Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Әлеуметтік мәселе табиғи өсімді тежейді
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының биылғы 1 ақпандағы мәліметіне сәйкес елімізде 19 143 243 адам өмір сүреді. Жер аумағы 2 725 000 шаршы шақырымды алып жатқан мемлекет үшін бұл көрсеткіш тым аз екені айтпаса да белгілі жайт. Сондықтан тоғызыншы территорияны тұрғындармен толтырып, замана сынына төтеп беру үшін де ең алдымен табиғи өсімді назарға алған жөн дер едік. Алайда табиғи өсім болуы үшін адам баласына қолайлы жағдай, сапалы орта қажет. Біз айтып отырған қолайлы жағдай қалыптастыру мәселесі әуелі балабақшадан басталады. Балақайларды бағатын ұйымдарда тапшылық болмаса һәм оның қолжетімділігі назарға алынса, ұрпақ саны да арта түсер еді. Әлеуметтің әуелгі сұранысы осы.
Соған қарамастан балабақша тапшылығы күн тәртібінен түскен жоқ. Әсіресе мемлекеттік балабақшалардың саны азайып барады. Ал жекеменшік балабақшаның ақысын кез келген ата-ананың қалтасы көтермейді. Әрине, мемлекеттік тапсырысты орындайтын мектепке дейінгі білім беру ұйымдары да бар. Алайда ондай балабақшалардың басым көпшілігінің ауласы тар, санитарлық жағдайы күмәнді. Ол аз десеңіз, сәт сайын әлеуметтік желіні дүрліктіріп, баланы ұрып-соғып жататын тәрбиесіз тәрбиешілер тағы бар. Сондықтан ата-ананың басым бөлігі мемлекеттік балабақшаның болғанын қалайды.
Бір қызығы, мемлекеттік балабақшалар салынады деп белгіленген жер учаскелеріне кейін жекеменшік балабақшалар салына бастады. Бұл жең ұшынан жалғасқан жемқорлық па, жоқ әлде құзырлы органдардың шарасыздығы ма? Мәселен, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 1 244 190 адам тұрып жатыр. Бұл көрсеткіш жыл санап арта түспесе, кемімейтіні анық. Өкінішке қарай, тұрғындардың саны артқанымен, әлеуметтік нысандардың, әсіресе мемлекеттік балабақшалардың саны тиісті деңгейде арта қойған жоқ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтарда отандық бизнес өкілдерімен кездесуі кезінде «Қағаз жүзіндегі әлеуметтік-экономикалық мәселе мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейді», деген болатын. Расымен де, жыл басындағы «Қасіретті қаңтар» оқиғасында от осындай түйіні тарқамаған түйткілді әлеуметтік мәселелердің салдарынан тұтанған болатын. Алайда одан сабақ алып, тұрғындар талабын елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ.
Жуырда елорда тұрғындары осы мәселе бойынша Бейбітшілік көшесінің бойындағы Жанұя отбасы институтын қолдау орталығында дөңгелек үстел өткізбек болды. Алайда бастамашыл топтың шақыртуына қалалық білім басқармасының қызметкерлері мен БАҚ өкілдері ғана құлақ асқан секілді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкеновті де, Есіл ауданының әкімі Асылбек Есенбаевты да, шаһар әкімдігіне қарасты «Қалалық жылжымайтын мүлік» ШЖҚ, «Астанагенплан» НИПИ» ЖШС өкілдерін де кездестіре алмадық.
– Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының аумағында 430 мектепке дейінгі білім беретін ұйым бар. Соның 99-ы мемлекеттік балабақша болса, 314 балабақша мемлекеттік тапсырысты орындайды. Мемлекеттік тапсырыстан тыс жұмыс істейтін жекеменшік 326-ға жуық балабақша тағы бар. Осы 430 балабақша бас-аяғы 56 мыңнан астам баланы қамтып отыр. Ал кезекте тұрған 1-6 жас аралығындағы балалардың жалпы саны 49 мыңға жуықтайды. Бұл кезек бір немесе бірнеше балабақшаға қатысты емес. Қала аумағындағы жалпы жағдай бұл. Есесіне ата-ана бір балабақшаның ғана кезегін күтіп, босаған орынға телміріп отырмайды. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде ата-ана мекенжайына қарамастан баласын өзіне ыңғайлы кез келген мемлекеттік немесе жекеменшік балабақшаға орналастыра алады. Бұрынғыдай мекенжайға «байлап қою» деген жоқ. Бұл ата-ана үшін өте ыңғайлы. Мәселен, сіз бір жерде тұрып, жұмысты келесі бір жерде істейсіз делік. Сізге баланы жұмыстан шыққан соң алып кету ыңғайлы болуы мүмкін. Бұл ретте, балаңызды міндетті түрде үйдің маңындағы балабақшаға емес, жұмыс орныңыздың тұсындағы балабақшаға де беруіңізге болады, – деді Нұр-Сұлтан қаласындағы білім басқармасының мектепке дейінгі білім беру бөлімінің бас маманы Рената Абайқызы.
Мемлекеттік балабақша салынуы керек еді...
Алайда Ұлы дала мен Қасым Қайсенов және Бұқар жырау мен 38-ші көшелерінің бойында орналасқан «Арнау» тұрғын үй орамының, сондай-ақ онымен көршілес «Қамал», «Адал», Nova city, Nura Esil, «Әлем» және «Алан» тұрғын үй алаптарының тұрғындары Нұр-Сұлтан қаласының басшылығынан «Арнау» тұрғын үй орамындағы кварталішілік кеңістік құрылысының жоспарын қайта қарауды сұрап отыр. Үндеу жасағандардың айтуынша, тұрғын үй орамының ішінде салыстырмалы түрде шағын жер учаскесі бар. Онда әкімдіктің 2014 жылғы 11 наурыздағы №120-364 қаулысына сәйкес әрқайсысы 300 орындық екі қабатты балабақша салу жоспарланған еді. Көп адамдар үшін бұл осы ауданда пәтер сатып алудың шешуші факторына айналды. Алайда алданып қалған адамдардың айтуынша, 7 жылдан кейін қандай да бір қоғамдық тыңдау, талқылау, әлеуметтік зерттеу, сауалдама жүргізілместен аудан жоспарына түзету енгізіліп (әкімдіктің 2021 жылғы 30 маусымдағы №510-2315 қаулысы), осы жер учаскесінің жартысында 340 орындық төрт қабатты жекеменшік балабақшаның құрылысы басталды. Ал бос тұрған екінші бөлігінде 1 200 орындық бес қабатты жеке мектеп салу жоспарланғаны белгілі болды. Дегенмен осы ауданда бірде-бір мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру мекемесі жоқ.
Осыған байланысты тұрғындар елорда басшылығынан аталған учаскеде жекеменшік балабақша салуды тоқтатып, ол орынды мемлекет мұқтажы ретінде мемлекеттік балабақшаның құрылысына арнап алып қоюды сұрап отыр. Сондай-ақ жер учаскесінің екінші жартысының нысаналы мақсатын қайта қарауды және жеке мектептің орнына тағы бір мемлекеттік балабақша салуды сұрайды. Олай болмаған жағдайда, учаскені екіге бөлмей, орын саны көп бір балабақша тұрғызуды талап етуде.
Жоғарыда аталған аудандар мен тұрғын үй орамдарында мектеп жасына дейінгі балалар саны өте көп. Сондықтан қолжетімді жерде балабақшалар болуға тиіс. Жекеменшік емес, мемлекеттік балабақшалар болғаны дұрыс. Себебі көптеген отбасының, әсіресе 2 және одан да көп бала тәрбиеленетін шаңырақтардың кірісі балақайларды жекеменшік балабақшаларға орналастыруға мүмкіндік бермейді. Ал кейбір отбасылардың тіпті мемлекеттік дотациямен жекеменшік балабақшалардағы орындар үшін де ақы төлеуге мүмкіндігі жоқ. Шағын жер учаскесінде төрт және бес қабатты нысандар тұрғызу әрекеті тұрғын үй орамын одан сайын тығыздай түсетінін де ұмытпаған жөн.
