Қазақстан • 11 Сәуір, 2022

БАҚ үшін ашықтықтың рөлі зор

574 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың төрағалығымен облыс­тар, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің қатысуымен ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

БАҚ үшін ашықтықтың рөлі зор

Отырыста Павлодар және Жамбыл облыстары әкімдіктері қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Жиын барысында министр биыл комиссия жұмысында өңірлерде «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңды сақтауға баса назар аударылатынын атап өтті. Осы мақсатта комиссия алаңында жыл бойы барлық жергілікті атқарушы органдар қаралмақ.

А.Омаров Жамбыл және Павлодар облыс­тары­ның әкімдіктеріне анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтарды жою және болдырмау жөніндегі 2022 жылға арналған іс-шаралар жоспарын бірлесіп әзірлеуді және бекітуді ұсынды. Сонымен қатар министр жиынға қатысушылардың назарын Президенттің 2022 жылғы 7 сәуірдегі «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына аударды. Бұл құжатта министрлердің өңірлерде халықпен тұрақты кездесулер өткізуі егжей-тегжей жазылған.

Кездесуде баяндама жасаған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Д.Қадыров «Ақ­паратқа қол жеткізу туралы» заң талаптарын жаппай және мүлтіксіз сақтау қажеттігін сөз етті.

Павлодар және Жамбыл облыстарының әкімдіктері үшін проблемалардың бірі – ресми сайттарындағы және «Ашық үкімет» порталындағы ақпараттың уақтылы жаңартылмауы. «Мысалы, азаматтарды қабылдау кестесі, байланыс деректері, статистикалық салалық деректер, бос жер учас­ке­лерінің болуы туралы ақпарат, тұрғындар үшін маңызды деректер сайтта жаңартылмайды», деп атап өтті Д.Қадыров.

Өңірлерге тән тағы бір мәселе – «Ашық үкімет» порталдарында ақпаратты орналастыру тәртібінің сақталмауы, сондай-ақ НҚА жобалары мен бюджеттік бағдарламаларды қоғамның талқылауы туралы хабарламалардың болмауы. «Сонымен қатар НҚА жобаларына келіп түскен пікірлер мен ұсыныстардың едәуір бөлігіне «Назарға алынды» деген сияқты формалды жауаптар беріледі», дейді Д.Қадыров.

Бұдан бөлек отырыста ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша уәкілетті тұлғалардың шала-пұла атқарылған жұмыстары сынға алынды. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдан бастап барлық мемлекеттік органдарға уәкілетті тұлғалар институты енгізілген болатын.

Жиында Павлодар және Жамбыл облыстарының әкімдіктеріне әлеуметтік желілер мен мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының блог платформасын жандандыру қажеттілігі ескертілді. Министрлік өкілі сөзінің соңында ашық отырыс­тарға қолжетімділікті қамтамасыз етудің, сондай-ақ БАҚ үшін ашықтықтың маңыздылығын атап өтті.