Аймақтар • 09 Сәуір, 2022

Рухани азықтың уызы

254 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы «Қазпошта» акционерлік қоғамының бас ғимаратында басылымдарды насихаттау үшін ашық есік күні тәрізді мәнді шара өткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Рухани азықтың уызы

 

Әлеуметтік желінің бағы жанып тұр дегенімізбен, газет-журналға деген ел ықыласы суымаған екен. Көзімізбен көріп, көңіліміз тоғайды. Шараға қатысқан қауым ішінде әсіресе, аға буынның қарасыны мол. Республикалық басылымдардан бастап, облыстық, қалалық мерзімдік басылымдар туралы, оларда үздіксіз жарияланып жатқан, оқырмандардың рухани жан-дүниесіне телегей-теңіз нәр беретін материалдар хақында, жалпы әр басылымның ұстанымы, алдына қойған асқаралы міндеті, бет алысы, көздеген көкжиегі, қаузаған дүниесі туралы кесек-кесек ой айтылды. Осы жолдардың авторы, жүз  жылдық тарихы бар ел газеті – «Егеменнің» бүгінгі бағыты туралы сөз өнерін қадір тұтатын қауымға егжей-тегжейлі түсіндіріп, таратып айтып берді.

Біздің сөзімізді тірілткен ел ақсақалдарының бірі, байырғы журналист Сайлау Көшкенов бас басылымда жарияланып жатқан толымды тақырыптарды қамтитын тарихи материалдардың, уақыт тозаңы тұмшалаған шаңынан аршып алып, Алаш баласының түпкі тарихына қатысты түгел сөздің төркінін сипаттайтын тамаша дүниелерді мысал ете отырып, өз ойын білдірді. Жыл басында жазылуға мүмкіндігі болмай қалғандар өз өкініштерін де айтып, осы жартыжылдықтан бастап жазылғалы келгендіктерін жеткізіп жатты. Ықыластарына қарағанда, бас басылымға және өзге де бұқаралық ақпарат құралдарына деген оң көзқарас бар екен. Жазған сөзіміздің діттеген жеріне жететіндігін түйсінген сайын көңіл өсіп, қаламыңды құшырлана сілтегің келеді екен.

– Өткен жылдың соңында қаржы тапшылығына байланысты жазыла алмап едік, – деді облыс орталығындағы жоғары оқу орнының басшысы, – биыл нәубет жылдарындағы ел басынан кешірген  алапат оқиғаны сипаттайтын бір материалды іздеп, қаншама әуре болдық. Енді уақытында жаздырып алуға ұмтылып отырмыз.

«Егеменнің» ел іздеп жүріп оқитын басылым екендігін осы бір жалғыз ауыз сөздің астарынан аңғаруға болады. Әрі бүгінгі бағыты көпшіліктің көкейіндегі сұранысты дөп басып отыр.

,

Жиын барысында жергілікті газет-журналдарға тегін жазу ұйымдастырды. Лоторея ойнатылды. Республикалық «Казахстанская правда» газетінің төрт сыйлығы ұтыс ойындарында бағы жанған облыс өңірінің әр түкпірінде тұратын жаздырып алушыларға жөнелтілді. Сыбағалы сыйлықтың ішінде ықшам, әдемі қолсөмке де бар екен. Сыртына басылымның атауы жазылыпты. Кәдімгідей көзтартарлық. Қолына ұстап жүрген адам жаяу жүріп жарнама жасап бара жататындай. Ең бастысы, ел ықыласы ескерілді. Басылым мен оқырман арасындағы нәзік байланыстың арқауын бекіте түскендей.

– Өткен жылғы басылымдарға жазылу науқаны ауырлау өтті, – дейді «Қазпошта» акционерлік қоғамының облыстық филиалының басшысы Қайрат Бекенов, – бірақ, біз басылымның өкілдерімен бірлесе отырып, қажырлы жұмыс істедік. Қалай болған күнде де  адамдар газет оқуы керек қой. Қазір шалғайдағы шағын ауылдардағы пошта жұмысын жандандыруға күш салып жатырмыз. Пошта қызметкерлерінің еңбекақысы да өсті.

Көп болып илеген бір терінің пұшпағы көздеген мақсатына жетсе, замандастарымыздың рухани әлемін жарқырататын, нәрлендіретін азықтың уызы молая түспек. Соған жазсын де...

 

Көкшетау қаласы.