Фотогалерея • 07 Сәуір, 2022

Орал қаласында жаңа әуе терминалы ашылды

716 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орал халықаралық әуежайына Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың есімі берілгенін айтып, сүйінші сұрағанымыз кеше ғана еді. Енді міне, батыр қыздың есімін иемденген әуежайдың су жаңа ғимараты әуе жолаушыларына есігін айқара ашты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орал қаласында жаңа әуе терминалы ашылды

Орал қаласына ұшақпен келіп-кетіп жүргендер біледі, соңғы екі жылдан бері әуежай ғимараты жөндеуге жабылып, жолаушылар уақытша қойылған қуықтай жерде тіркелуге мәжбүр еді. Әсіресе бұл көрініс Ақ Жайық өңіріне алғаш келген адамға есінен кетпестей жағымсыз әсер қалдыратын. Бұрынғы әуежай ғимараты әуелі күрделі жөндеуге жабылып, кейін оның іргетасындағы ақауға байланысты мүлдем жаңа жоба қабылданған. Осылайша екі жылға созылған құрылыс ақыры сәтті аяқталды. Сәуірдің 7-сі күні жаңа әуе терминалының тұсаукесер рәсіміне Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев арнайы қатысты.

«Биыл қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толу құрметіне облыс жұртшылығы батырдың есімін әуежайға беруге ұсынған еді. Ол тілекке үкімет басшысы құлақ асып, жақында ресми қаулы шықты. Міне, бүгін су жаңа ғимаратты ашып отырмыз. Әрине, құрылыс кезінде біздің жерлестеріміз, қала қонақтары көп қиындыққа, қолайсыздыққа кез болды, сынға да ұшырадық. Бірақ біз қалай да жолаушыларға сапалы, ыңғайлы терминал салуды ұйғардық. Сондықтан бұл жобаның «басы қатты, аяғы тәтті» болды деген ойдамын. Осы жобаға қаржы бөлген, қолдау көрсеткен Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в. компаниясына, бас мердігер, оралдық «KazConstructionGroup» компаниясына, терминал маңын абаттандыруға атсалысқан белгілі бағбан Қайрат Кәрімовке алғыс айтамын», деді өз сөзінде Батыс Қазақтан облысының әкімі Ғали Есқалиев.

Құрылысына 6,6 млрд теңге жұмсалған Орал халықаралық әуежайының жаңа терминалы өңірдегі туризмнің дамуына, жолаушылар ағынын ұлғайтуға, жаңа халықаралық бағыттарды ашуға, әуе көліктері арқылы жүк айналымын арттыруға қуатты серпін береді деген үміт бар.

в

Ғали Есқалиев жаңа әуежай құрылысында 60 пайызға дейін қазақстандық материалдар мен өнім пайдаланылғанын мақтанышпен айтты.

«Бұл еліміздің әлеуетін, отандық компаниялардың жоғары деңгейін көрсетеді. Енді біздің Орал қаласын – Қазақстанның батысындағы нағыз әуе қақпасы деп айтуға болады. Европаға ең жақын облыс – біз! Сондықтан өңірде туризм бағыты дамиды деп ойлаймыз. Енді жаңа әуе бағыттарын ашуға, жүк тасымалдайтын мүмкіндік ашылады, бұл экономикаға серпін береді деп ойлаймын. Алысты жақын ететін нысан құтты болсын!», деді әкім.

щ

Халықаралық әуежай терминалының аумағы 10 000 шаршыметр. Жолаушыларды өткізу қуаты жылына 600 мың адамға дейін деп есептелген. Жаңа нысанның инженерлік-технологиялық құрылымына жауапты «Инфратек» компаниясының өкілі Андрей Қабановтың айтуынша, әуежай бір сағатта 400 жолаушыға дейін қатар қызмет көрсете алады.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздің барлық өңірінде әуежайлар, транспорттық инфрақұрылымын дамыту жөнінде кешенді шаралар, үлкен жобалар қолға алынды. Әсіресе батыс өңірдегі Ақтөбе, Атырау, Ақтау әуежайларымен бірге, бүгін міне, Орал қаласының да байырғы әуежайы жаңа терминалын ашып, үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Бұған атсалысқан Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг компаниясы басшыларына министрлік атынан алғыс айтамыз. Министрлік тарапынан Орал әуежайын елімізде «Ашық аспан» қағидасы бойынша жұмыс істейтін жүйеге қосуға көмек жасалады. Әуежайды одан әрі дамыту үшін Қазақстанның ішіндегі барлық өңірмен әуе қатынасын жалғау, шетелдерге жаңа рейстер ашу қажет. Қазіргі уақытта Оралдан Нұр-Сұлтан, Алматы және Түркістан қалаларына, Германияның Франкфурт қаласына әуе рейстері бар. Болашақта халықаралық әуе қатынастары ұжымының шешімі бойынша, шетелден келетін авиакомпанияларды іске қосу үшін Азаматтық авиация комитетіне тапсырма берілді», деді өз сөзінде Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев.

Оралдың жаңа терминалында 6 тіркеу үстелі бар, бір ерекшелігі, бұл тіркеу орындары әмбебап, ешқандай авиакомпанияға байланбаған. Яғни кез келген бағытқа баратын жолаушы кез келген бағаннан тіркеле береді. Сонымен бірге жолаушының өзі де автоматты түрде тіркеліп, жүгін өткізе алады. Қысқасы, жолаушы үшін барлық жағдай жасалған. Терминалдың қауіпсіздік жүйесі ең заманауи құрылғылармен жабдықталған. Жоғарыда айтылғандай, әуежай құрылысында пайдаланылған әйнек, керамикалық тақта, санфаянс, жиһаз және т.б. материалдар - өз елімізде шығарылған өнім.

в

Айта кетейік, әуежайдағы барлық құрылғы бір ай бойына сынақ режимінде жұмыс істейтін болады. Бірақ бұл жолаушылардың алаңсыз ұшып-қонуына кедергі жасамайды.

Осы жобаның бас мердігері – «KazConstructionGroup» ЖШС Бас директоры Мұратбек Мұхамбедиев қасиетті рамазан айында ашылып жатқан әуежайдың жаңа ғимаратына құтты болсын айтып, терминал құрылысында заманауи технологиялар қолданылып, халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізілгенін, 250-ге жуық адам екі жыл еңбек еткенін жеткізді. Компанияның бірнеше қызметкері Мұхит Темірбаев, Сержан Ахмет, Дәурен Килажев, Алмас Иманғалиев, Ернияз Күдіреевтер Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

д

Айтпақшы, Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежай ғимаратының айналасы да ерекше абаттандырылған. Орал қаласында орналасқан С.Исаев атындағы халықаралық эксперименталдық бақтың иесі, белгілі бағбан-ғалым Қайрат Кәрімов әуежай айналасын жергілікті климат жағдайына төзімді және ерекше көрікті тал-терекпен көмкеріп шығыпты. Былтыр күзде отырғызылған балапан теректердің көркі жыл өткен сайын көз арбайтыны анық. Қазірдің өзінде әуежай ғимаратының алдындағы Ниваки қарағайы осы әуежайдың ерекше белгісіне айналғадай.

д

Таяу болашақта Орал әуежайынан жаңа бағыттар ашылатыны белгілі болды. Мәселен, енді оралдықтар Амстердам, Мәскеу, Киев, Стамбул, Санкт-Петербург, Әбу-Даби, Атырау, Шымкент қалаларына тіке ұшып бара алады.