Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық-насихат тобының Солтүстік Қазақстан облысына сапары кезінде біздер “Қазақстан инжиниринг” ҰК құрамына кіретін “Петропавл ауыр мәшине жасау зауыты” АҚ еңбек ұжымымен кездескен едік.
Нарықтық экономикаға өтудің қиын кезеңінде “ПАМЗ” АҚ өзінің өндірістік әрі кадрлық әлеуетін сақтап қана қоймай, өндірісті әртараптандырып, шетелдің алдыңғы қатарлы компанияларымен байланыстар орната алды. Кәсіпорынның 1998 жылы қайта құрылғаннан кейінгі таңдап алған мамандануы сол уақыттан бері өндіріс көлемін 12 есе арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда өндіріс орны бәсекеге қабілетті әрі экспорттық әлеуеті жоғары өнім шығарып отыр. 2009 жылы жалпы көлемі 2,9 млрд. теңгенің өнімін шығарды. 2008 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім көлемі 176,0 %-ды құрады. Өндірілген өнімнің ішінде үлес салмағы бойынша алдыңғы орынды мұнай-газ кешеніне қажетті жабдықтар алады, 2009 жылы мұндай жабдықтар 2,1 млрд. теңгеге шығарылған.
2009 жылы темір жол кешеніне арналып шығарылған жабдықтар көлемі 2008 жылмен салыстырғанда, 10,4 есеге өскен, қазіргі кезде жалпы сомасы 663,4 млрд. теңгені құрайды.
Сөйтіп, бүгінгі таңда кәсіпорында көпсалалы мәшине жасау өндірісін еркін нарық жағдайында тиімді дамытудың барлық алғышарттары жасалып отыр. Елбасы Жолдауында атап көрсетілгеніндей, өндірістің бүгінгі қуаты, жоғары білікті мамандардың болуы, техникалық қайта жарақтаудың бірінші кезеңін сәтті аяқтау – осының барлығы “ПАМЗ” АҚ нарықтық экономика жағдайында бәсекеге қабілетті екендігінің нақты кепілі.
Дегенмен, өндіріс орнының алдағы уақытта да белсенді дамуына тосқауыл болатын факторлардың бар екендігін айта кету керек, бұл мәселелерді мемлекеттің қолдауынсыз шешу мүмкін емес.
Қазақстандық қамтудың үлесін арттыру, бірінші кезекте, техниканың жаңа түрлерін жасау мен игеруге тікелей байланысты, ал бұл үшін технологиялар трансферті керек немесе ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) жүргізу қажет. Екі процедура да қомақты қаржы бөлуді қажет етеді, ал тәжірибелік үлгіні өндірістік талаптарға сәйкестендіру үшін бірнеше жыл уақыт керек.
Осы мақсатта, өндіріс орнында 2010-2014 жылдарға арналған келешек дамудың “Бизнес-жобасы” жасалған. Ол мына мақсаттарды көздейді: “Экономиканың түрлі салаларына қажетті, әлемдік рынокта бәсекеге қабілетті болатын құрал-жабдықтарды шығарумен айналысатын осы заманғы мәшине жасау өндірісін дамыту. Кәсіпорынның әлеуметтік-экономикалық және қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету”. Ал жобаны жүзеге асыруға қажетті қаржының көлемі 4 035,0 млн. теңгені құрайды.
Екіншіден, Елбасының Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасын дамытудың негізгі жолдары ретінде келесідей басым бағыттар айқындалған:
– ғылыми-зерттеу жұмыстарын жеделдету мен конструкторлық қызметті дамыту;
– отандық және шетелдік ғылыми әзірлемелерді жасау және өндіріске енгізу жөніндегі жобалау ұйымдары мен конструкторлық бюролардың жүйесін құру.
Бүгінгі таңда аздаған қазақстандық кәсіпорындар ғана өз конструкторлық құрылымдарын сақтап қала алды. Мұндай құрылымдар аз әрі оларда осы заманғы бәсекеге қабілетті бұйымдар шығарумен айналысатын жоғары білікті мамандар жоқтың қасы. Ал қазіргі рынок шығарылатын өнім түрлерін үнемі жетілдіріп отыруды және жаңа технологияларды құрастыруды талап етеді. Осы орайда жоғары білікті мамандары бар толыққанды конструкторлық бюроларды тек мемлекеттік қолдаудың арқасында ғана құруға болатынын атап айтқан абзал.
Соның өзінде конструкторлық бюролар жаңа техника әзірлеуде тәжірибесі бар, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен аймақтық ғылыми орталықтардың жанынан ашылуы керек. Мұндай талаптарға “Петропавл ауыр мәшине жасау зауыты” АҚ толық жауап береді.
Соңғы екі жыл ішінде кәсіпорын өз қаржысы есебінен және банктерден алынған заемдық қаржылар есебінен сапалық түрде мүлде жаңаша әлеуетке ие болды, оның ішінде өндірісті техникалық қайта жарақтаудың 1 кезеңі жүзеге асырылды.
Кәсіпорынның кейінгі дамуын ғылымды қажет ететін күрделі техника жасауды қаржыландыруға мүмкіндік бермейтін осы күнгі қаржылық-несиелік жүйе (банктердің жоғарғы сыйақы мөлшерлемелері, қажетті кепілдемелердің жоқтығы) мен өзінің айналымдағы қаражатының болмауы тежеп отыр.
Осы айтылған жәйттерге орай, бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын ашу мақсатында, заманауи мұнай-газ саласының құрал-жабдықтарын өндіру мен сатудың көлемін арттыру үшін, оның ішінде экспортқа шығару мүмкіндіктерін ұлғайту мақсатында “ПАМЗ” АҚ жобаларын жүзеге асыруға Үкімет қолдау көрсетсе ұтымды болар еді дегенді баса айтқымыз келеді.
Ерболат ӘБСӘЛЯМОВ, Мәжіліс депутаты.