«Қаражатты қалтамыз көтермейді...»
– Бүгін біз ата-ана ретінде Ұлы дала даңғылының, 38-ші, Бұқар жырау көшелерінің бойына жекеменшік балабақша салдырмау үшін жиналып отырмыз. Мемлекеттік балабақша салуға арналған жерге жекеменшік балабақша салынып жатыр. Бүгінде балаларымыз мектепке дейінгі білім беретін ұйымның бірде-біріне барып жүрген жоқ. Себебі баланы алыс жердегі балабақшаға апарып, алып келу бізге қиынға түседі. 2014 жылы қалалық әкімдік жер учаскесін балабақша салу үшін бөлген болатын. Кейін, салынып жатқан балабақшаның мемлекеттік емес, жекеменшік екенін маңдайша жазудан көріп, білдік. Ал ауданымыздағы жекеменшік балабақшалар құны өте қымбат. Оны қалтамыз көтермейді. Білім басқармасының өкілдері болса, 2017 жылдан бері мемлекеттік балабақшалар салынбайтынын айтып жатыр. Неге салынбай жатыр деген сауалымыздың жауабын өздері де білмейді, – деді Амангүл есімді ана.
Әрине, әрбір ата-ана ұрпақ өрбіту, баспана алу кезінде баласының болашағын ойлайды. Үйге жақын балабақша болса дейді. Алайда пәтер сатып алар кезде маңайда мемлекеттік балабақша болады деп алданып қалған жалғыз жан Алмагүл емес. Елорда аумағында ондай ата-аналардың қатары көп.
– Үш бала тәрбиелеп отырған отбасымыз. Үшінші балам балабақшаға бара алмай, үйде отыр. Себебі ересек екі қызымды ай сайын 110 мың теңге төлеп оқытамын. Ал үшіншісін балабақшаға беру үшін кем дегенде тағы 50 мың теңге төлеуім қажет. Ондай қаражатты қалтамыз көтере алмайды. Сондықтан біздің бүгінгі жанайқайымыз мемлекеттік балабақшаға байланысты болып отыр. Біз үй алар кезде «Арнау», «Қамал» тұрғын үй кешендерінің аумағында бір емес, екі мемлекеттік балабақша салынуға тиіс еді. Алайда жуырда осы мемлекеттік балабақша салынатын орынға жекеменшік балабақша мен жекеменшік мектеп тұрғызылатынын естіп, алданып қалғанымызды анық ұғындық. Үкілеген үмітіміз үзіліп, көңіліміз су сепкендей басылды. Өздеріңіз білетіндей, елордада мектепалды даярлық мәселесі білім ошағы қабырғасында қарастырылмаған. Балақайлар балабақшада немесе жекеменшік ұйымдарда тәрбиеленеді. Солай бола тұра, мемлекеттік балабақшалар мәселесі әлі де болсын шаш етектен. Жекеменшік балабақшаға орналастыра алмаған ата-ана баласын мектепалды дайындықсыз бірден мектепке беруге мәжбүр, – деді Елвира есімді ана.
Қазақта «бала – тапқандікі емес, баққандікі» деген сөз бар. Ендеше, сол бала мемлекеттік балабақшада тәрбиеленіп, мемлекет оқытса, мемлекет қанаттандырса, ол ұрпақ күні ертең ең алдымен өзін өсіріп жеткізген мемлекетке қызмет етпей ме? Ертеңіне елеңдеген ел осыны ескерсе, балаларды жекеменшікке жаутаңдатпай, өзі-ақ бағып-қағар еді. Әзірге бұл ата-ананың арман-қиялы ғана. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» осыған құлақ асса дейміз.