Қазақстан • 10 Сәуір, 2022

Еуразия халықтарына ортақ тұлға

596 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Онда Ресей Аймақтық мәселелер институтының бас директоры Дмитрий Журавлев атап көрсеткендей, үлкен идея көтеріліп, тұтас қоғам қалыптастыруда орасан еңбек сіңірген М.Шоқай тек қазақ халқы және тұтас Түркістан ғана емес, Еуразия кеңістігіне ортақ тұлға деп танылды.

Еуразия халықтарына ортақ тұлға

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазақ халқы өркениетке қол созуы мен азаттық үшін күресі жолында небір алапат пен қияпатты дүние жоқ дейсіз? Кенесары ханның соғысынан бері тартқанда, Алаш тақырыбына бір-ақ тірелесіз. Одан әрі мойын созсаңыз Мұстафа Шоқай шығады алдыңыздан. Қазақстанда Алаштану институты құрылып, Алаш идеясын тану жолға қойылғанымен, Түркістан идеясын ту еткен шоқайтану ғылымы қалыптаса бастағанымен, төрт аяғын тең басып кете қоймағанға ұқсайды. Ол туралы Қазақстан ғалымдарымен қатар әлем зерттеушілері жарыса жазып, том-том еңбектер шығарып жатқанына күні кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Мұстафа Шоқай мұрасы отандық және шетел ға­лым­да­рының зерттеулерінде» атты ха­лықаралық ғылыми-тәжірибелік кон­фе­­ренцияда көзіміз анық жетті. Кон­ференцияға Қазақстан, Франция, Баш­құрт­стан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзе­р­байжан, Ресейден шоқайтанушы ға­лым­дар онлайн режімде қатысты.

Халықаралық жиынды Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт минис­трлігі мен Халықаралық Түркі ака­де­­миясы, Ұлттық академиялық кітап­хана және Халықаралық мәдениет­тер­ді жақындастыру орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Ғылыми-тәжірибелік конференцияны ҰҒА академигі, Ха­лық­аралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп, сөз арасында Мұстафа Шоқай туралы мол дерек кел­тіріп отырды. «Түркістан идеясына ғұмырын арнаған үлкен қайраткер, ұлы тұлға Мұстафа Шоқай Орта Азияда алғаш­қылардың бірі болып эмиграцияға барып, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Германия, Франция және Еуропадағы ірі мемлекеттерді шарлай жүріп сол кездегі барлық жиындарға қатысып, со­ңына мол мұра қалдырған. Шоқай мұ­ра­сы қазір Қазақстанда қолға алынып отырған сая­си қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның жұмысына үлкен тірек болады деп сенеміз. Себебі Мұстафа Шоқай сол дәуірдің күрескері әрі куәгері. Өзге күрескерлер мен куә­гер­лердің өкінішке қарай жазуға мүм­к­індігі болмады. Әсіресе елде қалған Алаш қайраткерлері. Олардың жазған-сыз­ғандары тексеріліп, сүзгіден өтсе, Шоқай кеңестік жүйені нақты деректерге сүйене отырып сынады. Оның жазбалары большевиктік билікке де, сол сияқты Еуразияда өрістей түскен фашистік билік­ке де қолайсыз болды.

М.Шоқайдың айтуынша нашар ұлт жоқ. Ол ешқандай ұлтты жатсынбады. Студент кезінен бастап көптеген ұлт қайраткерлерімен тізе қосып, иық тірес­­ті­ріп күрес жүргізді. Үлкен идея­лар­­ды дүниеге әкелді» деді Дархан Қуандықұлы.

Жиынға онлайн қатысқан тарих ғы­лым­дарының докторы, профессор Гүлжауһар Көкебаева алғашқылардың бірі болып сөйледі. «2002 жылдан бас­тап Шоқайға байланысты шетелден деректер жинадық. Германиядағы және Польшадағы архивтерден материалдар әкелдік. Қазір негізі Шоқайдың хаттары мен еңбектері жарыққа шыққаны айтылып жүр. Алайда хаттары толық қам­тыл­маған. Былтыр ол кісінің ауда­рылмаған хаттарын аударып, жан-жақтан әкелінген басқа да хаттарын топтастырып, түпнұсқасымен салыстыра отырып жинақ шығардық. «Шоқайдың эпитолярлық мұрасы» деген, орыс ті­лін­де. Сол хаттарға қарап отырсақ, Шо­қай біз байыптап жүргеннен де үлкен тұлға. Оның хаттары тұтас Еуропадағы түркістандық түркі эмиграциясының бейнесі мен тарихын береді. Ол Парижде жүргенінде қаншама ғылыми-зерттеу инс­титут­тарында баяндама жасады. Әлгі хаттардан көргеніміздей, институттар баян­дама жасауын өздері өтінеді. Мәсе­лен, Ұлыбританиядағы Шығыстану инс­ти­туты баяндама жасауға шақырғанын бі­ле­міз. Сонда барып дәріс оқыған. Виза алу мәселесі туындап, ағылшын ға­лым­да­рының көмегімен мақсатына зорға қол жеткізген.

