«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің директорлар кеңесі 2014-2023 жылдарға арналған даму стратегиясын бекітті.
Мемлекет басшысының Үкімет пен ұлттық холдингке жүктеген ауқымды әлеуметтік-экономикалық міндеттерді мүлтіксіз жүзеге асыру мақсатымен осынау ұзақ мерзімді құжат әзірленіп, мұқият пысықталды. Алайда, бұған кіріспес бұрын, холдингтің тоғыз айда атқарып шыққан жұмысына тоқталып өтелік. Алғашқы нәтижелер Үкімет басшысының қатысуымен өткен алқа мәжілісінде айтылды. Ол мәліметтерге сүйенсек, холдинг қысқа мерзім ішінде даму институттарының қызметін айтарлықтай жақсартқан. Былтыр «Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобы жылды рекордтық табыспен аяқтады. Табыс көлемі 35-40 млрд. теңге шамасында. Бұл көрсеткіш халықаралық аудиторлар тарапынан нақтыланған. «Бәйтерек» холдингінің басшысы Қуандық Бишімбаев атап өткендей, табыс деңгейі даму институттарының 2012 жылғы ортақ көрсеткішінен екі есеге дейін асып түскен. Айта кетерлігі, 2013 жылдың мамыр айында холдинг құрылған сәтте, жалпы табыс 6,5 млрд. теңге шамасында межеленген болатын.
Ең алғашқы жетістік ретінде Қазақстан Даму банкінің алдыңғы жылдары қордаланып қалған қайтарымсыз несиелерден тазартылуын айтуға болады. «Зиянды» баланстан арылған банк несиелік қызметін жандандыруға мүмкіндік алды. Былтырғы жылдың басынан биылғы наурыз айына дейін оның несиелік портфелі 32-ден 40 пайызға дейін ұлғайды. Келесі жылы индустриялық жобалары несиелендіруді жалғастыру және несиелік портфельдің көрсеткішін 55 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Холдингтің бастамасымен Қазақстан Даму банкі банкаралық несиелендіру бағдарламасын қолға алды. Бағдарлама аясында аталған банк еліміздің екінші деңгейлі банктерін, ал олар өз кезегінде өңдеу өнеркәсіптерін несиелендіреді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен бөлінген 30 млрд. теңге қазіргі таңда бес отандық банкке берілді. Бұған қосымша, бағдарламаны жүзеге асыруға Даму банкінің резервінен тағы 15 млрд. теңге бөлінген. Бағдарламаның 20 пайызын банктер өз қаражатының есебінен қаржыландырады. Қуанарлығы, «Бәйтерек» холдингі даму институттарында осы уақытқа дейін белең алған келеңсіз үрдістен арылып, қозғалыссыз жатқан қаражаттың экономикаға жұмыс істеуіне ұйытқы болды. Қазіргі таңда бұл бағдарлама бойынша 16 жоба мақұлданған.
Қазақстан Даму банкінің қызметінде холдинг құрамына кіргенге дейін қалыптасқан тағы бір түйткіл – жобаларды қарастыру мерзімінің тым ұзақтығы болатын. Үкімет тарапынан да, несие алушылар тарапынан да жиі көтеріліп келген бұл мәселе де шешімін тапты. Холдингтің жаңа менеджменті жүргізген сараптама нәтижесінде қажетсіз рәсімдер жойылып, жобаларды қарастыру мерзімі 85 күннен 52 күнге дейін қысқартылған.
Қазақстан Даму банкі балансындағы қайтарымсыз қарыздар холдинг құрамындағы түйткілді жобаларды сауықтырумен айналысатын тағы бір еншілес мекеме – Қазақстан инвестициялық қорының құзыретіне өтті. Қысқа мерзім ішінде холдингтің жаңа басшылығы даму институттарындағы қайтарымсыз несиелер бойынша мемлекет активтерін өндіруге қол жеткізді.
Даму институттарының инвестициялық белсенділігі тұрғын үй құрылысы саласында да артып келеді. FitchRatings халықаралық рейтинг агенттігі «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының операторы Қазақстан ипотекалық компаниясының ұзақ мерзімді рейтингін көтерді.
Екінші деңгейлі банктер ипотекалық несиелерді барынша шектеген шақта, Қазақстан ипотекалық компаниясы активтердің табыстылығын арттыру үшін 2013 жылы ипотекалық қаражат қоржынын 50 млрд. теңгеге жеткізді. Нәтижесінде, пайыздық табыстар 9,7-ден 11,6 пайызға дейін өсіп, компанияның ссудалық портфелі екі есеге ұлғайды. Егер соңғы 3 жыл ішінде несиелендіру үстемесі 9,4-11,5 пайыз аралығында болса, компания «Бәйтерек» холдингінің құрамына енгеннен кейін, өткен жылдың қазан айынан бастап 8-8,5 пайыз мөлшерінде тұрақталды.
Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі де салымшыларына 61,2 млрд. теңге несие бөліп, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына өзіндік үлес қосты. Мемлекет басшысының сынына орай банк операциялық шаралар мен тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын көтеруге бағытталған бастамаларды қолға алды. Нақтылар болсақ, банк басшылығы мен олардың жақындарының «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына қатысуы доғарылды. Алыпсатарлық әрекеттерге тосқауыл қою үшін тұрғын үй салымдары туралы келісімдерді бөтен тұлғалардың атына қайта ресімдеуге тыйым салынды. Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасы бойынша банк комиссиясы орта есеппен 30 пайызға арзандатылды.
Енді «Бәйтерек» холдингінің стратегиясына көшсек. Директорлар кеңесі бекіткен құжат 2014-2023 жылдарға, яғни таяу онжылдыққа есептелген. Айта кетерлігі, құжат Елбасының бастамасымен қабылданған «Қазақстан-2050» Стратегиясын қазіргі күннен бастап жүзеге асыруға бағытталған. Холдингтің миссиясы – экономиканың басым бағыттарын қаржыландыру және қолдау арқылы мемлекеттік саясат пен әлеуметтік бағыттағы міндеттерді орындау, сондай-ақ «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу.
Осыған сәйкес бес стратегиялық даму бағыты белгіленіп отыр. Бірінші, экономиканың басым бағыттарына қаржылық қолдау көрсету арқылы ел экономикасының тұрақты дамуына ықпал ету. Екінші, шағын және орта бизнесті қолдау. Үшінші, экономиканың заманауи салалары мен инновацияны дамыту. Төртінші, қазақстандық компаниялардың экспорттық қызметіне қолдау көрсету. Бесінші, мемлекеттің әлеуметтік бағыттағы міндеттемелерінің орындалуына ықпал ету.
Экономиканың негізгі секторларына қаржылық қолдау көрсету жөніндегі бірінші басымдық бойынша холдингтің негізгі міндеті – өзінің еншілес мекемелерінің инвестициялық және несиелік белсенділігін арттыру. Несие бөлу және тікелей инвестициялау арқылы қаржыландыру ауқымын арттыру жұмысы Қазақстан даму банкі, Қазақстан инвестициялық қоры, «Қазына капитал менеджмент» арқылы жүзеге асырылады.
Инвестициялық белсенділікті арттыру үшін холдингтің даму стратегиясында келесі мақсатты индикаторлар белгіленген. Бірінші, былтырғы жыл қорытындысы бойынша 816 млрд. теңгеге бағаланған несиелік портфель ауқымын 2023 жылға қарай 6 619 млрд. теңгеге жеткізіп, 8 есеге дейін өсіру. Екінші, өткен жыл қорытындысы бойынша 23 млрд. теңгеге бағаланған инвестициялық портфель ауқымын 2023 жылы 335 млрд. теңгеге жеткізу. Үшінші, инвестициялық және несиелік портфель өсіміне сай холдинг активтерінің елдің ішкі жалпы өніміндегі үлесін былтырғы 5,6 пайыздық көрсеткіштен 2023 жылға қарай 7 пайызға дейін ұлғайту. Осылайша, холдинг өзінің экономиканы дамытудағы рөлін арттыруға ұмтылмақ. Салыстырар болсақ, Қытайда ішкі жалпы өнімдегі Даму банкі активтерінің үлесі – 14,5, Бразилияда – 15,3, Кореяда 13 пайызды құрайды.
Стратегияның екінші басымдығы – шағын және орта бизнесті қолдау. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін қазіргі 18 пайыздан 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу туралы міндет қойғаны белгілі. Холдинг құрамында бұл сала үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жауапты. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының қаржылық агенті ретінде қор қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын күшейтпек. Бұл бағытта кепілдеме беру, пайыздық үстемелерді субсидиялау, экономиканың басым секторларына жеңілдетілген несиелер беру, консультациялық қызмет көрсету және кәсіпкерлерді оқытып, біліктілігін арттыру сынды қолдау құралдары бар. Осынау кешенді шараларды жүзеге асырып, шағын және орта кәсіптің ел экономикасындағы үлесін арттыру үшін аталмыш бағыт бойынша холдинг келесі мақсатты индикаторларды белгілеп отыр.
