Бұл Конвенция халықаралық коммерциялық келісімдерді сақтау кепілдіктерін күшейтуге арналған. Сондай-ақ оның ұлттық заңнамасына сәйкес басқа юрисдикцияда медиация арқылы қол жеткізілген келісімдерді тану мен орындаудың қолжетімді жүйесін құруды көздейді.
«Бүгінгі таңда медиацияға деген сұраныс неғұрлым артты. Медиацияның көмегімен екі тараптың мүдделерін қанағаттандыра отырып, дауды шешуге болатыны азаматтарды қызықтырады. 2019 жылғы 7 тамызда Сингапурда Қазақстан БҰҰ-ның медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясына қол қойды. Конвенцияның мақсаты – медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық келісімдерді қатысушы мемлекеттердің аумағында тану және орындау. Осы уақытқа дейін медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық келісімдерді тану және сақталуын қамтамасыз ету үшін бірыңғай тетік болған жоқ. Сәйкесінше, дау тараптары үшін татуласу келісімін басқа юрисдикцияда тану және орындау үшін сотқа жүгінуге мүмкіндік туындайды», деді құжат жөнінде баяндама жасаған Әділет министрі Қанат Мусин.
Конвенция қатысушы мемлекеттердің екі және одан да көп компаниялары арасындағы халықаралық коммерциялық дауларына ғана қолданылады. Құжатқа сәйкес татуласу келісімін орындау ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
Заң жобасына қатысты пікір білдірген Сенат Төрағасы: «Конвенция оған мүше мемлекеттерде коммерциялық даулар кезінде медиация арқылы қол жеткізілген келісімдерді орындау үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Қазіргі таңда медиация коммерциялық дауларды реттеудің баламалы және тиімді құралы болып отыр. Соған сәйкес осы Конвенция бизнеске және инвесторларға медиациялық келісімдердің өзге мемлекеттерде орындалуына қосымша кепілдік береді», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады. Депутат Нұрлан Бекенов сыртқы мемлекеттік қарыздардың тұрақты өсуіне алаңдаушылығын білдіріп, Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында мұндай қарыздарын пайдалануда тиімділік деңгейі төмен екенін атап өтті.
«Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 22 трлн теңгеге немесе ІЖӨ-нің 27,4%-ына жетті. Үкіметтің сыртқы борышы, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың кепілдік берген сыртқы борышы 37 млрд АҚШ долларын құрады, бұл Ұлттық қор активтерінің 67%-ын құрайды және шекті мәнге жақындап келеді. Ұлттық қорды қарыздарды өтеу бойынша кепілдендірілген резерв ретінде ғана қарастыруға болмайды», деді Нұрлан Бекенов.
Сенатор қазіргі таңда жалпы сомасы 12,2 млрд долларды құрайтын мемлекеттік сыртқы 52 қарыз бар екенін атап өтті. Бұл ретте оның бар болғаны 80 пайызы игеріліп отыр. Депутат еліміздің сыртқы қарызының артуына ықпал ететін негізгі факторлардың қатарында тиімсіз пайдалану, қарыз ақшаға сұраныстың жоқтығы, несиенің бір бөлігін жою, сондай-ақ квазимемлекеттік компаниялардың ақшаны өндірістік емес мақсатқа тартуын атап өтті.
«2017 жылы «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес ұйымының өз қаржысы бола тұра акционерлерге дивиденд түрінде беру мақсатында 300 млн АҚШ доллары сомасын үш жыл мерзімге қарызға алды. Яғни бұл қарыз дивидендтер төлеу үшін алынды. Бұл – халықаралық қарыздарды жөнсіз жоспарлау мен пайдаланудың жекелеген мысалдары ғана», деп атап өтті депутат.