Түркістан, жалпы түркі эмигра­ция­сының қызметі Шоқай арқылы өтіп отырған, яғни барлық мәселесі Шоқай арқылы шешілген. Хаттары, еңбектері мен баяндамалары қазақ халқын тамам Еуропаға танытты».

Бұл кісінің айтуынша, М.Шоқайды сатқын деп таныған большевиктік билік­тің уәжі қисынсыз. Түркістан легионын құру туралы бастама 1942 жылы Мұстафа дүние салған соң бірнеше айдан кейін көтерілген. Тіпті эпистолярлық мұра­сы­нан фашизм мен ұлтшылдыққа бай­ланысты бір ауыз сөз табылмаған. Осы уақытқа дейін М.Шоқай мұраларының басым бөлігі жинақталған. Енді талдау, сараптау жұмыстары керек екенін қаперледі Гүлжауһар Кәкенқызы.

Мұстафа Шоқайдың Түркістан легионына қатысы жоғы ақиқат. Екінші дүние­жү­зілік соғыс басталғанда, мақа­лалары арқылы большевизмге қаншалықты қарсы болса, фашизмге де соншалықты қарсы болғаны, бұл екі ұшқары бағыттың адамзатқа төнген алапат апат екенін мә­лімдегенін және қаперлеп өтті Дархан Қуандықұлы.

Ресей Ғылым академиясының Шығыс­та­­ну институты Ғылыми кеңесінің мү­ше­сі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Қыдырбаевтың айтуын­ша Мұстафа Шоқайды тек Қазақ­­стан тарихына ғана байлап қоюға болмай­ды. Бұл Орта Азия халықтарының азат­ты­ғы жолында күрескен қайталанбас тұлға.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған Мұстафа Шоқай туралы деректер шетел архивтерінде аз емесін айтады. «Американың «Соғыс және бейбітшілік» деген архивінде, Голландиядағы Әлеуметтік тарих туралы корольдік архивте Шоқайға қатыс­ты деректер жетерлік. «Қазанда арнайы Сұлтанғалиевтің қорын қарадым. «Қа­зақ­қа автономия керек, бұл өте мол халық» деп айтып кеткен кісі бұл. Сұл­тан­ғалиев естеліктерінде Әлихан Бө­кейхан, Тұрар Рысқұлов, Мұстафа Шоқайлармен кездескенін жазады. Осы тұста тағы бір ескеретін дүние, Мұстафа Шоқай туралы башқұрттың белгілі қайраткері Зәки Уәлиди Тоған өте құнды дерек келтіреді. Біз сол кезде Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ зиялыларының көшбасшыларымен кездестік дейді. Онда олар Ресей құрамындағы Азия мен шығыс халықтарының қайғы-қасіретін Еуропа қоғамына жеткізу туралы шешім қабылдағанын жазады. Мұстафаның Еуропаға неге кеткені осыдан кейін түсі­нікті болады», дейді Бүркітбай Аяған.

Шоқай мұраларын зерделеп, саяси публицистикалық еңбектер жариялап жүрген саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір Мұстафа Шоқай туралы Кеңес үкіметі барынша теріс пікір қалыптастырғанын және соның салқыны бүгінге де тиіп отырғанын айтады. «Шоқай шығар­ма­ла­ры он тілде жазылған. Оның ішінде 1929-1930 жылдары шыққан «Жас Түркістан» журналындағы 200-ден астам мақаласы ғана аударылды. Сосын 1917 жылғы естеліктерінен үзінділер, «Советтер қоластындағы Түркістан» деген шығармалары ғана аударылды. 448 орыс тіліндегі мақаласы, 130 француз тіліндегі мақаласы, 20 шақты түрік тіліндегі мақаласы, ағылшын, неміс, поляк тілдеріндегі мақалалары осы күнге шейін аударылған жоқ...

