Елбасының Мұнай және газ министрлігін құру жөніндегі Жарлығы дер кезінде уақыт үрдісінен туындаған орынды шешім болды. Еліміз үшін қазіргі таңда мұнай мен газ басты байлығымыз, республика бюджетінің басым бөлігін осы сала толтырып отырғандықтан, сала жұмысына халқымыз үлкен үмітпен қарап, үлкен сенім артады десем, артық айтпаған болар едім.
Бәрімізге мәлім, Қазақстан Республикасында көмірсутектердің негізгі қорлары еліміздің батыс аймақтарында, оның ішінде Атырау облысында орналасқан. Жалпы, көлемі 1 млрд. тонна мұнайды құрайтын 75 кен орны бар, оның ішінде қор көлемі 846 млн. тоннаны құрайтын 39 кен орны өңделу үстінде, 7 кен орнында дайындық жұмыстары жүргізілуде, 24 кен орны барлауға дейінгі жұмыстар сатысында.
Дей тұрғанмен де, облыстың ауа бассейнін ластаудың негізгі үлесі (80-85%) мұнай өндіру және мұнай өңдеу кәсіпорындарының үлесіне тиеді. Каспий аймағының экологиялық жағдайы атыраулықтарды қатты алаңдатуда.
Сонымен қатар, елімізде 2020 жылға дейін көмірсутегін өндіруді 150 миллионға жеткізетін болсақ, оның жартысы Каспий теңізіндегі Қашаған кен орнынан алынбақ. Биылғы жылы АДЖИП-тің Қарабатандағы мұнай өңдеу кешенінің құрылыс-монтаж жұмысының аяқталуына байланысты, 9,5 мың адам жұмыстан қысқартылады, оның 6,5 мыңы – атыраулықтар. Осыған орай мынадай сауалдар туындайды.
Біріншіден, бұл жұмыссыз қалғандардың тағдыры не болмақ?
Екіншіден, Каспий теңізі жағалауында орналасқан елді мекендердің, Атырау қаласының экологиялық жағдайын жақсартуда қандай шаралар қолға алынып отыр?
Үшіншіден, Солтүстік Каспий кешені Қашаған жобасында 10 км-ден астам тереңдіктен алынатын мұнайдың күкірттілігі 25 пайыз, қысым 940 атмосфера, бұл – Теңіз кешенінен 35 есе көп деген сөз. Егер авариялық жағдай туындар болса, Каспий теңізінің тағдыры не болмақ?
Осы сауалдар салалық министрліктегілерді бей-жай қалдырмайды ғой деп ойлаймын.
Ұзаққали ЕЛЕУБАЕВ, Мәжіліс депутаты.