Сенатор қазіргі жағдайды жақсарту үшін сыртқы мемлекеттік қарыздардың тиімділігі мәселелері бойынша сенаторлардың мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдерімен кездесуі барысында әзірленген бірқатар жүйелі шараларды атап өтті. Олардың ішінде сатып алу үдерісіне және келісім-шартты басқаруға тұрақты мониторингті жүзеге асыру, одан әрі өзектілігін жою үшін әзірленіп жатқан жобалардың сапасын арттыру шаралары бар. Ол үшін сенатор қаржыландырудың ағымдағы бағыттарын жіті талдау, жобалық-сметалық құжаттаманың құнын нақты реттеу және экономиканың барлық салаларындағы шығындардың басымдықтарын белгілеу арқылы сыртқы қарыздарды тартуды маңызды деп санайды.
Сенатор Ольга Булавкина Шығыс Қазақстан облысының жолдарын жөндеуге қатысты еліміздің Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдады. Депутат келешегі бар елді мекендерді, шекара маңындағы ауылдар мен кенттерді дамыту үшін жол инфрақұрылымының маңызды екенін атап өтті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпараты бойынша 2025 жылға дейін 27 мың шақырымды барлық жұмыс түрімен қамту жоспарланып отыр. Бұл жоспарда биыл аяқталуы тиіс жобалар да бар.
«Жалпы саны 160 мың ауыл халқы бар Жарма, Көкпекті, Тарбағатай, Зайсан аудандарын біріктіретін, ҚХР-мен көліктік-логистикалық дәліз саналатын Шығыс Қазақстан облысындағы стратегиялық маңызы бар Қалбатау-Майқапшағай автомобиль жолын жаңғырту объектісі – осындай жобалардың бірі. Бұл ретте нақты жағдайға қарағанда, нысан аталған мерзімде аяқталмайды», деді сенатор.
Сенатор жақында Зайсан ауданына жасаған сапары барысында қоғамдық белсенділер мен аудандық мәслихат депутаттары аталған мәселені тезірек шешуге қолдау көрсету туралы өтініш білдіргенін атап өтті.
«Негізгі жаңғыртылатын объектінің құрылысын қайта бастау және ол аяқталғанға дейінгі мәселені шешу кезеңінде негізгі тапсырыс беруші ретінде «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ және оның мердігерлік ұйымдарын айналма жолды қалпына келтіру және оны техникалық күтіп-ұстауға тарту жөніндегі барлық қажетті жағдайды шешу жұмыстарын жүргізуді сұраймын. Өңірдегі әлеуметтік және экономикалық мәселелердің алдын алу мақсатында жоғарыда көрсетілген аудандардағы бүкіл елді мекенінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайды жасауға жәрдем көрсетілсін», деді Ольга Булавкина.
Жол мәселесіне назар аударған Нариман Төреғалиев Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында Батыс Қазақстан облысындағы жолдардың сапасы сын көтермейтінін айтты. БҚО-ның Қазталов, Жәнібек және Бөкейорда аудандарының тұрғындары облыс орталығына баратын жолда 12-14 сағатын өткізеді. Оның басты себебі – көлік жолдарының нашарлығы. Әсіресе көктем және күз мезгілдерінде мұндай жолмен жүру қиын. Депутат Президенттің 2019 жылы бұл мәселені шешуді тапсырғанымен, оның әлі орындалмағанына назар аударды.
«2019 жылы Қазталов – Жәнібек – Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі 145 км және Бисен – Өнеге – Сайхын бағытындағы 103 км жол учаскелерінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмысын жүргізетін 4 мердігер компания анықталған болатын. Жобалардың құны – 57 млрд теңге. Өкінішке қарай, жоспарлағандай болмай шықты. Үш жылда небәрі 248 км жолдың 55 шақырымы ғана жасалды. Бұлай жалғаса беретін болса аталған жол учаскелерін бітіру үшін кемінде 4-5 жыл керек», деді депутат.
Сенатордың айтуынша, жол құрылысының уақытылы аяқталмауына бірнеше факторлар кері әсерін тигізіп отыр. Бұл жыл сайын толық қаржыландырудың жоқтығы, құрылыс материалдары құнының күрт өсуі, инертті материалдармен қамтамасыз етудегі қиындықтар, дәлірек айтқанда жүк вагондарының өткір тапшылығы. Мәселен, 2021 жылы облысқа қажетті мөлшердегі қиыршық тасты тасымалдау үшін айына 600 вагон жеткізу қажет болса, оның 12 пайызы ғана жеткізілген.