Бірінші, шағын және орта бизнесті қаржылық қолдау ауқымын 2013 жылғы 236 млрд. теңгелік көрсеткіштен 2023 жылы 583 млрд. теңгеге дейін арттыру. Екінші, бизнесін ашқан кәсіпкерлерді оқу бағдарламасымен қамту ауқымын былтырғы 8 пайыздық көрсеткіштен 2023 жылы 25 пайызға дейін жеткізу. Стратегияның тағы бір маңызды бағыты – инновацияны дамыту және экспортты қолдау. Инновациялық бастамаларға грант бөлу, технологиялар трансферті, технологиялық бизнес-инкубатор сынды құралдар арқылы қолдау қарастырылған. Стратегиялық технологияларды дамыту үшін кең ауқымды қолданбалы ғылыми зерттеулерге отандық ғылым өкілдерін тартып, мұндай жобаларды бизнеспен бірлесіп қаржыландыру жоспарланған.
Экспортты қолдау үшін холдинг өзінің еншілес мекемесі «Қазэкспортгарант» арқылы экспорттық операцияларды сақтандыру жұмысын жалғастырып, экспортқа ұмтылған кәсіпорындарды қаржыландыру бағдарламасын енгізу арқылы сақтандыру өнімдерінің ауқымын кеңейтпек. Осыған сәйкес, қазақстандық экспорттаушылардың шикізатқа жұмсаған шығындарын шетелдік импорттаушылар сол өнімді саудалық қаржыландыру құралдарын пайдалана отырып, несиеге сатып алу арқылы өтей алады. Яғни бұл бағытта да экспорттаушылар үшін ең бастапқы кезеңнен ақырына дейін сүйемелдеу әдістері толық қамтылған.
Аталмыш бағытта келесі көрсеткіштер межеленген. Бірінші, қолдау шаралары арқылы шығарылған өнім көлемін 2023 жылға қарай 13 млрд. теңгеге жеткізу. Екінші, 2023 жылы коммерциялық жобалар үлесін қазіргі 14 пайыздық көрсеткіштен 30 пайызға дейін өсіру. Мысалы, қазіргі таңда бұл салада ең жоғары жетістікке қол жеткізген Израильде бұл көрсеткіш 30 пайыз шамасында екен. Үшінші, шикізаттық емес экспорт үлесін қазіргі 1,5 пайыздық көрсеткіштен 2023 жылы 3 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Холдингтің бесінші стратегиялық даму бағыты – ел Үкіметінің әлеуметтік бағыттағы міндеттемелерінің орындалуына ықпал ету. Бұл басымдықты орындауда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен Қазақстан ипотекалық компаниясының рөлі ерекше. Олар тұрғын үй құрылыс жүйесін одан әрі дамыту, ипотекалық нарықты қолдау және баспананы келешекте сатып алу құқымен жалдау жүйесін дамыту үшін жауапты.
Бұл бағыт бойынша келесі мақсатты индикаторлар айқындалған. Бірінші, экономикалық белсенді азаматтардың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі үлесін 2013 жылғы 4 пайыздық көрсеткіштен 2023 жылға қарай 17 пайызға ұлғайту. Екінші, пайдалануға берілген жалдамалы баспана көлемін 2023 жылы 615 мың шаршы метрге жеткізу. Үшінші, 2023 жылға дейін жыл сайын екінші деңгейлі банктерден 8 млрд. теңгенің ипотекалық несиелерді талап ету құқын сатып алу. Ең маңыздысы, «Бәйтерек» холдингінің стратегиясы даму институттарының синергиясын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл тұрғыда, әсіресе, инвестициялық қызметті үйлестіруге және оңтайластыруға ерекше мән беріліп отыр.
Жалпы, стратегия холдингтің директорлар кеңесі, соның ішінде оның тәуелсіз мүшелері тарапынан толық қолдау тапқанын айта кету керек. Олардың ішінде Еуропа қайта құру және даму банкінің бесінші президенті Томас Миров, Сингапур үкіметі жанындағы Орта және шағын бизнесті дамыту агенттігінің төрағасы Филип Йео, Ernst&Young аудиторлық компаниясының басқарма мүшесі Клаус Мангольд сынды халықаралық аренада белгілі тұлғалар бар. Директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшелері холдинг стратегиясының сапасына жоғары баға беріп, құжаттың нақты нәтижелерге бағытталғанын атап өтті.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».