Қазақстан • 31 Наурыз, 2022

Орынды ұсыныс-пікірлер айтылды

231 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Нұрлан Әбдіров Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында саяси партиялардың, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, блогерлермен, өңірдегі сайлау комиссияларының мүшелерімен үлкен кездесу өткізді. Іс-шараға 523 адам қатысты, деп хабарлады ОСК-ның баспасөз қызметі.

Орынды ұсыныс-пікірлер айтылды

Сайлау жүйесін жəне сайлау заңнамасын жетілдіру, сайлау ашықтығы мен айқындығы, цифрлы технологияларды енгізу, байқаушылардың мəртебесін арттыру, мүгедектігі бар сайлаушылар үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету сияқты мəселелер, сонымен қатар жергілікті жұртшылық өкілдері мен сайлауды ұйымдастырушылардың ұсыныстары талқыланды.

Кездесу барысында Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауының аясында көтерген мажоритарлық жəне аралас сайлау жүйелерін енгізу жөніндегі бастамалары талқыланып, қалың жұртшылық тарапынан өз қолдауын тапты.

Ауылдық деңгейдегі əкімдерді тікелей сайлау институтын енгізу мəселелері жөнінде де пікір алмасылды. Сайланған əкімдер өздерінің лауазымдық міндеттерін орындауға кіріспес бұрын кəсіби, басқарушылық жəне жеке құзыреттерін жетілдіруге арналған арнайы оқытудан өтуі тиіс деген ұсыныстар айтылды. Себебі əкімдіктің тиімді жұмыс атқаруы ең əуелі əкімнің жеке өзінің кəсібилігіне байланысты деген пікірлер де алға тартылды.

Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық ұйымдарының өкілдері сайлау учаскелерінің физикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету жəне мүгедектігі бар сайлаушылардың қажеттіліктерін ескере отырып оларды жарақтандыру, сондай-ақ Брайль қарпін қолдана отырып, арнайы визуалды, графикалық материалдар жасау мəселелерін көтерді.

«Мүгедектер қоғамы» ҚБ басшысы Əйгерім Дəулетбаева мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық ұйымдары əйелдер жəне жастар квотасымен бірге сайлаудағы 30% партиялық тізімге еніп отырғанын, осы жөнінде заңнамаға енгізілген өзгерістерді қолдап отырғандарын атап өтті. Дегенмен, оның пікірінше, мəслихаттардың депутаттарын сайлау кезінде де мүгедектерге арналған осындай квотаны қарастыру қажет.

Бұдан басқа, Тараз қаласы «Қазфосфат» минералдық тыңайтқыштар зауыты ЖШС бас инженерінің орынбасары Қайсар Алдахметов зауытта ауысымдық (вахталық) əдіспен жұмыс істейтін сайлаушылардың дауыс беруі үшін уақытша сайлау учаскесін құру жөнінде ұсыныс жасады, өйткені зауыт қызметкерлерінің 70%-ы осы ауысымдық (вахталық) əдіспен жұмыс істейді.

Кездесуге қатысушылар Ресей, Моңғолия жəне Қырғызстан елдері сияқты биометриялық сəйкестендіру технологиясын қолдана отырып, электронды дауыс беруді енгізу мүмкіндігінің перспективалары туралы мəселені де көтерді.

Кездесу қорытындысы бойынша азаматтық қоғам өкілдері Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құру жөніндегі бастамаларына қолдау білдірді.

Осы күні ОСК төрағасы осы өңірдің жастарымен кездесті. Кездесу барысында жастар өкілдері электронды дауыс беруді енгізу, əкім лауазымына кандидат болып отырғандар арасында міндетті түрде пікірсайыстар өткізу, сондай-ақ жастар арасында сайлау мəдениетін арттыру сияқты бірқатар ұсыныстарды алға тартты.

Сонымен қатар, жастар өкілдері осы Интернет ғасырында саяси партиялар Facebook жəне Instagram сияқты əлеуметтік желілерде, əсіресе сайлау кезеңінде белсенді болуы керек деген пікір білдірді. Өйткені бүгінде жастар үшін əлеуметтік желілер негізгі ақпарат көзіне айналып отыр. Сондай-ақ жастар өкілдері əлеуметтік желілердің жастарға контент ұсыну бойынша көбірек мүмкіндіктері бар деген ойларын алға тартты.

Кездесу барысында ОСК өкілдері сайлау процесінің кейбір маңызды мəселелері бойынша жастар арасында онлайн-сауалдама жүргізді: сауалдамаға жауап берген жастардың 26,3%-ы компьютер, смартфон, планшеттерді пайдалана отырып, қашықтан, яғни электронды əдіспен дауыс беру жүйесін енгізуді қолдайтындарын білдірді. Ал олардың 23,7%-ы сайлау учаскелерінде стационарлық электрондық əдіс арқылы дауыс беруді орынды деп санаса, 13,2%-ы аралас электронды дауыс беруді (стационарлық жəне қашықтықтан) жөн деп санады. Сондай-ақ, жастардың 31,6%-ы қағаз бюллетені бойынша, яғни дəстүрлі түрде дауыс беру əдісін қолдады.

Кездесу қорытындысы бойынша ОСК төрағасы өңір жастарына ашық, мазмұнды жəне тартымды диалог үшін өз алғысын білдірді.