Коллаждарды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Аталған ведомство Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңдеу өнеркәсібінің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларына терең талдау жүргізген. Талдау барысында импортты алмастыру, ішкі нарықты дайын өнімдермен қамтамасыз ету, сондай-ақ шикізат базасын, инфрақұрылымды және қазақстандықтардың кадрлық құзыретін ескере отырып, экспорттық әлеуетті арттыру мүмкіндіктері зерделенген.
– Министрлік желісі бойынша еліміздің барлық импортына талдау жүргізілді. Импорттың жалпы сомасы жылына 38,4 млрд долларды құрайтыны анықталды. Елімізге машина жасау (16,4 млрд доллар), химия өнеркәсібі (3,2 млрд доллар), қара және түсті металлургия (3,1 млрд доллар), жеңіл өнеркәсіп (2,2 млрд доллар), сондай-ақ құрылыс материалдары (1,4 млрд доллар) өнімдері көп көлемде жеткізіледі, – деді министр.
Ведомство зерттеу нәтижелерін жинақтап, зерделеген соң импортты алмастырудағы басымдықтарды айқындапты. Соған сәйкес жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, өңдеу өнеркәсібінің 6 бағыты бойынша инвестициялық жобалар пулы жасалған. Оған жалпы сомасы 20 трлн теңге болатын 700-ден астам іске асырылып жатқан және перспективалық өндірістер кірді. Кәсіпорындар 131 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуды көздейді.
– Жобалар 4 санатқа бөлінген: биыл енгізілетін, іске асырылатын, пысықталатын және перспективалық жобалар. Сондай-ақ олар өңірлер бойынша бөлініп, аса маңызды бағыттар жеке тізбеге енгізілген. Әр өңір мен тізімді толық құзыреті бар кураторлар жүргізеді. Олар жобаларды ілгерілетуге көмектесіп, жауапты болады. Мысалы, егер қандай да бір кәсіпорында жолдың жоқтығына байланысты проблема туындаса, куратор құжаттарды дайындап, министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың басшылығын хабардар етуге тиіс, – деді министр Қайырбек Өскенбаев.
Кураторлар қазірдің өзінде арнайы оқудан өтіп, байланыс арналары жасалған. Жолға қойылған жүйе әр жобаны дербес сүйемелдеуге, проблемаларын жедел шешуге және іске қосуды жеделдетуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 131 негізгі жоба іске асырылуы тиіс деп айқындалған.
– Елде болат өндірісін дамыту әлеуеті зор. Мысалы, 12,5 млн тонна темір кені концентратын болатқа қайта өңдеу мүмкіндігі бар. Ол үшін 1 млн тонна болат шығаратын жаңа ірі болат құю зауыты қажет. Нәтижесінде, 700 мың тонна арматураны импорттау және автолист өндірісін жолға қоямыз. Осы орайда импортты алмастыру тұрғысынан жылына 1,8 млн тонна өнім өндіруге және жоғары сапалы болат импортын 75 пайызға қысқартуға мүмкіндік беретін 4 болат құю зауытын салу жоспарлануда. Олар Павлодар, Қостанай және Ақтөбе облыстарында салынады, – деді министр.
Қ.Өскенбаевтың дерегінше, қуаттылығы жылына 1 млн тонна болатын жартылай кокс және арнайы кокс өндіретін 2 жаңа зауыт іске қосылмақ. Кәсіпорындар аталған өнімнің 330 млн доллар көлеміндегі импортын толығымен алмастырмақ. Екі зауыт та Қарағанды облысында бой көтереді.
– Қара металлургияда қосымша 5 ферроқорытпа зауытын салу жоспарлануда. Жоба шеңберіне 3 млрд долларға 1,1 млн тонна ферроқорытпа шығарылады. Жобалар толығымен экспортқа бағытталған және Қытай зауыттарының жабылуына байланысты әлемдік ферроқорытпалар нарығындағы 2,5 млн тонналық тапшылықты жабады. Зауыттар Павлодар және Қарағанды облыстарының аумағында бой көтермек. Түсті металлургияда 2025 жылға дейін 12 негізгі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Алюминий бойынша 830 мың тонна отандық глиноземді өңдейтін жаңа электролиз зауытын салу көзделген. Ол бастапқы алюминий экспортын 4 есе, яғни 1,2 млрд долларға дейін ұлғайтады. Қосылған құны жоғары тауарларды өндіру шеңберінде алюминийден өнім өндіру бойынша 6 негізгі жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл экспортты 645 млн долларға дейін ұлғайтуға жол ашады, – деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар 1,1 млн тонна отандық мыс концентратын өңдейтін жаңа мыс балқыту зауытын салу жоспарда бар. Бұл катодты мыс экспортын 2 есе, яғни 3 млрд долларға дейін ұлғайтпақ. Мыстан қуат кабельдері, созба сым және сымдар, мыс құбырлары мен түтіктер секілді дайын бұйымдар шығаратын зауыттар салу да күн тәртібінде тұр. Бұл экспортты 200 млн долларға арттырады деп күтілуде.
– Қорғасын өңдейтін жаңа зауыт салынады. Ол қорғасыннан дайындалатын өнімнің экспортын 150 млн долларға арттырады. Сирек және сирекжер металдарды дамыту бөлігінде технологиялық күрделі өнімдер – жоғары сапалы аммоний перренаты және ванадий пентаоксидин шығаратын зауыттар салу ойда бар. Өнім экспорты 133,5 млн долларды құрайды. Бұдан басқа, ірі халықаралық өндірушілерді тартуды қажет ететін басқа да сирек кездесетін металдарды өндіру әлеуеті байқалып отыр. Сондай-ақ құрамында түсті металл кендері мол 5 аса ірі барланған кен орындарын тиімді игеру бойынша жұмыс жүргізіледі. Бұл өнім экспортын 3,7 млрд долларға өсірмек, – деді министр.
