Алғашқы сапар Батыс Қазақстан облысынан басталды. Мұнда ірі мұнай-газ конденсаты кен орындарының бірі – Қарашығанақ орналасқан. Осы кен орнынан өндірілетін газ қазақстандық ресурстың басым бөлігін құрайды және елдің батысында газ тасымалдау инфрақұрылымының ірі объектілері жұмыс істейді.
Облыс әкімі Ғали Есқалиевпен кездесуде өңірдің транзиттік әлеуетін дамыту және тауарлық газдың ресурстық базасын арттыру мәселелері талқыланды.
Қарашығанақ кен орнынан ішкі нарық үшін тауарлық газ көлемін ұлғайту, сондай-ақ ілеспе газдың қосымша көлемін қайта өңдеу саласындағы ынтымақтастық мәселелері «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының басшылығымен кездесуде жан-жақты сөз болды.
Санжар Жаркешовтің Чинаревское мұнай-газ конденсат кен орнын игеріп жатқан «Жайықмұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығымен кездесуінде де осы мәселелер көтерілді. Сондай-ақ әңгіме өңір мен елдің тұтынушылары үшін тауарлық газ өндірісінің көлемін ұлғайту мәселелеріндегі ынтымақтастық перспективалары туралы болды.
– Қазақстанда газ тұтыну көлемі жылдан-жылға өсіп отыр. Алайда, газ өндіру қарқыны бұл өсімге сәйкес келмейді. «QazaqGaz» Ұлттық компаниясының алдына Мемлекет басшысы тарапынан қойылған негізгі басым міндет – газдың ресурстық базасын ұлғайту. Сондықтан да кездесулер барысында Орал өңірінің тұтынушыларына және ішкі нарыққа қажет тауарлық газдың көлемін, газ өңдеу көлемін артыру бойынша әріптестік мәселелері талқыланды, – дейді «QazaqGaz» Ұлттық компаниясының басшысы.
Сапар барысында Санжар Жаркешов «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның «Орал» компрессорлық стансасы (КС) мен «Орал» 1-автоматты газ тасымалдау стансасына (1-АГТС) барды. 11 газ айдау агрегаты бар «Орал» КС жылына 9 млрд текше метрден астам табиғи газды тасымалдауды жүзеге асырады. Қуаты 170 текше метр/сағ АГТС-1 Орал қаласы мен оған жақын елді мекендердің тұрғындары мен кәсіпорындарын газбен тұрақты жабдықтауды қамтамасыз етеді. Ұлттық компания басшысы өндіріс объектілеріне барып, Батыс Қазақстан облысының магистралдық газ тасымалдау жүйесінің объектілері мен жабдықтарын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі жұмыс жоспарымен танысты. Осы өңір аумағы арқылы өтетін «Союз», «Орынбор – Новопсков», «Орта Азия – Орталық» магистралдық газ құбырлары арқылы табиғи газ тасымалдауды «Орал» магистралдық газ құбырлары басқармасы жүзеге асырады. Станса жұмыскерлерімен өндіріс, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және әлеуметтік-еңбек қатынастарына байланысты мәселелер талқыланды.
Санжар Жаркешов Орал газтурбиналық стансасына (ОГТЭС) да барды. Кәсіпорын пайдаланатын газды «QazaqGaz» жылына 170 млн текше метр көлемінде жеткізеді. Станса облысқа қажетті электр энергиясының бестен бір бөлігін өндіреді және Орал қаласының жаңа шағын тұрғын аудандарын жылумен қамтамасыз етеді.
«QazaqGaz» басшысының сапары «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның «Инженерлік-техникалық орталығына» барумен аяқталды. Бейінді мамандар жұмыс істейтін орталық қазіргі заманғы жабдықтармен жабдықталған және газ индустриясы үшін диагностикалық қызметтердің кең спектрін орындай алады.