Түркістан деп біз көбіне Түркістан өлкесін ғана айтамыз. Ал Мұстафа Шоқай 1917 жылға шейін Түркістан 4 бөліктен тұрды дейді. Қазақ өлкесі, Түркістан өлкесі, Бұхара және Хорезм хандықтары деп қарастырады. Шоқайдың ұғымында осылай болғанын ескеруіміз керек. 1924-34 жылы Шоқай Лондонда 6 рет баяндама жасады... Жапон ғалымы Уяма Томохико Ресейдің маңындағы ұлы реформаторларды атайды. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Тұрар Рысқұловты атап келеді де, осы жұлдыздар ішінде Мұстафа Шоқай бірегей орын алатынына арнайы тоқталады» дейді.

Ресей Ғылым академиясы Уфа ғы­лыми орталығының Тарих, тіл және әдебиет институтының жетекші ғылыми қыз­меткері Ахат Салихов Мұстафа Шоқай мен Ахмет Зәки Уәлиди туралы баяндады. Бұлар күрес жолында бас түйістірген түрік халықтарының ұлы перзенттері.

ҚР Орталық архивінің директоры, тарих ғылымдарының докторы Сәбит Шілдебай да Мұстафа Шоқай мен Ахмет Зәкидің эмиграциясындағы ортақ мүдде туралы баяндама жасады.

ҰҒА академигі Дихан Қамза­бекұлы бірнеше ұсынысын ортаға салды. «Мұс­та­фа Шоқайдың еңбектерін осы күнге дейін білім саласында жүйелеп, ғылыми айналымға енгізе алған жоқпыз. Бұл аса керек дүние. Екінші, Шоқайдың тілі деген мәселе. Көп еңбектері аударма екені белгілі. Бұл жерде біз ол кісінің тілін, ойын, пікірін бір жүйеге түсіріп алуымыз керек. Сондай-ақ әдебиетке, тарихқа қатысты ойлары, Қазақ пен Ресей қатынасы жайлы ойлары да көкейкесті» деп тағы біраз ұсыныстар айтты.

Әзербайжан ғалымы, филология ғы­лым­дарының докторы Абид Тахирли Мұстафа Шоқай қоныстап тұрған Бакудан үн қатты. Жары Мәриямен де сонда танысып, қауышқан. Әзербайжандық ұлт қаһармандарымен тығыз қарым-қа­тынаста болғаны жөнінде деректер жетерлік көрінеді.

Ресей Аймақтық мәселелер инсти­ту­тының бас директоры Дмитрий Журавлев М.Шоқайға қатысты салиқалы пікір білдірді. Кез келген тұлғаның со­ңын­дағы мұрасы саяси дүниелермен емес, мәдени құндылықтар қалдыра алуымен өлшенетінін алға тартты ол. «Бұл жерде мәдениет сөзі үлкен мағынасында, ұлттық мәдениет құру тұрғысында. Оның ішіне білім, өнер, тағы басқа құндылықтардың бәрі енеді. Мәселе ұлттық қоғам құруда, мемлекет емес. Осы тұрғыдан келгенде М.Шоқай ұлт зиялысы ретінде де, саяси қайраткер ретінде де ұлттық мәдениет пен қоғам қалыптастырудың үлгісін жасай алды. Және әлемдік саясатқа сонысымен ықпал ете алды. Азия, Шығыс Азия елдеріне Түркістан идеясы атты жалпы түсінік қалыптастырып кетті. ХХ ғасырда ғана емес, ХХІ ғасырда да түрік халықтарының тағдырын ортақ­тастыра алатын идея көтергені одан да маңыздырақ. Оның есімі түрік ха­лық­тары тарихында ғана қалмайды. Ресей тарихында да қалары анық» дейді Дмитрий Анатольевич.

Конференция шоқайтану ғылымының жаңа баспалдақтарына жол ашқанымен қатар, бұл саланы әлі де болса тереңірек қаузай түсу керектігін көрсетті.

Конференция аясында Ұлттық ака­демиялық кітапхана қорындағы Мұстафа Шоқайға қатысты еңбектерден та­қы­рыптық көрме ұйымдастырылды. Көр­меге шоқайтанушы ғалымдардың ғы­лыми еңбектері, кітаптары мен бас­пасөз бетінде жарық көрген мақа­лалары қойылды. Сонымен бірге Ұлттық мұ­рағат қорындағы Мұстафа Шоқай қол­жазбаларының көшірмелері де көпшілік назарына ұсынылды.

п