Қоғам • 08 Сәуір, 2022

Балық аулау рұқсатын онлайн алуға болады

438 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бурабай көлдерінде балық аулауға онлайн дайындалу тек осы жылы мүмкін болды. Бұған дейін спорттық (әуесқой) балық аулау ережелеріне сәйкес балықшылар тіркеуден қағаз жүзінде өтуге міндеттелген болатын.

Балық аулау рұқсатын онлайн алуға болады

Балықшылардың көптеген өтініші бойынша 2021 жылдың мамыр айында «Бурабай» ұлттық паркінің қызметкерлері ережеге өзгерістер енгізуге бастамашы болды. Содан кейін ведомстволарда бекітулер болып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманың қорытындысын алу, құқықтық актілерді пайда­ланушылардың қоғамдық онлайн талқылауын өткізу мен сараптамалық кеңес­тің қорытындысын алу қажет болды. Мұны бірінші болып Бурабай ұлттық пар­кінің қызметкерлері енгізіп, бүгінде олар­дың тәжірибесіне өзге ұлттық саябақтағы әріптестер де қызығушылық танытуда.

Қорғалжын мемлекеттік қорығының тұсаукесер орталығында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су қоймаларында балық және басқа да су жануар­ларын спорттық, әуесқойлық және мелио­ративтік аулауды реттеу мәселелері» атты семинар ұйымдастырды.

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінің бас орманшысы Бауыржан Махметов әріптестерін жаңа трендпен таныстырды. Ол ережеге енгізілген өзгерістерді үйлестіру алгоритмі, мем­лекеттік органдармен өзара іс-қимыл туралы айтты. Сондай-ақ ұлттық саябақтың сайтында балық аулауға рұқсаттарды электронды түрде рәсімдейтін платформа қалай жұмыс істей­тінін көрсетті.

Рұқсат қағазын онлайн сатып алу өте оңай, parkburabay.kz сайтындағы «Онлайн спорттық балық аулау» бөліміне кіріп, «Онлайн билет сатып алу» сілтемесіндегі форманы толтыру қа­жет. Төлем жасайсыз да, балық аулауға барасыз.