«Аталған жоспарға «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамы мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне құрылыс материалдарын Ақтөбе облысынан жеткізу үшін вагондармен қамтамасыз етуді тапсыру, егер де бұл мәселе шешімін таппайтын болса көрші Ресей Федерациясынан өңірге қажетті құрылыс материалдарын тасымалдауға арнайы рұқсат беруіңізді сұраймыз», деді сенатор.
Сенатор Сергей Ершов Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында көктемгі су тасқыны жағдайына қатысты мәселелерді көтерді. Депутат Қазақстанда әр көктем су тасқынымен қатар жүретінін атап өтті. Олардың басым көпшілігі өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған және қазіргі уақытта физикалық және моральдық жағынан 40 пайызға дейін тозған бөгеттер мен бөгеттердегі гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі, ал кейбір жағдайларда толық болмауы ерекше алаңдаушылық туғызады. Қазақстандағы гидротехникалық құрылыстардың жартысына жуығы апатты жағдайда және жөндеуді не жаңғыртуды қажет етеді.
«Бұл мәселе бірнеше жылдар бойы Сенатта парламенттік тыңдауда, Үкімет сағатында талқыланды. Онда ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен қадамдық іс-қимылдармен кешенді ұсынымдар әзірленді. Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары өз есептері мен жауаптарында еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан жүйелі шаралар туралы бірнеше рет сендірді, алайда ағымдағы су тасқыны, атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарындағы жағдай керісінше болып отыр», деді сенатор С.Ершов.
Осыған байланысты депутат Үкіметтен су тасқынының алдын алуға және жоюға бағытталған ұйымдастырушылық, заңнамалық және кешенді сипаттағы қажетті әрі жүйелі шараларды қабылдауды және Палатаның таяуда өтетін отырысында жауап беруді сұрады.
Сенатор Андрей Лукин Министрлер кабинетінің басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерді атап өтті. Депутат бизнес өкілдері тексеру тағайындалған және жүргізілген кезде, оның ішінде мораторий мен карантин кезеңінде анықталған заң бұзушылыққа шағым айтқанын жеткізді.
«Шағын бизнес бақылау және қадағалау органдары тарапынан елеулі қиындықтарға тап болып отыр. 2020 жылы әрбір 3-ші тексеру шағын кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне болды. Бұл ретте әрбір 5-ші тексеру кәсіпкерлердің құқықтарын бұза отырып жүргізілді. Осылайша, тиісті органдар кәсіпкерлердің қызметіне тексеру жүргізу кезінде олардың құқықтары 12 мыңнан астам бұзылу деректері болғанын анықтады», деді А.Лукин.
Депутаттың айтуынша, заңсыз қозғалған 8 745 әкімшілік іс жүргізу, шектеу шараларын заңсыз қолданудың 2 665 фактісі, уәкілетті емес тұлғалардың 93 рет тексеру тағайындағаны, еш негізсіз 38 тексеру, өзге де 86 заң бұзушылық болғаны анықталды. Сенатор осыған байланысты Премьер-Министрден осы заң бұзушылықтарды жоюға көмектесуді сұрады.
«Уәкілетті органдардың тексеру мен бақылаудың өзге де түрлері бойынша қызметін мемлекеттік бақылаудың уақтылылығын қамтамасыз ету, бақылау және қадағалау органдарының қызметіндегі бақылау іс-шараларын сапалы және тиімді жоспарлауға мән берген жөн. Оның ішінде тәуекелдерді бағалаудың ведомстволық жүйесін жетілдіру арқылы ұйымдастыруды, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілері бойынша қолданыстағы заңнамаға лауазымды адамдардың жауапкершілігін қатаңдатуға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде бастама жасау мүмкіндігін қарастыруды сұраймын», деді сенатор.
Депутат сонымен қатар қарамағындағы қызметкерлердің іс-әрекетіне тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген бақылау және қадағалау органдарының кінәлі лауазымды тұлғаларымен қатар, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар басшыларының да тәртіптік жауаптылығы туралы мәселені қарауды сұрады.фс