаң­дата­тындай жағдайлар жоқ емес.

Шетелдік азық-түлікті шектеу керек

«Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы Агроөнеркәсіп­тік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеевтің мәліметінше, 2021 жылы азық-түлік импорты шамамен 4,9 млрд долларды құраған. Елімізге әкелінген азық-түлік өнімдерінің жартысынан көбі Ресейге тиесілі. Мәселен, іргедегі көршімізден 300 млн долларға конфет пен печенье, 200 млн долларға қант импорттап отыр.

– Қазір отандық бизнес қиын кезеңді бастан кешіп жатыр. Сондықтан бизнеске қолдау керек. Бұл елдің азық-түлік қауіп­сіздігі үшін де маңызды. Соңғы айлардағы жағдайлар азық-түлік нарығымыздың импортқа тәуелді екенін анық байқатты. Көлік байланысына, сауда қатынасына сызат тү­сіп еді, нарық та теңселіп кетті. Сыртқы факторларға дәл осылай тәуелді болған соң «болашақ­та өзімізді азық-түлікпен қалай қам­тамасыз етеміз, немен қорек­тенеміз?» деген сауал да өзекті бола түсті. Mercedes пен Toyota шығара алмасақ та, сырттан импортталатын азық-түліктің үлесін төмендетуге үлес қоса алатын компаниялар баршылық. Міне, соларды қолдауға тиіспіз, – дейді Ербол Есенеев.

Оның айтуынша, кез келген импорт валюта бағамына байлаулы. Оны соңғы уақытта тұрғындар да анық сезінді. Мысал ретінде қант бағасының шарықтап, дефициттің орын алғанын айтуға болады. Мұн­дай қиындықтан шығудың бірден-бір жолы – отандық өнім­ді қолдау. Бұл ретте ел тұр­ғын­дарынан да патриоттық талап етіледі. Өйт­кені отандық өнім­ді сатып алу арқылы өз өндірі­сіміздің дамуы­на үлес қосамыз.

– Жергілікті компаниялар­дың нарықта жұмыс істеуі үшін жақсы жағдайлар жасау, сауда желілерін отандық тамақ өнім­дерін қолдауға және дәріп­теуге тарту бірінші кезек­тегі міндетке айналуы керек. Азық-түлік саласы тиімді мемлекет­тік реттеу­ді қажет етеді. Онда да отан­­дық өндірушілердің мүд­десіне басымдық берілуі керек. Азық-түлік өндірісі – стратегиялық сала. Әлемдік тұрақсыздық пен логистикалық байланыстардың үзілуі жағ­дайында оның маңы­зы тіпті арта түседі. Әзірге са­ла­­ның дамуын мемлекет тара­­пынан дұрыс көңіл бөлін­беуі көрші елдердің тамақ индус­триясының алыптарымен тең емес бәсекелестік тежеп отыр, – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының департамент директоры.

Қазақстан Сүт одағының басшысы Владимир Кожевников­тің пікіріне қарағанда, өнім­ді шығаруға басымдық беру аздық етеді. Оны сатуға да көңіл бөлу керек.

– Біздің өндірушілер өнімнің негізгі көлемін ірі сауда желі­лері арқылы сатады. Дегенмен, өндірушілердің өнімдерін супермаркет сөрелеріне шығару оңай емес. Өйткені олардың нарық­тық экономиканың 30 жылында қалыптасқан өз заңдары мен ережелері бар. Сауда желі­лері үшін жеткізушілерді таң­дау­дағы басты критерий – сапа емес, сатып алу бағасының тө­мен­­дігі. Желілер үшін бастысы өнімді арзан бағамен алу. Осы­ның салдарынан қазақстан­дық сапа­лы өнімдер дүкен сөре­лері­не мүлдем қойылмауы мүмкін.

Отандық сауда желілеріндегі өнімнің жартысынан көбі импорттық тауарлармен толып тұр. Осыны реттеу керек. Мәсе­лен, Ресейде дұрыс жолға қо­йылған мемлекеттік реттеу сая­сатының нәтижесінде сауда желілері ассортиментінің 80 пайы­зы жергілікті компа­ния­­лардың өнімдерінен тұра­ды. Дамыған елдерде өз өндіру­ші­леріне қолайлы жағдай ұсыну тәжірибесі бар. Бұл дегеніміз – сөрелерден жақсы орындар беру, міндетті түрде есеп айырысу үшін қосымша орындар ұсыну, сатылған тауарлар үшін жылдам ақы төлеу және отандық тауарларды ілгерілету. Бізге де осындай тәжірибені енгізу қа­жет. Әйтпесе, ішкі нарықтағы отан­дық азық-түлік өнімдерінің үлесі азая бермек. Бұдан елдің азық-түлік қауіпсіздігі зардап шегеді, – дейді Владимир Кожевников.

Оның айтуынша, жергілікті сауда желілеріне кіру үшін отандық өндірушілер шығынға ұшы­райды. Ал өнімдерін төмен бағамен сатса, отандық өндіру­шілер жаңа жабдықтарды сатып алуға, жаңғыртуға, жаңа өнімдер өндірісін игеруге жұмсайтын та­быс таба алмай қалады. Даму үшін өндірістің міндетті түрде та­­­­быс­­­ты болуы керек екені дә­лел­­­­деуді қажет етпейтін аксиома.

– Тұтынушылық патриотизм­ге тәрбиелеу, отандық өнім­дерді тұтынудың пайдасы мен ар­тық­­шылықтарын түсін­діру жұ­мыс­­тарын жандандыру қажет. Ел тұрғындарына сапа­­лы және бәсекеге қабі­лет­ті отан­дық өнім­дерді сатып ала оты­рып, өз өмі­рін жақ­сартуға үлес қосаты­нын түсін­діру маңызды. Тұтыну­шы­лар жергілікті компаниялар шы­ғар­ған өнімдерді сатып алу ар­қылы ел экономикасының дамуына үлес қосады. Бұл дол­лар бағамына тәуелділіктің төмен­деуіне, ел бюджетіне түсе­тін са­лық түсімдерінің өсуіне, отандық өндірістің дамуына, жаңа жұмыс орындарының құры­луына жол ашады. Соны­мен қатар жергілікті өнімдер им­порт­тық тауарларға қараған­да жаңа, табиғи әрі пайдалы болатынын ескеру керек, – дейді Қазақстан Май және тоң май одағының президенті Конс­тантин Невзоров.

Бүгінде отандық тамақ өнер­кәсібі индустриясында 2,5 мың­нан астам кәсіпорын жұмыс істейді. 2021 жылы олар 2,2 трлн теңгеге азық-түлік өнім­дерін өндірді. Қазақстан үшін тамақ өнеркәсібі – ұлттық қауіп­сіз­­діктің стратегиялық маңыз­ды құрамдас бөлігі. Сондық­тан аталған сектордың дамуы ұлт­тық экономика үшін ма­ңыз­ды. Демек, бізге дамыған елдер­дегі­дей отандық өнімді саудалау үшін басым жағдайлар жасауды көз­дейтін тамақ өнімдерін өнді­ру мен өткізудің заманауи бағ­дар­ламасын әзірлеу қажет. Сала өкілдерінің негізгі ойы да осы.