Кино • Бүгін, 12:20

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еуразия» кинофестивалі үздік жобаларға жол ашады деп сенемін

34 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еуразия» кинофестивалі үздік жобаларға жол ашады деп сенемін

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мемлекет басшысының құттықтауын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.

«Бұл – төл мәдениетімізді күллі әлемге танытатын бірегей жоба. Биылғы байқау қазақ киносының корифейі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл және «Қазақфильм» киностудиясының құрылғанына 90 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні зор. Кино өнері жұртшылықты жасампаздық пен жаңашылдыққа шақырады, жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеп, ұлт сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ түрлі халықтың мәдени байланысын нығайтады», делінген құттықтау хатта.

Мемлекет басшысы елімізде ұлттық кинематографияны қолдауға баса мән беріліп отырғанын да атап өтті.

«Осы саланы дамыту үшін Қазақстанда ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мамандарымыз мазмұнды әрі мағыналы картиналар түсіріп, аға буынның сара жолын лайықты жалғастырып келеді. Фильмдеріміз беделді байқауларда жүлде алып жүр. «Еуразия» халықаралық кинофестивалі шын жүйріктерді анықтап, ең үздік жобаларға жол ашады деп сенемін. Көрерменге ой салып, рухани азық болатын туындыларыңыз көп болсын!», деді Президент.

Өз кезегінде Аида Балаева «Еуразия» кинофестивалінің Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияның мәдени брендіне айналған бірегей форум екенін жеткізіп, отандық кино саласын жүйелі түрде дамыту, заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасатынын айтты.

Айта кетейік, халықаралық «Еуразия» кинофестивалі 24-30 қараша аралығында өтеді. Фестивальге 15-тен астам ел қатысып жатыр. Конкурс бағдарламасында үш құрлықтан келген 12 фильм ұсынылады.