Машина жасау саласында 21 негізгі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Негізгі бағыттары – автомобиль шиналары, тұрмыстық техника, компьютерлік жүк автомобильдері, металл өңдеудің автоматтандырылған желілері, мұнай-газ жабдығы импортын алмастыру. Экспортқа бағытталған жобалар да бар. Олар арқылы экспорт көлемін 622 млн долларға арттыруға болады. Бұдан бөлек мұнай-газ машиналары өндірісінде тауашалы жобаларды іске асыруға инвестициялар тарту көзделген. Сектордағы импортты алмастыру әлеуеті 2,5 млрд долларға тең.
– Химия өнеркәсібінде 2025 жылға дейін 18 негізгі жоба іске асырылмақ. Жобалар кальцийленген сода, полипропилен, натрий цианиді және минералдық тыңайтқыштар өндірісіне қатысты. Өндірілген өнім ішкі нарықпен шектелмей (823 млн долларға импортты алмастыру), экспортқа (2 750 млн доллар) бағытталады. Құрылыс материалдары өндірісінде 24 негізгі жобаны іске асыру көзделіп отыр. Олар 890 млн доллар көлеміндегі импортты алмастыруға, сондай-ақ экспорт көлемін 206 млн долларға арттыруға мүмкіндік береді. Керамикалық плиталар, автоклавты газблоктар, жылу оқшаулағыш материалдар, сэндвич-панельдер сияқты тауар түрлері бойынша импортты 100 пайыз алмастыру жоспарланып отыр. Бұдан басқа құрылыс материалдары өндірісінде санфаянс, бөлмеаралық есіктер, ЛДСП, еден жабындары сияқты бұрын-соңды Қазақстанда өндірілмеген жаңа тауарлар өндірісі ашылады, – деді Қ.Өскенбаев.
Министрдің айтуына қарағанда, жеңіл өнеркәсіпте 2025 жылға дейін мақта бойынша отандық шикізатты қайта өңдеуге, сондай-ақ иірімжіп, маталар, тоқыма бұйымдарын өндіруге бағытталған 7 негізгі жобаны іске асыру көзделген. Жоспарланып отырған жобалар отандық мақтаны түгелдей ел ішінде қайта өңдеуге, сондай-ақ иірімжіп экспортын 3 есе, яғни 50 млн долларға дейін, мата экспортын 5 есе, яғни 40 млн долларға дейін, трикотаж бұйымдары экспортын 48 млн долларға дейін арттырып, ішкі нарықта 48 млн долларға импортты алмастыруға мүмкіндік береді.
– Жүн өңдейтін 3 фабрика салынбақ. Бұл ішкі нарықта 5,5 млрд теңгеге импортты алмастыруға және экспорт көлемін 10 млн долларға дейін арттыруға жол ашады. Ірі қара мал терісін өңдейтін фабрика салу жоспарда бар. Бұл ішкі нарықта 3,6 млрд теңгеге импортты алмастыруға және экспорт көлемін 19,3 млн долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ министрлік жүргізген талдау отандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары мемлекеттік тапсырысқа арқа сүйейтінін және коммерциялық сегментке бағдарланбағанын көрсетті. Бұл бағытта 8 млрд доллар (ЕАЭО-дан киім импорты) көлемінде ірі тауашалар бар. Аталған мәселені шешу үшін көршілес елдердің жеңіл өнеркәсіп компанияларымен келіссөздер жүргізілді. Қазірдің өзінде кейбір ірі инвесторлар өз жобаларын елімізде іске асырып, Ресей Федерациясына экспортқа бағыттауға мүдделі болып отыр, – деді ол.
Осылайша, 131 негізгі жобаны іске асыру 38 мың жұмыс орнын құруға, 4 млрд доллар көлеміндегі импорт алмастыруға және шикізаттық емес экспортты 9 млрд долларға арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, құрылыс материалдары мен химия өнеркәсібі өнімдері бойынша импортты 100 пайыз алмастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ қабылданған шаралар ферросилицийдің әлемдік экспортында 2-орын алуға, қазақстандық мақтаны толығымен қайта өңдеуге жол ашады.
Жобаларды уақтылы және табысты іске асыру үшін бірқатар мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсынбақ. Олар – қаржыландыру, инфрақұрылым, мамандар даярлау, көміртегі бейтараптығына көшуде бизнес үшін тәуекелдерді азайту бойынша теңгерімді тәсілді қолдануға қатысты шаралар. Ел ішінде салааралық кооперацияны қамтамасыз ету және әлемдік деңгейдегі өнім берушілерді дамыту, оның ішінде ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін құру шаралары қолданылады.
131 негізгі жобаны іске асыру 5,6 трлн теңге мөлшерінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Оның ішінде 1,3 трлн теңге ғана бюджеттік несие ретінде бөлінбек. Ұсынылатын шаралар шеңберінде жұмыскерлердің жалақысын арттыру және қаржыландырылатын ірі зауыттар айналасында өз мұқтаждары үшін шағын және орта кәсіпорындар белдеуін құру сияқты бизнес үшін қарсы міндеттемелер қолданылады. Аталған қаражат өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыруды бастау үшін даму институттарына бөлінеді. Бағдарлама жаздың ортасында іске қосылмақ.