Қоғам • 07 Сәуір, 2022

Адамды қайта тәрбиелеуге бола ма?

542 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Иә, адамды қайта тәрбиелеуге бола ма? Заманынан озып туған, Ұлы, ақылман ақын Абай қайта тәрбиелеуге болады дейді.

Адамды қайта тәрбиелеуге бола ма?

Қараңғы қазақ көгінде білім мен ғылымның туын желбіретіп, қандастарына сыни көзбен қарап қана қоймай, оларға бағдар беріп, қайта тәрбиелеу үшін барлық күш-жігерін де, темірдей берік жүйкесін де, қарымды қаламын да аямай жұмсап, мыңмен бір өзі алысып өткен заманынан озып туған данышпан Абай қайта тәрбиелеуге болады дейді. Қолында билігі болса, адамды қайта тәрбиелеуге болмайды деген адамның тілін де кесер ме еді, кім білсін.

Содан бері Абай тәрбиесін мақұл еткен, ащы сындарына тұщынған, данышпан сілтеген жолмен жүруді мұрат еткен екі ғасырға жуық уақыт өтті. Айтқандары санамызға терең сіңбесе де бұл күнде жиі еске алатын халдеміз.

Ал қазір қоғамда санамызда жетпіс жыл бойы компартия сіңіріп келген идеология да азды-көпті өмір сүріп жатқанын қаперден шығармаған жөн.

Бұрындары бір рулы елді жұрт алдында беделді, әрі-бергіні болжай білетін, өзінен гөрі өзгенің, елдің қамын көбірек ойлайтын бір қария билейтін болса, бұл күнде шарапатын айналасына молынан шашқан ауыл ағасын іздеп табудың өзі оңай емес. Тапқан күннің өзінде ондай данагөй қартты тыңдайтын, ақылына құлақ асатын жандарды кездестіру де қиынның қиыны болып барады.

Жасырып қайтеміз, қазіргідей дүрбелеңі көп дүниеде кейде тұтас ұлттың қамынан гөрі, рудың жалауын көтеріп кететініміз және бар. Тәуелсіздік алған отыз жылымызда рушылдығымыз бәсеңдеудің орнына одан әрі өршіп кеткендей көрінеді маған. Қарап отырып өзімнен өзім шошимын. Осылай кете берсек, Жаңа Қазақстанды қалай құрамыз?

Меніңше, Жаңа Қазақстанды құру әркімнің өзінен басталуға тиіс. Адамды қайта тәрбиелеу, әрине, қиынның қиыны. Бірақ әркім өзін өзі қайта тәрбиелей алады. Бойында ар-ұяты бар саналы адам өзін өзі өмір бойы тәрбиелейді. Өйткені өмірдің өзі сабақ!

Бұған қосарым, әрқайсымыз біріміз үшін екіншіміз жан алысып, жан берісетін тас түйін ел болуға ұмтылуымыз қажет. Қандай қиын жағдайда да бір-бірімізді түсінуге тырысып, бір-бірімізді қолтығымыздан демеп, бір-бірімізге сүйеніш, тіреу бола білсек, болашағымыздың көкжиегі де кеңейе түседі. Ел басына ауыртпалық түсе қалса, бірлесіп көтерісу де оңай болады.

Сонда ғана Президент ұсынған Жаңа Қазақстанды бүкіл халықтың ойынан шығатындай етіп құра алмақпыз.

 

Марат ҚАШҚЫНБАЕВ,

Балқаш ауданының Құрметті азаматы

Алматы облысы,

Бақанас ауылы