Үш күнге созылған белдесулер барысында Алматы облысының жасөспірім қыздары өздерінің өте жақсы бабында екендіктерін байқатып, жергілікті жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. Тарқатып айтсақ, Тоқжан Дәулеткелді (44 кило), Жібек Құлымбетова (47 кило), Аяжан Мұқтарғали (54 кило) және Нұршат Кемелханқызы (72 кило) алтыннан алқа тақса, Ұлжан Дәулеткелді (44 кило), Іңкәр Төлепберген (59 кило), Арай Төлеубай (59 кило), Аяжан Жеңісханқызы (80 кило) және Гауһар Қанатбек (80 кило) үздік үштікті түйіндеді. Нәтижесінде, 4 алтын және 5 қола медальды қоржынға салған жетісулық қыздар жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.
– Алматы облысының балуан қыздары өз деңгейінде өнер көрсетті. Жыл сайын өтетін ел біріншілігінде біз кемінде үш-төрт алтыннан олжалап, жалпы есепте көш бастауды жақсы бір дәстүрге айналдырдық. Соның нәтижесінде қыздарымыз әлем және құрлықтық додаларға үздіксіз қатысып келеді. Мәселен, 2020 жылы Сербияда Гүзел Аюпова мен Аружан Арман қола медальды мойындарына ілсе, 2021 жылы Өзбекстанда Әнел Қайратқызы дәл сол межеден көрінді. Бұл ретте біз тек әлем біріншіліктері жайында ғана айтып отырмыз. Оның сыртында Азия чемпионаты және басқа да халықаралық жарыстарда олжа салып жүрміз, – дейді Алматы облысының жаөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Қайрат Жармұхамедов.
Қыздар арасында өткен жарыстың өзге салмақ дәрежелерінде жамбылдық Сара Шугаева (50 кило), қызылордалық Зарина Мұратасыл (59 кило) мен Әсемай Рүстемова (65 кило), түркістандық Ұлбосын Әділова (80 кило) және шымкенттік Алина Өмірбек (+80 кило) алтын тұғырға көтерілді.
Ұлдардың сайысында Жамбыл облысынан келген жас өрендер оза шапты. Аталған команданың сапында Алмат Ахматғали (71 кило), Бейбарыс Нұғман (79 кило) және Бейбарыс Райс (+79 кило) қарсылас шақ келтірмесе, Әден Дінмұхамед (53 кило), Әли Әлімби (64 кило) және Диас Тұрлыбек (71 кило) ақтық сында ғана сүрінді. Ал Ерік Нұрдәулет (58 кило) қола медальды мойнына ілді. Сондай-ақ бас жүлдені олжалағандар арасында қызылордалық Нұржан Тумырзаев (49 кило), атыраулық Ақниет Аңсаған (53 кило), маңғыстаулық Қуанышбек Көмеков (58 кило), қарағандылық Арман Нұржанов (64 кило) пен Ақжол Дүйсенбаев (88 кило) және талдықорғандық Дамир Ахет (98 кило) бар.
– Соңғы кездері ел біріншіліктерінің барлығында Жетісу өңірінің қыздары алдарына жан салмай жүргені баршаға аян. Бірақ ұлдарымыздың қарқыны сәл бәсең еді. Иә, жүлдегерлер санатынан көрінген шәкірттеріміз жетерлік. Бірақ бізді бір қынжылтқан жайт – 2019 жылдан бері бірде-бір өреніміздің чемпиондық тұғырға көтеріле алмауы. Сол олқылықтың орнын толтыру шін Талдықорғандағы жарыс қарсаңында жергілікті бапкерлер еш аянбай еңбек етті. Нәтижесі жаман болған жоқ. Біріншілікті басынан аяғына дейін бір деммен өткізген Дамир Ахет 98 кило салмақта бас жүлдені қанжығасына байласа, тағы бес спортшымыз күміс пен қола медальды иеленді. Бірақ біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Алдағы жарыстарда бүгінгі табысымызды еселеу үшін барынша күш саламыз, – деп Алматы облысы самбо федерациясының президенті Берік Жетпісбаев ақтарыла сөйледі.
Балғын балуандардың боз кілемдегі белдесулерін Республика самбо федерациясының президенті Айдос Ақжанов, сол ұйымның вице-президенті Манарбек Бисекенов, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Біржан Иманханов бастаған бір топ басшы мен майталман маман табжылмай тамашалады. Енді Талдықорғанда өткен жарыстың қорытындысы бойынша жасөспірімдер құрамасы жасақталып, олар биылғы жылдың екінші жартысында өтетін әлем және Азия біріншіліктеріне дайындалады.