Қоғам • 07 Сәуір, 2022

Кеңестік «пряник»

395 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Максим Горкий «Осыдан жүз жыл өткен соң сенің өмірің де ақылға сыйымсыз болып көрінеді әлі», деген екен. Кімге ақылға сыйымсыз болып көрінетіні белгілі. Кейінгілерге, әрине.

Кеңестік «пряник»

Кешегі Кеңес Одағындағы қоғамдық қатынастардың, тіршілік ырғағының кейбір тұстарын бүгінгі өмір тынысымен салыстыра жүретін көзкөргендер көбіне күлкіге айналдырып жүретіні бар. Сондай бір, еске түссе еріксіз жымитатын естеліктердің бірі ойға оралып тұрғаны.

Біз жатып оқитын интернаттың маңында кеңшар орталығының азық-түлік дүкені болатын. Жарықтықтың ішіне кірсең керемет бір иіс сілекейіңді шұбыртып жіберетін (сол дүкеннен шығатын жағымды иісті бүгінде түрлі супермаркеттер, ірілі-ұсақты дүкендерге қаншама рет кіріп жүрсем де кездестірген емеспін). Ол ненің иісі дейсіз бе, ажырата алмайсың. Әйтеуір, дүкеннің ішіндегі барлық дүниенің қосынды иісі екені анық. Сол иістің «ара-арасынан» терең «түкпірінен» «прияниктің» иісін түйсігіңмен сезе қоясың.

«Пряник» біздің жиі тұтынатын «нәріміз». Жарықтықтың бір данасы 5 тиын, яғни қол­жетімді. Оның үстіне бір данасының өзі асқазанды алдап қоюға жарап қалады. Көптеу алып жесең – дәтке қуат, тіпті әжептәуір ауқаттанғандай боласың.

Интернатта жатамыз. Тоқшылық заман. Алайда үйдегідей жағдай қайдан болсын? Ас-су мезгілімен беріледі. Ал басқа уақытта асхана жабық. Таң атқаннан кеш батқанға дейін жыбырлап, қыбырлап тыным көрмейтін ойын баласымыз, қарын жиі-жиі ашады. Қарын ашқан сәтте кебежені немесе бүктеулі дас­тарқанды ашып жіберіп, табамен не тандырмен пісірілген нанды бұралақтата соғатын үйіңде емессің. Сондайда тиын-тебенің болса, әлгі дүкенге қарай батыл қадам басасың, ал қалтаңның түбі «тесік» болса, сол жаққа қайта-қайта елеңдеп, асхананың ашылуын, «әй, балалар, келіңдер, тамаққа», деген ас­пазшы апайдың жылы дауысы қашан шығады деп күтесің.

Кеңестік кезеңнің дәмін татқан, соның ішінде ауылда өскен замандастарым әлгі мен сөз еткен «пряникті» жақсы білетініне бек сенімдімін. Жарықтық тастай қатты болатын. Көбісі тіске көнбейді, содан тасқа ұрып бөлшектеп барып ұртымызға саламыз. Ол тез жіби қоймайды. Сонысы да жақсы. Тез жеп қоймайсың, ана ұртыңа бір, мына ұртыңа бір дөңгелете ауыстырып «пряниктің» дәмінен рахаттанасың. Өте сирек кездесетін жайт, кейбір «пряниктер» сәл жұмсақтау келеді. Ондайда оған аз-кем күмәнмен қарайсың. Хош, сонымен жарықтық тастай қатты кеңестік «пряник» өз алдына тұра тұрсын.

Кейін қалаға келдік. Тәуелсіздік алған соң. Балалық шақтан «ауылынан» әлі де ұзай қоймаған кез. Қалтамда әжептәуір ақша жүреді. Оны қайда жаратамын десем де өзім білемін. Содан, бірде күні балалық әуестікпен «пряник» жегім келіп, бір килосын сатып алдым. Балалық кездегі әдет еріксіз қайталанды. Бір дана «пряникті» аяқжолдың жанында жатқан тасқа қойып, үстінен тағы бір таспен қойып қалдым. Мәссаған! Әлгі «пряник» былш ете қалсын. Бұлай болады деп кім ойлаған. Мен оны үш-төртке ғана бөлінеді деп күткенмін (негізі мұндай жағдайға ауылда өскен менің қатарлас-замандастарымның біразы кездескеніне күмәнім жоқ). Обалсынып, тас үстінде езіліп жатқан «пряникті» жинап алдым да, пакеттегі қалған «пряниктерді» ұстап көрсем, бәрі жұп-жұмсақ. Мынау, мен үшін бір жаңалық болды. Кейін білгенімдей, «пряник» атаулы негізі жұмсақ болады екен ғой. Кеңестік кезеңнің ауылда өскен балалары сияқты менің де жеген «прянигім» тек тастай қатты болса, оның жұмсақ болуға тиіс екенін қайдан білейін.

Сөйтсем, еш жазығы жоқ «пряник» облыс орталығында пісіріліп, одан аудан орталығына, одан кейін ауылдарға тасымалданып, «ұзақ сапарлап» жүргенде жел қағып қатып қалады екен ғой. Оны біз қайдан білейік?

Дегенмен, сол кеңестік тастай қатты «пряниктің» дәмін бүгінгі заманауи «пряниктерден» еш сезінген емеспін.